БЕСҚАРАҒАЙ ЖЫЛҚЫЛАРЫ ҰЛТТЫҚ КӨРМЕДЕ ҮЗДІК ДЕП ТАНЫЛДЫ

Бесқарағай ауданының «Мукинов» шаруа қожалығының Байторы және Шойынқара жылқылары республикалық IV ат көрмесінде жүлделі бірінші орынға ие болды. Бұл – аудан үшін үлкен мақтаныш әрі қазақ жылқысына жаңа серпін беретін маңызды жетістік.

Аудан мақтанышына айналған Бесқарағай типтес Байторы мен Шойынқара аттары 2022 жылы «Бесқарағай» деп аталатын қазақы жылқының жаңа типін қалыптастыру арқылы дүниеге келді.» Генетикалық ерекшеліктеріне сәйкес, осы қылқұйрықтарға Шойынқара мен Байторы деген аттар берілді. Олардың басты қасиеттері – кез келген ауа райына төзімділігі, ірі денелі болуы және етті-сүтті бағыттағы өнімділігі. Тебіндегі айғырлары 700 келіге, биелері 600 келіге дейін салмақ қосады. Сонымен қатар, бұл жылқылар мініске де, жегіске де өте төзімділігімен ерекшеленеді.

Селекция жұмыстарына Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық университеті мен Семейдегі Шәкәрім университетінің ғалымдары белсенді қатысып, өз үлестерін қосты. Айта кетерлігі, қазақы жылқыларды будандастыру арқылы жаңа тип шығару ісі 1968 жылдан бастау алған және бүгінгі күнге дейін дамуын жалғастыруда.

Осы зор жетістікке үлес қосқан ғалымдар мен шаруа қожалығының басшысы Қабидолла Мукиновты шын жүректен құттықтаймыз! Бесқарағай типтес Байторы мен Шойынқара жылқыларының жеңісі – тек ауданның ғана емес, бүкіл елдің мақтанышы болып табылады.

«ББ» ақпарат

Мақаланы әлеуметтік желіге бөлісу
Біздің Бесқарағай