24 шілдеде облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес облыс әкімінің орынбасары С.Төлепбергеновтың төрағалығымен Шипалы көлін электр энергиясымен қамтамасыз ету мәселелері бойынша жұмыс кеңесі өтті.
Кеңеске тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Р.Сейтканов, Бесқарағай ауданының әкімі, сондай-ақ аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы және аудандық жер қатынастары бөлімдерінің басшылары қатысты.
Кеңес барысында Шипалы көлінің маңындағы туризмді дамытуға қажетті инфрақұрылымды жетілдіру, атап айтқанда, электр желілерін тарту мәселелері талқыланды. Шипалы көлінің туристік әлеуеті жоғары нысан екенін ескерсек, оның толыққанды жұмыс істеуі үшін электр энергиясымен жабдықтау маңызды екені атап өтілді.
Шипалы көлін электр желісімен қамтамасыз ету жобасын жүзеге асыру үшін жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу қажеттігі көтерілді. Бұл құжаттама өңірлік үйлестіру кеңесінің қарауына уақтылы енгізілуі тиіс. Қазіргі уақытта бизнес жоспардың жобалау-сметалық құжаттамасы мен техникалық-экономикалық негіздемесі дайындалып, өңірлік үйлестіру кеңесінің қарауына ұсынылды.
Кеңес қорытындысы бойынша тиісті мемлекеттік органдар мен бөлімдерге нақты тапсырмалар жүктеліп, жобаны іске асыру үшін қажетті шаралар анықталды. Бұл бастама аймақтың инженерлік инфрақұрылымын дамытуға, соның ішінде экологиялық туризм саласын ілгерілетуге бағытталған.
Е.РАХМЕТУЛИН,
«Біздің Бесқарағай»