Шағын футболдан турнир өтті

24 сәуір күні Бесқарағай ауылының стадионында ел  Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналып шағын футболдан турнир өтті.

Бұл COVID-19 пандемиясына байланысты ұзақ үзілістен кейін жасыл алаңда алғаш рет өткізілген аяқдоп аламаны болды. Турнирге 17 команда қатысып, жоғары дәрежедегі ойын үлгісін көрсетті.

Іс-шараға Бесқарағай ауданы әкімінің міндетін атқарушы Бауыржан Баталов, аудан әкімінің орынбасары Алмагүл Алимбаева, ішкі саясат, мәдениет, тілдерді және спортты дамыту бөлімінің басшысы Назира Идрисова және Бесқарағай ауданының спорт ардагері Тимофей Глазинский қатысты. Жарыс шымылдығын құттықтау сөзбен ашқан Бауыржан Жекенұлы аяқдопшыларға сәттілеп, ойынның қызықты да тартысты, әділ өтуіне тілектестік білдірді.

Тартысты өткен турнирде «Бесқарағай а/о 2000-шы» командасы жеңіс тұғырынан көрінсе, екінші орынды «Бозтал» командасы алды. Ал үшінші орын «Бесқарағай а/о 90-шы» командасының ойыншылары на бұйырды. Жүлделі орындарға ие болған командалар құрмет грамоталарымен, медальдармен және кубокпен марапатталды.

«Үздік қақпашы» номинациясымен «Бесқарағай 2000-шы» командасының ойыншысы Мерхат Сабырханов марапатталса, «Бесқарағай 90-шы» командасының ойыншысы Сержан Ермеков «Үздік қорғаушы» атанды, «Үздік шабуылшы» аталымы «Бесқарағай АПБ» командасының ойыншысы Айдын Аманжолға берілсе, «Бозтал» командасының ойыншысы Нұрсұлтан Машкенов «Үздік ойыншы» атағына лайықты деп танылды.

Айта кетсек, барлық санитарлық талаптарға сай ұйымдастырылған жарыс көрермендерсіз өткізілді.

 

Мақаланы әлеуметтік желіге бөлісу
Біздің Бесқарағай