АБАЙ – ДАНА, АБАЙ – ДАРА

Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай аудандық кітапханада «Open Mic: Абай рухымен…» атты ашық микрофон кеші ұйымдастырылды.

Іс-шараның мақсаты – қазақтың ұлы ойшылы, ақыны және ағартушысы Абай Құнанбайұлының мол мұрасын насихаттап, жас ұрпаққа рухани тәрбие беру, оның шығармаларындағы терең ой мен өнегені көпшілікке жеткізу болды.

Кеш аясында «Абай дана – Абай дара қазақта» атты кітап көрмесі өтіп, онда Абайдың шығармалары, ол туралы зерттеулер мен естеліктер оқырмандар назарына ұсынылды.

Ашық микрофон алаңында кітапхана оқырмандары мен қатысушылар Абайдың жүрекке жетер жалынды жырларын, терең мағыналы қара сөздерін мәнерлеп оқып, тыңдаушыларды ойға жетеледі. Көрермендер ұлы тұлғаның ұлағатын тағы бір мәрте сезініп, Абай әлеміне терең бойлады.

Мұндай мәдени шаралар жас ұрпақты ұлттық құндылықтарға баулуда, Абай мұрасын ұлықтауда үлкен рөл атқаратыны атап өтілді.

«ББ» ақпарат

Мақаланы әлеуметтік желіге бөлісу
Біздің Бесқарағай