ҚАЗЫНАЛЫ ҚАРТТАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

1 қазан – Халықаралық Қарттар күніне орай Бесқарағай ауданында ардагерлерге арналған салтанатты қабылдау ұйымдастырылды. Іс-шара ауданның әсем табиғат аясындағы көрікті мекендердің бірі – «Елімай-ай» демалыс базасында өтті.

Мерекелік жиынға ауданға қарасты барлық елді мекендерден қазыналы қарттар шақырылып, құрмет көрсетілді. Шараға аудан әкімі Нұрбек Қошқарбаев, аудандық мәслихат төрайымы, аудан әкімінің орынбасарлары мен бөлім басшылары арнайы қатысып, ардагерлерді мерекемен құттықтады.

Аудан басшысы өз сөзінде қариялардың ел дамуына қосқан өлшеусіз үлесін ерекше атап өтті.

– Қариялар – біздің тірегіміз, ақылшы ұстазымыз, рухани қазынамыз. Сіздердің еңбектеріңіз бен өнегелі өмір жолдарыңыз – өскелең ұрпақ үшін үлгі. Сіздердің ақ баталарыңыз елге әрқашан демеу, – деді Нұрбек Қошқарбаев.

Сонымен қатар, демалыс орнының басшысы Сауле Несипхановнаға және демеушілік көрсеткен «Бепен» шаруа қожалығының жетекшісі Серік Переписұлына аудан атынан алғыс білдірді.

Мерекелік жиын барысында аудан өнерпаздары арнайы концерттік бағдарлама ұсынып, халық әндері мен әсем әуендер орындалды. Қариялар көтеріңкі көңіл-күйге бөленіп, әдемі мерекелік дастарханнан дәм татты.

Жиналған ақсақалдар мен аналар елдің бірлігі мен ынтымағы жайында жүрекжарды лебіздерін білдіріп, игі тілектерін жеткізді.

Қарттар күні – қазыналы қарияларға деген құрмет пен ізеттің мерекесі. Бесқарағай ауданында аталған игі дәстүр жалғасын тауып, аға буынға деген сый-құрметтің биіктігін тағы бір мәрте айқындады.

Мақаланы әлеуметтік желіге бөлісу
Біздің Бесқарағай