Елдің тəуелсіздігін айқындайтын негізгі құжат

Кез келген мемлекеттің, елдің тəуелсіздігін, демократиялық құндылықтарын айқындайтын негізгі құжат – Конституция.

1995 жылдың 30 тамызында Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданды. Бұл ел тарихында алтын əріппен жазылған уақыт. Бұл Республикамыздың тəуелсіздікке қол жеткеннен бергі екінші Конституциясы.

Ал 1993 жылдың 28 қаңтарда қабылданған тұңғыш Конституция екі жылдай қолданыста болып, өз күшін жойды. Ол одан əрі елімізде болып жатқан экономикалық, саяси жəне əлеуметтік түбегейлі өзгерістерге бағыт-бағдар бере алмайтындығын көрсетті. Мемлекеттіліктің қалыптасуының алғашқы кезеңінде заңдық тұрғыдан реттеушіліктің рөлін атқара отырып, бұл саяси құқықтық актінің қалай дегенмен де өтпелі сипатта болатынын өмірдің өзі растады.

1993 жылы қабылдаған Конституция – тарихи маңызға ие болғанымен, жаңа мемлектеттік қажеттіліктеріне жауап беретін құқықтық нормалар мен идеяларды тұжырымдаған жоқ. Сондықтан да жаңа конституцияны қабылдау ең өзекті мəселе болып, 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум арқылы қазіргі қолданыстағы Ата заңымыз – Конституцияны қабылдадық.

Еліміздің Ата Заңы жүздеген жылдар бойы қалыптасқан адамзат баласының жалпы құндылықтарын өз бойына сіңірді, ата-бабаларымыздың көптеген ұрпақтарының азаттық жəне өз тағдырын өзі шешу мүмкіндігі мен билік барша халықтың мүддесіне қызмет ететін мемлекет туралы, бүкіл əлемге белгілі əрі құрметтелетін тəуелсіз ел туралы армандарының осы заманғы құқықтық түсініктерін бейнеледі.

Конституциямызда адамдардың табиғи құқықтары мен бостандықтары, билік институттарын демократиялық жолмен қалыптастыру жəне дамыту, Қазақстанда азаматтық қоғам құру туралы дүниежүзі таныған прогрессивті идеялар бекітілді. Ең жоғарғы заңдық күші бар Қазақстан Конституциясы Республикадағы қолданылатын жəне қалыптасып жатқан құқықтық жүйесінің нормативтік бастауы бола тұра, қоғамдық жəне мемлекеттік құрылыстың маңызды жақтарын реттейді. Ол-ел тəуелсіздігінің, мемлекеттігінің негізгі тірегі, саяси-құқықтық төлқұжаты.

Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық жəне əлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырды. Ал, оның ең қымбат қазынасы — адам жəне адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары деп айқындалды.

Конституцияда Республика қызметiнiң түбегейлi принциптерi ретінде қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық, бүкiл халықтың игiлiгiн көздейтiн экономикалық даму, қазақстандық патриотизм, мемлекет өмiрiнiң аса маңызды мəселелерiн демократиялық əдiстермен, оның iшiнде республикалық референдумда немесе Парламентте дауыс беру арқылы шешу белгіленді.

Сондай-ақ, əркiмнiң өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына құқығы бар. Əркiмнiң бiлiктi заң көмегiн алуға құқығы бар. Заңда көзделген реттерде заң көмегi тегiн көрсетiледi. Заң мен сот алдында жұрттың бəрi тең. Конституциямыз паш еткен мемлекетіміздің аса құндылығы-адам өмірі, ол əркiмнiң табиғи құқығы болып табылады.

Біз аз уақытта айбары асқан қуатты ұлтқа, дəулеті тасқан əлеуметті елге айналдық. Ортақ шаңырағымыздың шекарасын шегелеп, іргемізді мызғымастай етіп бекіттік. Тағдыр тоғыстырған, тарих табыстырған түрлі ұлт өкілдері Конституция қағидаттары төңірегіне топтасты.

Қоғамның өркендеуіне қарқын қосып, Қазақстан халқының бірлігіне жол бастаған Ата Заңда бекітілген республикамыздың тұғырлы қағидаттары бүгінде өзінің өміршеңдігін дəлелдеді. Қазақстан халықаралық қоғамдастықта лайықты орын алып, биік белеске көтерілгені осының айғағы.

Өркендеп дамуымыздың басты құжатына айналған, бүкіл халық болып қабылдаған Ата Заңды құрметтеу біздің міндетіміз əрі парызымыз. Қазақстанның əрбір азаматы еліміздің негізгі заңының асқақ рухы мен маңызын, Конституцияны қалыптастыру тарихын жақсы білуі керек. Конституцияны құрметтеу жəне сақтау арқылы жəне оның тарихы мен маңызын білуімізбен ғана біз өз елімізді, Отанымызды, тарихымызды, құндылықтарымызды құрметтейміз жəне еліміздің дамуына, қоғамдық келісімге, бейбітшілік пен тыныштыққа қол жеткізе аламыз. Өйткені, біздің Ата Заңымыз – Қазақстан халқының саналы таңдауы, өркенді дамуымыздың кепілі.

Конституция күні – Тəуелсіз Қазақстанның құқықтық өмірінде мəн мен маңыздылығы жағынан ерекше орынға ие, халқымыздың ең жоғарғы дəрежеде атап өтетін басты мерекелерінің бірі. Осы мереке қарсаңында барша қазақстандықтарға басты құндылықтарымыз – тəуелсіздігіміз, келісім мен бірлігіміз нығая берсін, əр шаңыраққа құт-береке, денсаулық, ырыс пен ынтымақ тілеймін! Ел іргесі аман, келешегіміз кемел болсын!

Ардақ Қалиев,

Бесқарағай аудандық сотының төрағасы

Мақаланы әлеуметтік желіге бөлісу
Біздің Бесқарағай