ТӘУЕЛСІЗДІК — МӘҢГІЛІК ЕЛ МҰРАТЫ

Ел егемендігінің 30 жылдығына орай аудандық кітапханада  «ТәуелсіздікМәңгілік ел мұраты» тақырыбында кең көлемді кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Көрменің мақсаты – отыз жыл уақыт ішінде ордалы елге айналған

тәуелсіз Қазақстанның дербес мемлекет ретінде қалыптасу тарихына шолу жасау, сындарлы жылдар ішінде Тұңғыш Президентіміз Н.Ә. Назарбаевтың кемел саясаты мен ерен еңбегі арқасында еліміздің жеткен жетістіктері мен толағай табыстарын, сондай-ақ қазақстандық қоғамдағы саяси, экономикалық, әлеуметтік және рухани игі өзгерістер белесін көпшілікке таныту.

Үш бөлімнен тұратын  кітап көрмесіне Қазақ хандығының іргесін қалаған Керей мен Жәнібек хандардан бастап бүгінгі Тәуелсіздігіміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың еңбектеріне дейін қойылған.

«Мәңгілік Ел» тақырыбындағы бірінші бөлімде Елбасының «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының жүзеге асуына арналған, сонымен қатар Бүкілқазақстандық бірліктің бірегей моделі «Қазақстан халқы Ассамблеясының» қызметін баяндайтын әдебиеттер ұсынылды. Кітап көрмесіндегі кітаптың алғысөзі автордың «…біз әлемге және болашақ ұрпаққа Тәуелсіз Қазақстан атты жасампаздықтың ұлы жемісін ұсына алдық. Сол себепті бұл кезең біз үшін Ұлы дәуір» деген тұғырлы тұжырымды түйіннен басталатын «Тәуелсіздік дәуірі»  кітабынан бастап «Еуразия жүрегінде», «Ой бөлістім халқыммен», «Өзекжарды ойлар», «Бейбітшілік кіндігі» «Қазақстан халықтарының Ассамблеясы. 10 жыл» және тағы басқа шығармалар қойылған.  Сонымен қатар газет беттерінде жарық көрген Елбасы Жолдаулары мен мақалалары ұсынылады.

Кітап көрмесінің екінші бөлімі «Қазақстан –Мәңгілік, Тәуелсіз ел». Бұл бөлімде, оқырмандар назарына 1991-2021 жылдар аралығындағы саяси оқиғалар хроникасы ұсынылады. Мемлекетіміздің кешегісі мен бүгінгісінен сыр шертетін, егемен елдің еңсе тіктеуі, даму кезеңдерін баяндайтын туындылар осы бөлімде орналасқан.

Тәуелсіз елдің тарихы тереңде жатыр… Сондықтан кітап көрмесінің соңы қазақ хандары мен батырлары жайында өткен тарихты баяндайтын «Қазақстан тарихы» бөлімі.  Атап айтқанда, Ж.Артыкбаев, «Абылай хан»,  Ж.Касымбаев  «Кенесары хан», Қ.Бегалин  «Бату хан» және т.б. тарихи шығармалар қойылды.

Толығырақ аудандық кітапханада кітап көрмесімен танысып, қойылған құнды кітаптарды оқи аласыздар.

А. ЕРҒАЛИҚЫЗЫ,

 аудандық кітапхана әдіскері

 

Мақаланы әлеуметтік желіге бөлісу
Біздің Бесқарағай