Қазақстан. Құшағы ыстық, құлашы кең байтақ өлке. 130-дан астам ұлт өкiлiнiң бiр атаның баласындай ырыс пен ынтымақта өмiр сүрiп келе жатқандығы бұл сөзiмiзге айғақ. Осыншама ұлт пен ұлыстың өкiлi бiрге тұрып,
бiрге жасап, бiр мақсатқа жұмылып өмiр сүрiп келе жатқандығы мемлекеттік саясатының нәтижесi болса керек.
Бесқарағай – көпұлтты аудан. Соған қарамастан, ауданымыз өзге өңірлерге достық пен татулықтың мекені ретінде танымал. Ауданда тұратын әртүрлі ұлт өкілдері Достық үйі атты үлкен шаңырақ астында бас қосқан.
— Аудандық Достық үйінің қызметі ауданда тұратын барлық этностар арасындағы конфессияаралық және ұлтаралық тұрақтылықты, бейбітшілікті, келісім мен өзара түсіністікті сақтау мен нығайтуды насихаттауға бағытталған. Өткізілетін қоғамдық-саяси, мәдени-бұқаралық іс-шаралар жоспары әзірленген. Этномәдени бірлестіктер мақсаты — қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайту, этносаралық келісім, қазақстандық патриотизмді насихаттау идеяларын қалыптастыру және тарату болып табылады. Достық үйінде 4 этномәдени бірлестік жұмыс істейді: «Башкөл «аудандық татар мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі, славян этномәдени бірлестігі: Канонер ауылдық округінің «Воскресение» вокалдық тобы, неміс этномәдени бірлестігі, Қазақ бірлестігі: «Асыл әжелер» вокалдық тобы, «Tumar-ai» және «ДосStar» жастар клубы. Аудандық Аналар кеңесі, қоғамдық келісім кеңесі, белсенді ұзақ өмір сүру орталығы және медиация бұрышы. Халықпен жұмыс істеудің нақты нысаны — әлеуметтік және азаматтық бастамалардың дамуын ынталандыратын қайнар көзі,- деп атап өтті Достық үйінің директоры Ирина Калтаева.
Жалпы, аудандық Достық үйі үнемі әртүрлі шаралар ұйымдастырып, халық сүйіспеншілігіне ие болып, бейбітшілікті нығайтуға атсалысуда. Достық үйі этномәдени бірлестіктерімен бірлесіп, ай сайын қоғамдық-саяси, мәдени-бұқаралық іс-шаралар, экологиялық және қайырымдылық акциялар өткізеді. Әр түрлі халықтардың «Наурыз мейрамы», «Масленица», «Сабантуй», «Құрбан айт»ұлттық мерекелерімен қатар, Католиктік және православиелік Пасха, Рождество және басқа да көптеген мерекелер аталып өтіледі. Достық үйінің күнтізбесіне енген маңызды мерекелердің бірі – Қазақстан халқының бірлігі күні, этностардың Алғыс айту күні.
Қоғамдық келісім кеңесі аудандық және ауылдық отырыстар, дөңгелек үстелдер, кездесулер өткізеді. Жергілікті атқарушы және өкілді органдардың өкілдеріне ұсынымдық өтініштер түседі. Жаңа саяси реформалар мен бағдарламалық құжаттарды насихаттау және түсіндіру жұмыстарына көп көңіл бөлінеді.
Саяси шаралардан бөлек, белсенді ұзақ өмір сүру мақсатында сауықтыру гимнастикасы, ашық ауада ойындар өткізу, этно-асхана, ұлттық өнер сынды мәселелер де назардан тыс қалмапты.
Жастар да белсенділік танытуда. «ДосStar» жастар клубы өздерінің әдет-ғұрыптарын, дәстүрлерін насихаттап қана қоймай, әртүрлі халықтардың ұлттық тағамдарын насихаттауда.
Достық үйі ұжымының бір жұмыс бағыты – бітімгершілік.
-Бесқарағай ауданының Достық үйінде медиация кабинеті жұмыс істейді. Аудандық кәсіпқой емес медиаторлар тізілімінде 13 адам тіркелген. Осы жылы кәсіби емес медиаторлар даулар мен келіспеушіліктерді, тұрмыстық және әлеуметтік мәселелерді шешті. Медиация, бейбіт диалог мәдениетін тиімді дамыту және жанжалды жағдайлардың алдын алу мәселелері бойынша отырыстар өткізілді. Медиаторлар Абай облысының Семей қаласындағы медиация институтын дамыту бойынша семинар-тренингке қатысты. «Медиация күні» республикалық акциясы аясында ауданда ашық есік күндері өткізілді,- дейді Ирина Калтаева.
Қорыта айтсақ, аудандық Достық үйі – бірлік пен береке бастауы.