АУДАНДА ЖАҢА ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСУДА

Экотуризм және агробизнес

Бесқарағай ауданы ауыл шаруашылығы мен туризмді ұштастыра отырып, жаңа даму кезеңіне қадам басты. Аудан көлемінде экономиканы әртараптандыру, кәсіпкерлікті өркендету және экотуризмді дамытуға бағытталған бірқатар тың жобалар қолға алынуда.

Аудан әкімі Нұрбек Қошқарбаев, аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық мәслихат төрайымы, дербес бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдері іссапармен Старая Крепость ауылына барып, онда жергілікті кәсіпкер Наиль Маклаков жүзеге асырған балық шаруашылығы мен демалыс кешенінің жұмысымен танысты.

Жоба аясында алты жасанды тоған салынып, кемпірқосақ форелі, сібір бекіресі, сазан және тұқы секілді бағалы балық түрлері өсірілуде. Шаруашылықтың жылдық қуаттылығы – 100 тоннаға дейін өнім өндіру. Бұл тек аудан тұрғындарын ғана емес, өңір нарығын сапалы балық өнімдерімен қамтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, кәсіпкер туристер үшін барлық жағдай жасалған төрт демалыс кешенін іске қосқан. Мұнда бір мезетте 80 адамға дейін қабылдауға болады. Табиғат аясындағы демалыс орны экотуризмді дамытуға жол ашып, ауданға келетін қонақтар легін арттырмақ.

Аудан әкімі кездесуде бұл жобаның басты мақсаты – ауылдық округ әкімдеріне осындай үлгілік бастамаларды көрсетіп, өз аймақтарында да экотуризм мен агробизнесті дамытудың жолдарын қарастыру екенін атап өтті.

Іссапар барысында делегация «Қалиқанұлы» шаруа қожалығының жұмысымен де танысты. Қожалық 1 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартып, сүт фермасын кеңейткен. Нәтижесінде, 33 голштин және 124 симментал тұқымды ірі қара сатып алынып, өндірістік база нығайтылды. Сонымен қатар, шаруашылық заманауи 12 жаңбырлатып суару қондырғысын орнатып, егіншілікті жаңа деңгейге көтерді.

Ал «Титов» шаруа қожалығы құс өсіру ісін қолға алып, аудан тұрғындарын сапалы өніммен қамтуға үлес қосуда.

Бұл жобалар Бесқарағай ауданының экономикасын әртараптандырып қана қоймай, жергілікті халықты тұрақты жұмыспен қамтуға, ауыл шаруашылығын жаңа технологиялармен жабдықтауға және туризмді өркендетуге кеңінен жол ашуда.

Аудан әкімі атап өткендей, мұндай бастамалар ауыл шаруашылығы мен туризмді қатар дамытуға мүмкіндік беріп қана қоймай, өңірдің болашағына қосылатын зор үлес болмақ.

Мақаланы әлеуметтік желіге бөлісу
Біздің Бесқарағай