Биыл Шығыс Қазақстан облыстың мәслихатының VII шақырылымына 38 депутат – 6 депутат «Ауыл» және «Ақ жол» партиялары, қалған 32 депутат «Nur Otan» партиясы фракциясы атынан сайланды.
Жуырда өңірдегі Тілдерді оқыту орталығының директоры әрі Бесқарағай ауданынан облыстық мәслихатқа «Nur Otan» партиясы атынан депутаттықта сайланған Айнаш Әлібекқызы Әменовамен сұхбаттасқан едік.
— Айнаш Әлібекқызы, облыстық мәслихат депутаты ретінде ауданда қандай өзекті мәселелерді көтеріп жүрсіз?
— Облыстық мәслихаттың жетінші шақырылымында биыл бірінші рет «Nur Otan» партиясы атынан депутаттыққа сайландым. Депутаттық — мен үшін жаңа қызметтік бастама, жаңа жұмыс. Халықпен тығыз байланыста болу, мәселелерін көтеру – қоғамға пайдалы қызмет деп білемін. Сондықтан алғашқы күннен жұмысыма құлшына кірістім.
Әрине, көтеретін мәселе көп. Әсіресе, ауыз сумен, тұрғын үймен қамту, білім беру мен денсаулық сақтау саласындағы жетіспеушіліктер төңірегінде тұрғындардан өтініштер көп түседі.
Облыстық мәслихатта аудандағы мектептерді күрделі жөндеуден өткізу, шағын орталықтар ашу сынды бастамалар көтердім. Облыстық бюджеттен Бөдене ауылындағы мектепті күрделі жөндеуден өткізуге 55 млн. теңге сұрадық. Ұсынысымыз қолдау тауып, 42 млн. теңге көлемінде қаражат бөлінді.
Денсаулық сақтау саласы бойынша да жетіспеушіліктер бар. Аудандық ветеринария басқармасына хат жолдап, Глуховка ауылындағы Стеклянка елді мекенінде ветеринар мамандарының жетіспеушілігінің орнын толтырдық.
— ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының ауданға келудегі мақсаты не? Халық қалаулылары қандай мәселелерді көтерді?
— Өткен аптада ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Жанат Әнуарбекқызы Омарбекова мен Әмірхан Мұратбекұлы Рахымжанов жұмыс сапарымен облысымыздағы бірқатар аудандарды аралап қайтты. Сапар мақсаты – халықпен кездесу. Мәжілісмендер алдымен Бесқарағай ауданына келіп, тұрғындармен жүздесті, «Әлеуметтік қызмет көрсету жөніндегі Бесқарағай аумақтық орталығы» МКМ жұмысымен танысты. Жанат Әнуарбекқызы Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитет мүшесі болғандықтан, мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік қызмет көрсетуге көп көңіл бөлуде. Осыдан соң депутаттар Бесқарағай колледжіне барып, оқу орнының жаңа оқу жылына дайындығын көрді.
Көпбалалы аналармен жолығып, өтініш-шағымдарын тыңдады. Былтырғы жылы ауданда 36 тұрғын үй салынып, 27-сі көпбалалаы аналарға берілгенін білесіздер.
Биылғы жылы аймақ басшысы Даниал Ахметовтің «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында аудан әкімі Жарқынбек Байсабыровтың қолдауымен 12 пәтер салынуда. Пәтерлер кезек бойынша әлеуметтік осал топтағы тұрғындарға берілетін болады.
— Өңірде «Nur Otan» партиясының қандай әлеуметтік жобалары жүзеге асуда?
— «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы. Әр азаматқа лайықты өмір» атты сайлауалды бағдарламасы аясында 2021-2025 жылдарға арналған Жол картасы әзірленген. Облыстық, қалалық, аудандық мәслихат депутаттарына, «Nur Otan» партиясының ШҚО филиалы мүшелеріне осы Жол картасы аясында әр сала бойынша бақылау жүргізу жүктелген. Тапсырмаларды жүзеге асыру үшін атқарушы органдармен бірге жұмыс істейміз. Мәселен, маған туризм саласын, мемлекеттік және басқа да тілдерді дамыту, кітапханалардағы кітап қорына ұлғайту тапсырмалары жүктелген.
Жуырда Риддер қаласына, КатонҚарағай ауданына барып, туризм саласының дамуын, сондай-ақ Жол картасының орындалу барысын бақылап қайттым. КатонҚарағайда қауіпті жағдайда тұрған бірнеше білім беру нысанын араладым. Нысандардың қалыпқа келуіне атсалысатын боламын.
— Ауданда тұрғындардың құқығы толық қорғалған ба? Бұл мәселе бойынша азаматтар сізге жүгіне ма?
— Қазақстан – көпұлтты, зайырлы мемлекет. Барлығымыз Ата Заңымыз — Конститутцияға бағынамыз. Бесқарағай ауданында да барлық мекемелер мен кәсіпорындар заң аясында азаматтардың құқықтары мен жеке бас бостандықтарын сақтай отыра жұмыс істейді. Аудан тұрғындарының құқықтары тапталған жағдай орын алған жоқ. Бесқарағай – көп ұлт өкілдері шоғарланған аудан. 28 ұлт өкілі тату-тәтті өмір сүруде. Оларға ешқандай қысым көрсетілмейді.
— Бесқарағай ауданы Семей ядролық сынақ полигонынан зардап шеккен аудандардың бірі. Халыққа жәрдемақы төлене ма?
— Иә, Бесқарағай ауданының белгілі бір аумақтары сынақтан зардап шеккен. Бірақ жәрдемақы қарастырылмаған. Бұл мәселе Парламент деңгейінде шешіледі. Бұл жөнінде алдағы уақытта Мәжіліске депутаттық сауал жолдайтын боламын.
— Ауылдарды ауыз сумен қамту, жол жөндеу мәселелері қалай шешілуде?
— Аудан орталығы ауыз сумен толық қамтамасыз етілген. Долон ауылдық округіндегі Мостик ауылында қиындықтар бар. Мостик ауылы тұрғындары өтінішімен облыстық мәслихатта бұл мәселені көтердім. Маған экономика және бюджетті жоспарлау басқармасынан «облыстық бюджеттен блокты- модульді станция салуға қаражат қарастырылады» деген жауап келді. «Nur Otan» партиясының 2021-2025 жылдарға арналған Жол картасы аясында ауыл ішілік жолдар жөнделіп жатыр. Ал аудан бойынша бірнеше ауылдың кіреберіс жолдарын жөндеу 2022-2024 жылдарға жоспарланып отыр. Алдағы бес жыл ішінде жол жөндеу мәселесі шешімін табады деп ойлаймын.
— Айнаш Әлібекқызы, Тілдерді оқыту орталығының жұмысы жайлы айтып өтсеңіз?
— Ауданда Тілдерді оқыту орталығының құрылғанына 15 жылдың жүзі болды. 18 жастан асқан мемлекеттік қызметкерлерге қазақ және ағылшын тілін үйрететін аудандағы жалғыз орталық. Оқыту сегіз ай бойы аптасына екі реттен өтеді. Биылғы жылы 121 тыңдаушы тіркелді. Пандемияға байланысты оқытуды онлайн режимде өткіздік. Оқу аяқталғанда барлық қатысушылар Қазтест жүйесі арқылы емтихан тапсырып, сертификат алады. Биыл сонымен қатар сегіз адам қытай тілін оқыды.
Тіл үйретумен қоса түрлі іс-шаралар ұйымдастырамыз. Оралықта 5 тамыз -5 қыркүйек аралығында «Тілдер шеруі» облыстық айлығы өтуде.
Өздеріңіз білесіздер, Бесқарағайда өзге ұлт өкілдері көп. Сондықтан оларға мемлекеттік тілді үйретуге, насихататуға көп көңіл бөлінеді. Орталық бұл бағытта жергілікті әкімдікпен тығыз байланыста жұмыс істейді.
— Сұхбатыңызға рақмет! Еңбегіңізге табыс тілеймін.
Сұхбаттасқан Жадыра Төлегенқызы