Контрафактілік өнімдердің кері әсері

Елімізде қазіргі таңда контрафактілік өнімдер және зияткерлік меншікті заңсыз пайдалану кәсіпкерлікті дамытуға кері әсерін тигізіп отыр. Қазіргі кезде контрафактілік өнімдер көптеген сауда нүктелерінде сатылуда. Ал, лицензиясы бар өнімдер сауда жасайтын нүктелер саусақпен санарлық.

Сол себепті, контрафактілік тауарларды сатып алу қауіпін болдырмау үшін өнімдердің мынадай белгілері бар-жоғын есте сақтап, тексеріп алу қажет: Тіркелген тауар белгісі — тауар таңбасы ретінде бейнелеу, сөз, көлем белгілері және өзгеде белгілер кез-келген бояулы түстер үйлесімінде тіркелуі мүмкін. Тіркелген әрбір тауар белгісіне заңды иесі тауар белгісі пайдаланатын өнім толық сипатталатын куәлік алады. Тауар белгісін қорғау белгісі — латынша «R» әріпі шеңберге алынған болуы тиіс. Әрбір тіркеуге алынған тауар белгісінде құқықтық қорғау мен сақтау белгісі болады, ол тауар белгісінің жанына орналастырылады және бұл белгі аталған тауардың қорғалатынын білдіреді. Құқық иеленушінің рұқсатынсыз оның тауар белгісіне ұқсас белгілерді, тауар белгісін дараландыру үшін тіркелген тауар таңбасын немесе біртектес тауарларды пайдалануға ешкімнің де құқығы жоқ, себебі осылайша пайдаланудың нәтижесінде олардың араласып кету мүмкіндігі туындайды.
Құқық иеленуші заңмен қорғалатын және тіркелген тауар белгісін басқа тұлғаға пайдалануға бере алады, алайда ол тиісті құжаттармен (тауар белгісіне берілетін айрықша құқықты иеліктен шығару туралы келісім-шарт немесе тауар белгісін пайдалануға құқық беру туралы лицензиялық келесем-шарт) расталуы тиіс. Мұндай құжаттарды тексере отырып, онда уәкілетті мемлекеттік органның белгісі бар болуы нақтылау қажет, себебі тауар белгісіне айрықша құқық берілу туралы барлық келісім шарт жарамсыз болып табылады.
Осындай кеңестерді ескере отырып, нақты өнімнен жасанды, яғни контрафактілік өнімді айыру қиындық туғыза қоймайды. Тауарлардың тіркелген белгісі немесе соған ұқсас белгілері заңсыз көрсетілген кез келген тауарлар, этикеттер, тауарлардың бумалары контрафактілік болып табылады.
Қазақстанның тұтыну нарығында, сондай-ақ жалпы әлем бойынша контрафактілік (жасанды) өнім көлемі ұлғаюда. Адамдардың көпшілігі контрафактінің тигізетін залалын сезбейтіндіктен, сапасыз тауарларды өндірушілердің құрбанына айналады. Контрафактілік өнім түпнұсқа секілді қымбат бағада сатылуы мүмкін және керісінше, сатып алушы үнемдеу мақсатында әдейі арзан жасанды затты сатып алады. Қазақстанның тұтыну нарығында сапасы төмен, ал кейде қауіпті өнімнің пайда болуы ұлт денсаулығына залал келтіреді және тұтынушылардың өміріне қауіп төндіреді, мемлекеттің экономикасына, ел беделіне елеулі нұқсан келтіреді.
Қазақстандық нарықта танымал әлемдік брендтердің жасанды тауарларының саны көп. Жасанды тауарлар нарыққа әлдеқашан шыққан және бір-бірімен бәсекелес. Контрафактілік өнімнен айыруға құқық иеленуші компаниялардан (бренд иесінен) өзге ешкім қызығушылық танытпайды. Компания өзі жеке немесе өзінің өкілі арқылы елдегі мемлекеттік органдарға немесе сотқа жүгіне алады және осыдан кейін құқық иеленушінің арызы бойынша ғана құзырлы органдардың бұзушыларға қарсы әрекеттерді жасау құқығы пайда болады.
Қорытындылай келе, әр тұтынушы өзіне қажетті заттарды аларда оның бағасына, сапасына және тауар таңбасына назар аударғаны абзал.

М.қайратов,
Абай облысының Әділет
департаментінің зияткерлік меншік құқықтары бөлімінің басшысы

Мақаланы әлеуметтік желіге бөлісу
Біздің Бесқарағай