СЕНІМ МЕН САБАҚТАСТЫҚ САЛТАНАТЫ

 Елордада еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Бірліктің, татулық пен келісімнің 30 жылы» тақырыбындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIX сессиясы өтті. Жиынға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты.

«Биыл – Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы. 1991 жыл еліміздің халқы үшін жаңа дәуірдің басы болды. Бұл – бостандық, ата-бабамыздың тарихи мекенінде еркін өмір сүру, жаңа мемлекет құру, оның тағдыры үшін жауапкершілік алу уақыты. Соның барлығын өзіміз басымыздан кешіріп, көзімізбен көрдік. Енді міне, биыл сол 30 жылдықты атап өтеміз. 30 жыл бұрын көпұлтты, көпконфессиялы халқымыз еліміздегі бірлікке, бейбітшілік пен келісімге қарай жылжу үшін тағы бір іргелі таңдау жасады.

Елімізде тіліне, дініне, ұлтына байланысты белгілер бойынша қандайда бір кемсітушіліке тыйым салынады»,- деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы қазіргі таңда қазақ халқы полиэтникалық қоғамды шоғырландыратын интеграциялық процестердің арқауын қалыптастырғанын жеткізді. Осылайша, еліміздегі этностардың мәдениетін, тілін дамыту үшін қажетті барлық жағдай жасалды. Соның аясында қазақстандықтар ортақ мақсат пен ортақ ұмтылыстың төңірегіне топтасты.

Тұңғыш Президентіміз өз сөзінде саяси қуғын-сүргіннен зардап шегіп, аштыққа ұшырағандарға да тоқталды. Тарихымыздағы осы қайғылы кезеңде қудаланып, шетелге ауған халықтың тәуелсіздік алғаннан кейін өз Отанына оралғанын атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде алдағы уақытта мемлекеттік саясат пен ұлттық тұтастықтың берік арқауы болуға тиіс бес қағидатқа ерекше назар аударды. Олар: мемлекет пен халық арасындағы сенімге және өзара іс-әрекетке негізделген қазақстандық патриотизм қағидаты; азаматтардың құқықтарының теңдігі қағидаты; мемлекеттік тіл – қазақ тілінің біріктіруші рөлі қағидаты; мәдениеттер алуандығымен сабақтасатын «Алуан түрліліктің бірлігі» қағидаты; ұлттың үздіксіз жаңғыруы қағидаты.

-«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Конституциялық заңға және «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» заңға сәйкес менің Қазақстан халқы Ассамблеясын өмір бойы басқаруға құқығым бар екенін білесіздер. Бұл ретте Ассамблеяны басқарудың бірқатар өкілеттері ел Президентінің құзырында. Қазақстан халқы Ассамблеясы Мемлекет басшысының маңына топтасып, оған тірек болуы керек. Сондықтан мен Қазақстан халқы Ассамблеясын басқару құқығын Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа беруді ұйғардым. Бұл шешім Ассамблеяның мүддесіне сай келіп, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа барлық жұмысты, сондай-ақ халқымыздың, қоғамымыз бен мемлекетіміздің болашағына қатысты барлық жоспарды жүйелі құруға көмектеседі деп кәміл сенемін»,- деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Ассамблеяны басқару өте жауапты жұмыс екенін атап өтіп, өзіне жүктелген міндетті жауапкершілікпен атқаруға уәде берді.

– Ең алдымен, сенімдеріңізге шын жүректен алғыс айтамын. Ассамблеяны басқару – өте жауапты жұмыс. Бұл – үлкен саясат. Сондықтан осы міндетті жауапкершілікпен атқарамын деп айтқым келеді, – деді Президент.

Мемлекет басшысы сондай-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанды дамыған елдер қатарына қосудағы еңбегіне, еліміздегі этностардың жарасымды татулығына тоқталып өтті. Ол сондай-ақ көз ілеспес жылдам­дық­пен өзгеріп жатқан әлемде ұйым алдында жаңа міндеттердің тұрғанын атап өтті.

Сөз соңында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа «Қазақстан халқы Ассамблеясының Құрметті Төрағасы» мәртебесін беруді ұсынды.

– Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Ассамблеяның Құрметті Төрағасы болу жөніндегі біздің ортақ ұсынысымызды қабыл алуыңызды сұраймыз. Бұл мәртебе халқымыз бен мемлекетіміздің алдындағы тарихи еңбегіңіз үшін Сізге лайық. Ассамблеяның барлық мүшесі бұл ұсынысты қолдайтынына сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы қастерлі Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында Ассамблея халықтың талап-тілектерін орындауға бағытталған нақты жобаларды жүзеге асыруға айрықша мән беруі міндет екендігін баса айтты.

Еgemen.kz сайтынан ықшамдалып алынды

 

 

 

 

 

 

Мақаланы әлеуметтік желіге бөлісу
Біздің Бесқарағай