18 қыркүйек күні Семей мемлекеттік медицина университетінде Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасына қарасты Парламентаризм институты, Парламентаризмді дамыту қоры, Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі, ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисі және Абай облысының мәслихатының ұйымдастыруымен елімізде тұңғыш рет бес аймақтың мәслихат депутаттарына арналған ауқымды тренинг өтті.
Депутаттардың кәсіби деңгейін арттырып, оларға әдістемелік қолдау көрсету мақсатында Сенат пен мәслихаттар арасындағы ынтымақтастық жоспары аясында ұйымдастырылған тренингке Шығыс Қазақстан, Павлодар, Алматы және Жетісу облыстарынан келген халық қалаулылары қатысты.
Парламентаризм институты директорының орынбасары Ляззат Сүлеймен өз сөзінде заңнаманы жетілдіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу халықтың өмір сүру сапасын арттырудың басты шарттарының бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар ол Қазақстан Президентінің Жолдауындағы негізгі басымдықтарға тоқталып, соңғы жылдары атқарылған реформалар аясында қоғамдық бақылауды күшейту, адам саудасымен күрес, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және халықтың қарыз жүктемесін азайту бойынша бірқатар маңызды қадамдардың жасалғанын баса айтты. Бұдан басқа балаларға қарсы зорлық-зомбылыққа жазаның күшейтілгенін және білім беру мекемелері мен ойын алаңдарында балаларды қорғауға бағытталған жаңа нормалардың енгізілгенін жеткізді.
Ляззат Жаңылысқызы сондай-ақ әлеуметтік саясат мәселелеріне тоқталып, халықтың қарыз ауыртпалығын азайтуға бағытталған заңдардың маңыздылығын атап өтті. Қаржылық тәуекелдер өсіп келе жатқан жағдайда, бұл шаралар қоғам үшін ерекше маңызды болып табылады. Институт директорының орынбасары тренингке қатысушыларды жергілікті билік органдарымен белсенді ынтымақтастыққа және азаматтарға жаңа мемлекеттік бастамалар туралы ақпарат беруге шақырды, өйткені бұл бірлескен жұмыс мақсаттарға қол жеткізіп, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға көмектеседі.
Сонымен қатар тренингке қатысушыларға Сенат Парламенті депутаты Айнұр Арғынбекова, Абай облысының мәслихат төрағасы Қуаныш Сүлейменов және ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің өкілі Әсел Қаратаева да құттықтау сөз сөйледі. Олар мәслихаттардың рөлін нығайту және олардың жергілікті саясатқа әсерін арттыру мақсатында осындай іс-шаралардың маңыздылығын атап өтті.
Парламентаризмді дамыту қорының президенті Зауреш Баталова мәслихаттардың қызметін нормативтік-құқықтық қамтамасыз ету туралы баяндама жасады.
Парламентаризм институтының сарапшысы Меруерт Қабылбаева мәслихат депутаттарының Парламентпен өзара іс-қимылын айта келе, жергілікті өкілді органдардың халықпен байланыста негізгі рөл атқаратынын атап өтті.
Экологиялық мәселелер де назардан тыс қалмады. Эколог Кирилл Владимирович Осин әкімшілік аумақтардағы – аудандар, қалалар және облыстардағы экологиялық жағдайға қатысты мәселелерді және алдағы уақытқа арналған міндеттерді талқылады.
Тренинг аясында мәслихат депутаттары жергілікті кәсіпкерлікті дамыту мәселелерін де қарастырды. Q88 Тұрақты даму қауымдастығының сарапшысы Санжар Қазиев елді мекендерді абаттандыру, саябақтар мен скверлерді салу стандарттары, көгалдандыру және архитектуралық шешімдер туралы баяндама жасап, төтенше жағдайлардың алдын алу шараларына тоқталды.
Сот жүйесі және құқық қорғау органдары орталығының сарапшысы Ш. Оңғаров өз баяндамасында өңірлердегі қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мәселелерін кеңінен талқылады. Ол құқық бұзушылықтардың алдын алу және құқық қорғау органдарымен ынтымақтастықты күшейту қажеттігін атап өтті.
— Қоғамдық тәртіп – қоғамның тұрақтылығы мен қауіпсіздігін сақтау үшін қабылданған ережелер мен нормалардың жиынтығы. Сатистикалық мәліметтерге сүйенсек, ағымдағы жылдың 6 айында елімізде 68992 оқиға тіркеліп, құқық бұзушылық деңгейі 4,9 пайызға, қылмыс 4,3 пайызға, теріс қылықтар 8,5 пайызға төмендегені байқалады. Дегенмен, аса ауыр қылмыстар деңгейі 32,9 пайызға өскен. Ата Заңымызға сәйкес, мәслихат депутаттары азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету жөніндегі өкілеттіліктерін жүзеге асырады. Әр депутатты өзі сайланған аумақтағы қоғамдық құқықтық тәртіпті сақтау мәселесі толғантуы тиіс. «Еліңді сүйсең ерлік жасайсың» демекші, ел сенімін ақтауда халық қалаулылары алда болулары керек!- деді Шырынбек Оңғаров.
Сонымен қатар Ш.Оңғаров қоғамдық қауіпсіздік шараларын нығайту және өңірлердегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсарту үшін құқықтық мәдениетті дамыту қажеттігін ерекше атап көрсетті. Сарапшы өңірлердегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың жақсаруы да құқық бұзушылықтардың азаюына тікелей әсер ететінін атап өтті. Құқықтық мәдениет қалыптастыру арқылы азаматтар тек өз құқықтары мен міндеттерін түсініп қана қоймай, қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуға өз үлестерін қосады.
Бұл тренинг мәслихат депутаттарының біліктілігін арттыруда маңызды қадам болды, ал оның қорытындылары билік органдарының барлық деңгейлерінде өзара іс-қимылды жақсартып, қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыруға ықпал етеді.
Елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылған бұл шара біздің өңірден бастау алды. Ұйымдастырушылардың айтуларынша, алдағы уақытта Қарағанды, Батыс Қазақстан, Түркістан облыстары мен Астана, Шымкент қалаларында өтеді деп жоспарланған.
Ай-Керім СӘРСЕНҚАЛИ, «Семей таңы»