ҰЛЫЛАР ЕЛІНЕ САЯХАТ

Ес біліп, сауат ашқаннан бері бері естігенім Абай өлеңдері, әндері. Сондықтан да болар менің пірім – Абай ақын. Жазушы М.Әуезов:  «Абай  сөзі  қазақ  сөзімен  теңбе-тең  түсетіндей кездері  де  болады», –  деді  емес пе? Олай  болса,  жаһан  халқы  сүйіп оқып, болмысына таңырқай қарайтын жанды  неге  қадір  тұтпасқа?

Ойды ой  қозғайды. Биылғы  жаз  бесқарағайлықтарға  шуағын   төгіп-ақ  тұр.  Ауданымыздың әкімі  болып  Жарқынбек  Борашұлы тағайындалғалы көптеген  игілікті  істердің  куәсі  болып  жатқан  жайымыз  бар. Дана  Абай  «Адамның адамшылығы істі бастағанынан білінеді, қалайша бітіргенінен емес»,- деген  ғой.   Аудан басшысы өткен аптада аудан әкімдігі аппаратының қызметкерлерін,  қарағайлы өлкенің жалынды  жастарын өзі  бұрын қызмет  атқарған  Абай  ауданына  туристік  және  іскерлік  сапармен  жіберді. Ондағы мақсат Ұлылар елінің, киелі топырақты мекен еткен халықтың  тұрмыс-  тіршілігінің  келелі  жақтарын өздеріне  алу,  өзара тәжірибе  алмасу болатын. Сонымен қоса, әрбір  ауылдық округтен бір ардагерден бір  күндік  саяхатқа  барып  қайтты.  Туған  жеріме  табан   тіреу  мен  үшін  де,  әрине,  зор  мәртебе.

Сапар барысында: «Жаздай  боп  көңілдерің  жай  болсын, шалқыған  еліміз  бай  болсын. Көргендерің   шаттықтай  болсын. Бақ  кетпесін  бастарыңнан, дос кетпесін  қастарыңнан. Дастархандарың   мол  болсын. Берген  батам  сол  болсын»,-  деп  Жетіжардан  келген    бала  көңіл, сабырлы  қалпынан  бір  танбайтын   Қасымжан  атамыз  үлкен  астан  кейін   жиналған  топқа  батасын   бергенде  әдемі  қартаюдың  да   өзіндік  бір  сырлары  бар  екенін  байқағандай  болдық.

Абай Құнанбаев ескерткішіне гүл шоқтарын қою кезінде бізді Абай ауданының әкімі Нұржан Оразбекұлы қарсы алды. Шөліркеген  жанға  шипасы   бар Күшікбай  батырдың   басындағы   емдік  қасиеті  бар  таза   судан   ішіп,  бір  масайраған  қарттарды   Абай  аудандың ішкі  саясат  бөлімінің  басшысы,   әлекедей  жаланған  жалынды жас  Бұрхан   Муратов  жазушы  М. Ауэзовтың туған  жері  Бөрліден  бізді  қарсы  алып,  ондағы жазушы  мұражайын  араладық.

Мұражайдың  аға   ғылыми  қызметкері    Гүлзат  Сәкенқызы  заңғар  жазушының  тұңғиыққа  толы  өмір  жолынан сыр шертіп, бізді  хабардар  етті.

Халқымыз  дәріпті  дәстүр  салтымен,  сал-серілердің  ізімен,  қолына алған  киелі  домбырасын  күмбірлете  отырып  «Абай  елі»  газетінің  редакторы  Бақытжан  Байболов  әдеби  тілмен,  мәнді  мағынамен  ел-жұртын  таныстырды. Домбыраның  үні  ме, қастерлі  аруақтардың   рухы  ма  әйтеуір  бір  дүние,  жиналған  көпке  бір  тың  серпіліс  пайда  болды.

Алдыға  басқан  қадамы  артқа  қарай  шалқақтайтын  қариялардың  бұл   серпілісіне,  әрине,  қайран  қалыстық.

Біраз  жүріп,  зар-замандағы  сұрқия  зомбылықтың  таза  куәсі  болған  қос  ғашық  «Еңлік- Кебек»  басын  барып, құран-қатым  бағышталды.

Абай,  Шәкәрім  ұрпақтарымен  жатқан  жері  бейне  бір   қалашық  дерсіз. «Алла  жар боп, аруақтар  шат  болсын, жастарымыз  бақытты  болсын» деген  ниетпен,  аудан  орталығы   Қарауылдағы  қарасаң  көз  тоятын  бірнеше  жанды  жұмыстардың  куәсі   болдық.   Балалар  тегін  шомылатын бассейннің  мөп-мөлдір  тұнық  суы  жанымызды  жадыратты.  Ішінде  барлық  жағдай  жасалған.  Аудан  шетіндегі  15  гектар  жерді  алып  жатқан   Абай  алаңына  тамсанбаған  жан  қалмады. Басынан  аяғына  дейін көк  майса,  жайқалған  гүлдер….   «Мұндай  алаң  үлкен  қалаларда  да жоқ  қой»,-  деп  күбірлестік. Жанында  жаңадан  бой түзеген  ақшаңқай  үйлер  бейне  бір  қалашық  іспетті.  Дәулетіне  сәулеті  сай  ауданға  жастар  көптен  келіп жатқандығынан хабардар болдық. Ол заңды да.

Ауыл  ақсақалдарымен  көрікті  бала  күнімнен  білетінім,  тілімен  тас  жаратын  талай  абыз  ақсақалдар  «ұрпақтар   үшін»  деп  жандары  күйініп жүруші  еді.  Көбі  өмірден  өтті.  Ал  біздерге  олардың  айтқандары  заң  болды. Сонау  қайта  құру  кезінде  барлық  ауылдарда  мәдени  нысандар  быт-шыты  шығып, қираған  кезде,  дәл  осы  ауданның  ештемесіне  де  нұқсан  келмегені  де  осы  ақсақалдардың  арқасы  еді.  Сондай  қарияларымыздың  ізбасары,  от  ауызды,  орақ  тілді Абай ауданының қоғамдық  кеңесінің  төрағасы  Төлеубек  Аманғазы  қайтар  сапарымызда:

-Сіздер  таңданып   жатқан    осы  істердің  барлығында қазіргі  сіздердің  әкімдеріңіз  Жарқынбек  Борашұлының  қолтаңбасы  бар.  Абай  тойына  деп   көп  қаражат  бөлінді,  ол  қаражат   орынды  игерілгендігінің арқасында осындай  дәрежеге  жеттік.  Мұражайлар   қайта  жөндеуден  өтті.  Әкімдеріңіз  тың  идеяның   адамы,  жаңалықтың  жаршысы.  Іскерлік  байланысымыз   жалғасып,  өркендей  беріңіздер,- деп    жүрекжарды  тілегін  айтып,  жастарға  ақыл-кеңестерін  берді.

Аудан  әкімі  Жарқынбек  Борашұлының  ұйғаруымен  өткен  саяхатқа  бар   болмысымен  риза  болысқан  қарттар  атынан  Сайран  Хасенқызы, Мағмұра  Нұрахметқызы және  Бөдене,  Глуховканың  зейнеткер  ұстаздары  риясыз ризашылықтарын білдірді.

Қарттарды  балаша  әлдилеп, апарып-қайтқан  «Nur Otan» партиясы Бесқарағай аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары   Б.Омаров,  маслихат  хатшысы М.Абылгазинова, ішкі  саясат,  мәдениет,  тілдерді  дамыту және спорт   бөлімінің  басшысы  Н.Идрисова,  мәдениет  үйінің директоры М.Уәлиеваларға  қарттардың  алғысы  шексіз.

«Әкім  бол,  халқына  жақын  бол»  деген қағиданы  үстанған   әкімдерге  тың  серпіліс,  баянды  бағдарлама  тілейміз!

 

Самал АБДРАХМАНҚЫЗЫ

Беген ауылы

Мақаланы әлеуметтік желіге бөлісу
Біздің Бесқарағай