Ветеринариялық қызметтің басты міндеті — жұқпалы аурулардың дамуын болдырмау, ауылшаруашылық жануарларын және аудан аумағын ерекше қауіпті аурулардан қорғау.
Бесқарағай ауданында ауылшаруашылық малдары арасында ерекше қауіпті 9 жұқпалы ауруға қарсы ветеринариялық алдын алу іс-шаралары жүргізілуде.
І жарты жылдықта сібір жарасы ауруына қарсы 29 500 бас ірі қара мал, 500 шошқа; аусыл ауруына қарсы 20 000 бас ірі қара мал, 30 000 бас ұсақ мүйізді мал; пастереллез ауруына қарсы 19 000 бас ірі қара мал, 1000 бас жылқы; құтыру ауруына қарсы 5000 бас ірі қара мал, 1500 бас ит; қарасан ауруына қарсы 9000 ірі қара мал; туберкулез ауруына қарсы 14 500 бас ірі қара мал; түйіндік дерматит ауруына қарсы 37 000 бас ірі қара мал; эхинококкоз ауруына қарсы 3000 ит; құс тұмауы ауруына қарсы 30 000 құс; бруцеллез ауруына қарсы 700 бас ірі қара мал егілді. Бруцеллез және туберкулез ауруларына қарсы аллергиялық зерттеулер жүргізілді.
31 925 бас ірі қара мал, 31 137 бас ұсақ мүйізді мал серологиялық тексеруден өтті. Оның ішінде 48 бас ірі қара (0,1%) бруцеллез ауруына шалдыққан. Бруцеллез ауруына шалдыққан малдар Семей қаласының ет өңдеу кәсіпорындарына тапсырылып, жойылды. Беген ауылдық округі мен Глуховка ауылдық округіндегі Стеклянка ауылына, Долон ауылдық округіне «Рахим» шаруа қожалығына бруцеллез ауруынан сауықтыру мақсатында шектеу қойды.
2021 жылдың жыл басынан Глуховка ауылдық округі Стеклянка ауылындағы 4230 бас ірі қара малынан 9 рет қан сынамалары алынды. Оның ішінде 197 бас мал (4,7%) бруцеллез ауруына шалдыққан.
Беген ауылдық округінің ошағындағы 18 541 бас ірі қара малдан 17 рет қан сынамалары алынып, 170 бастың (0,9%) бруцеллез ауруына шалдыққаны анықталды.
Беген, Глуховка ауылдық округтерінің ошақтарда сезімтал жануарлар саны — 1097 бас мал. Оның ішінде 737 бас мал Беген ауылдық округінде, 360 бас мал Глуховка ауылдық округіне қарасты Стеклянка ауылында. Бүгінгі күні, жарты жылдық алдын алу және диагностикалық зерттеулер жоспары толығымен аяқталды.
Бесқарағай ауданында профилактикалық алдын-алу, аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу және емдеу үшін аллергиялық және серологиялық диагностика уақытылы жүргізіледі.
Биылғы жылы ауылшаруашылық жануарлары үшін 2 аса қауіпті аурудың ошақтары тіркелді. 2 бас ІҚМ құтыру ауруына, 47 бас жылқы ринопневмония ауруына шалдыққан. Бүгінгі күні екі ошақ карантиннен алынды.
Аймақтың эпизоотиялық салауаттылығын қамтамасыз ету және ерекше қауіпті аурулардың алдын алу жөніндегі негізгі шаралардың бірі — барлық ветеринарлық шаралардың тіркелуін және бақылауын қамтамасыз ететін ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру. Жыл сайын ауыл шаруашылығы жануарларының төлдерін анықтау жоспары бекітіліп, 100% орындалады.
Аудан аумағында 15 сібір жарасын көметін орын белгіленген. Барлық қорым қоршалған. Сәйкестендіру белгілері орнатылып, мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне енгізілді.
Аудандағы он ауылдық округте 32 мал қорымы бар. Олардың 12-сі округ орталықтарындағы қарапайым мал қорымдары, қалғандарың жағдайы қанағаттанарлықсыз. 20 мал қорымын жөндеуден өткізу қажет.
Ветеринариялық және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мал арнайы орындарда сойылуы керек. Ауданда 14 сою алаңы болса, оның жетеуі ғана іске қосылған. Қалған жетеуінің жұмысы тоқтап тұр. Жұмыс істеп тұрған нысандар ветеринариялық-санитарлық талаптарға сәйкес келеді және олардың тіркеу нөмірлері бар.
Ветеринарлық пункттерде үй-жайлар мен жабдықтардың, ауылдық округтерде техникалық жабдықтардың болуы ветеринарлық іс-шаралардың сапасына және уақытылы жүргізілуіне әсер етеді.
10 ветеринарлық пункттің 2-уі өз ғимаратында, 8-і ауылдық округтік әкімшілікте орналасқан. Екі ветеринарлық пункттің өзі жаңартуды қажет етеді.
Көптеген ветеринариялық кеңселер интернетке қосылмаған. Осыған байланысты аудандардың әкімдерінен ветеринария саласындағы мемлекеттік кәсіпорындарды қажетті инфрақұрылыммен, кеңсе үй-жайларымен қамтамасыз ету мәселесін қарастыруды сұраймыз.
Ветеринариялық-профилактикалық іс-шараларды жүргізу және әр ауылдық округтерде жануарларды бекіту үшін былтырғы жылы ауылдық округтердің орталығынан 10 темір шарбақ салынды. Осындай мал қамайтын шарбақтар әр ауылда болса деп ойлаймыз.
Жергілікті атқарушы органдардың ветеринарлық қызметінің барлық материалдық-техникалық базасы ескірген. 2013 жылдан бері жаңартылмаған. Саланың материалдық-техникалық жағынан нашар жабдықталуы және еңбек жағдайының қиын болуы мал дәрігерлерінің жұмыс өнімділігін төмендетеді. Әсіресе, жас мамандардың бұл салаға келуін тежейді. Нәтижесінде кадрлардың қызметтен кетуі орын алуда. Ветеринарлық білімі бар мамандардың бос жұмыс орындарына орналасуға деген құлшынысы да болмай отыр.
Екі ауылдық окруте жоғары білімді мал дәрігері жетіспейді. 2021 жылы Семейдегі Шәкәрім университетіне ветеринар-санитар мамандығы бойынша 21 адамды оқытып жатырмыз.
Қорытындылай келе, ветеринарлық қызмет жұмысын дұрыс ұйымдастыру, ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар мен диагностикалық зерттеулерді уақтылы және сапалы өткізу, білікті кадрлардың болуы — ветеринариялық және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің кепілі екенін атап өткім келеді.
Ветеринарлық қауіпсіздік — ұлттық қауіпсіздігінің ажырамас бөлігі. Бұл тұрғыда қоғамды эпизоотиядан қорғау айрықша маңызды.
Е.АБДРАХМАНОВ,
«Бесқарағай-Вет» МКК директоры