Бесқарағай ауданының әкімі Нұрбек Қошқарбаев жұмыс сапарымен бірнеше ауылдық округтерді аралап, әлеуметтік маңызы бар нысандардың қызметімен және олардың қазіргі ахуалымен танысты.
Алдымен Жетіжар ауылдық округіне қарасты елді мекендерде болып, бірқатар нысандарды аралады. Әкім Жетіжар ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның қызметін көріп, мекеменің материалдық-техникалық базасын тексерді. Сондай-ақ ауылдағы су құбыры жүйесінің жұмысымен танысып, оның қазіргі жағдайына мониторинг жасады.
Жетіжардағы балабақшаға барып, балаларға жасалған жағдаймен танысты. Одан кейін ауыл мектебінде болып, оқу-тәрбие процесін және білім ордасының жаңа оқу жылына дайындығын қарады.
Кривинка ауылына барған сапарында аудан басшысы ондағы су құбыры жүйесінің жұмысын және мектептің жағдайын тексерді. Сапар қорытындысы бойынша жауапты мекеме басшыларына нақты тапсырмалар берілді.
Жұмыс жоспарына сәйкес аудан әкімі Долон ауылдық округіне де барды. Мұнда Мостик елді мекеніндегі ауызсу жүйесінің техникалық жағдайымен танысып, тұрғындарды сапалы сумен қамтамасыз ету мәселесіне назар аударды. Сонымен қатар Мостик негізгі мектебінің жаңа 2025–2026 оқу жылына дайындығын тексеріп, материалдық-техникалық базасы мен санитарлық талаптарға сәйкестігін қадағалады.
Сондай-ақ, округ аумағында орналасқан «Қазақ өнімі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болып, серіктестіктің өндірістік қызметімен танысты. Кәсіпорын басшылығымен кездесу барысында жұмыс барысы, өнім көлемі және алдағы даму жоспары талқыланды.
Жұмыс сапарының келесі бағыты – Глуховка ауылдық округі болды. Мұнда жаңадан салынған өрт сөндіру бекетінде болып, оның материалдық-техникалық жабдықталуын және ауылдағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын қарады. Сонымен бірге Глуховка орта мектебінің жаңа оқу жылына дайындығын тексеріп, ғимараттың санитарлық жағдайына, жылыту жүйесіне назар аударды.
Округ аумағындағы «Балке», «Қалиқанұлы», «Бепен», «Лана» және «Стела» шаруа қожалықтарының жұмысымен танысып, ауыл шаруашылығы саласындағы ахуал мен өнім жинау науқанының барысын талқылады.
Әр сапар қорытындысында аудан әкімі жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар беріп, нысандардың жұмысын жақсартуға бағытталған шараларды жедел қолға алуды тапсырды.