Бесқарағай ауданына жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Досбергенқызы Сүлейменова келді.
Министр сапарын аудан орталығынан емес, ең алдымен шағын ауыл – Башкөлден бастауы көп нәрсені аңғартады. Бұл – елдің түкпір-түкпіріндегі әр баланың білім сапасына мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлінудің нақты көрінісі.
Башкөл негізгі мектебінде небәрі 40 оқушы білім алады. Соған қарамастан, мектеп ұжымы оқу үдерісін заман талабына сай ұйымдастырып, жаңа әдістемелер мен цифрлық ресурстарды енгізуге күш салып келеді.
Жұлдыз Досбергенқызы мектеп ұжымымен кездесіп, шағын орталық, мұражай, кітапхана, информатика кабинеті мен акт залын, сыныптарды аралап көрді.
Өз сөзінде ол ауылдық жерде тұратын әр баланың сапалы білімге қол жеткізуіне қолайлы жағдай жасалу керек екендігін ерекше атап өтті:
— «Ауыл баласының сапалы білім алуына бар мүмкіндік жасалуы тиіс. Бұл бағытта біз жүйелі түрде еңбек етіп, барлық қажетті қолдауды көрсетеміз», – деді министр.
Кездесуге аудан әкімінің міндетін атқарушы Сұңғат Назаров, аудандық мәслихаттың төрайымы Мейрамгүл Абылғазинова, аудан әкімінің орынбасары Нұржан Ағыбаев қатысты. Олар аудандағы білім саласында атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде баяндады.
Бүгінгі оқушы уақыт көшінен қалмасын десек, заманауи білім нәрімен сусындауы керек.
Бүгінгі таңда Қазақстанның білім жүйесі жаңа кезеңге қадам басты. Инклюзия, цифрландыру, кәсіби бағдар және заманауи педагогикалық технологиялар – білім беру кеңістігінің ажырамас бөлігіне айналды.
Осындай кезеңде министрдің шалғай ауыл мектебіне келуі – тағылымды қадам. Бұл сапар ауыл мұғалімдеріне үлкен серпін беріп, шалғай елді мекендердің балаларының болашағына көңіл бөлу қажет деген ұстанымды нақты әрекетпен дәлелдеді.
Білім сапасын арттыру, мұғалім мәртебесін көтеру және ауыл мектебінің әлеуетін күшейту – қазіргі реформалардың өзегі.
Бүгінгі Башкөл мектебінің көрінісі – сол өзгерістердің нақты бір нышаны.
Ш.ДОСКЕЕВА,
«Біздің Бесқарағай»
