БЕСҚАРАҒАЙ ЖЫЛҚЫСЫ – «BAIQYMYZ» ФЕСТИВАЛІНІҢ ҮЗДІГІ

Елордада өткен «BAIQYMYZ» гастрофестивалінде Қазақстанның ұлттық мәдениетін насихаттауға арналған бірқатар қызықты шаралар ұйымдастырылды. Солардың бірі – «Ер қанаты» атты жылқылар көрмесі болды. Қазақтың қазыналы қымыз мәдениеті мен көшпенділер өмір салтын дәріптеуге бағытталған шараға еліміздің әр түкпірінен ең таңдаулы тұлпарлар жиналды.

Абай облысы, Бесқарағай ауданынан қатысқан «Мукинов» шаруа қожалығының «Бесқарағай» типтес жылқысы «Қазақтың салмақты жылқысы» номинациясы бойынша үздік атанып, көрме қонақтарының ерекше ықыласына бөленді.

Көрме барысында жылқы тұқымдарының сымбаты мен шыдамдылығы ғана емес, бабалардан қалған атбегілік өнер, ұлттық нақыштағы ат-әбзелдер мен көне дәстүр элементтері де кеңінен көрсетілді.

Сондай-ақ фестиваль аясында үздік қымыз өндірушілер сайысы, қолөнер жәрмеңкесі мен этнографиялық көрмелер ұйымдастырылып, көшпенділер мәдениеті жан-жақты насихатталды.

Бұл шара ұлттық мұрамызды сақтап, одан әрі дамытуды мақсат ететін маңызды қадамдардың бірі болып табылады. Бесқарағайлық жылқышылар мен мал шаруашылығы мамандарының осы жетістігі өңірдің дамуына, әсіресе ауыл шаруашылығы мен мәдениетінің өркендеуіне зор ықпал еткенін көрсетеді.

 

Бесқарағай ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 

 

 

 

 

Мақаланы әлеуметтік желіге бөлісу
Біздің Бесқарағай