XXI ҒАСЫР КӨШБАСШЫСЫ

Қазақстан халықтарының Тілдер күні айлығына орай «Глуховка орта мектебі» КММ-де қазақ тілі пәнінің мұғалімі Ж. Серікқызы, орыс тілі пәнінің мұғалімі Г. С. Сайдуалиева және ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Е.Т.Тоқтаровтың бастамасымен 5–6 сынып оқушылары арасында «XXI ғасыр көшбасшысы» атты сайыс өтті.

Байқаудың мақсаты – оқушылардың қазақ, орыс және ағылшын тілдерінен алған білімдеріне сүйене отырып, дүниетанымдық көзқарастарын кеңейту және тіл үйренуге деген қызығушылықтарын арттыру.

Сайыс 4 кезеңнен тұрды: «Бәйге», «Полиглот», «Көкпар», «Дода». Алты қатысушы білім сайысында өз өнерін ортаға салып, көшбасшы атану үшін бар күш-жігерін көрсетті. Әділқазылар шешімімен «Көкпар» кезеңінен кейін ұпайы аз оқушылар келесі сынға өте алмады. Соңғы «Дода» кезеңінде үздіктер өзара тартысқа түсіп, білім бәйгесінің қорытындысында 5-сынып оқушысы Ернар Ренатұлы «XXI ғасыр көшбасшысы» атағына ие болды.

Жеңімпаз бен қатысушылар пән мұғалімдерінің атынан мадақтама қағаздары және сыйлықтармен марапатталды.

Еліміздің ертеңі – білімді жастардың қолында. Қай дәуірде де қоғамның қозғаушы күші жастар болған. Сондықтан елдің тұтқасын ұстайтын білімді де білгір өрендеріміз көбейе берсін!

Жұлдыз СЕРІКҚЫЗЫ,
Глуховка орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Мақаланы әлеуметтік желіге бөлісу
Біздің Бесқарағай