Бесқарағай ауданы Ерназар ауылында ауыл халқының денсаулығын жақсартуға бағытталған жаңа медициналық мекеме жұмысын бастады. Заманауи үлгіде салынған дәрігерлік амбулаторияның ашылуы ауыл тұрғындары үшін маңызды оқиғалардың бірі болды.
Бұл нысан – «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жобалардың жалғасы. Бағдарлама шеңберінде кейінгі кезеңдерде ауданда 11 жаңа денсаулық сақтау нысаны халық игілігіне берілген. Олардың қатарында бірнеше дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік пункт және медициналық пункттер бар.
Ерназардағы жаңа амбулатория қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Мұнда физиотерапия және ем-шара бөлмелері, медицина қызметкерлеріне арналған жұмыс кабинеттері, сондай-ақ дәріханалық пункт қарастырылған. Жаңа ғимарат қазіргі санитарлық талаптарға сай салынып, алғашқы медициналық көмектің қолжетімді болуына жағдай жасайды.
Ауыл тұрғындары бұл нысанның ашылуын денсаулық сақтау саласының дамуына қосылған үлкен үлес деп бағалап отыр. Жаңа амбулаторияның іске қосылуы жергілікті халыққа сапалы қызмет көрсетумен қатар, өңірдегі әлеуметтік жағдайдың жақсаруына да оң әсерін тигізеді.
Өз тілшіміз
