АУДАННЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІН НАЗАРҒА АЛДЫ

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұртай Салихұлы Сабильянов жұмыс сапарымен Бесқарағай ауданында болды.

Сапар барысында халық қалаулысы Жыланды ауылындағы су құбыры желісінің құрылысына барып, мердігер ұйым өкілдерімен кездесті. Жобаны мұқият қарап шығып, жұмысты сапалы әрі уақытылы аяқтау қажеттігін тапсырды.

Аудан әкімі Нұрбек Қошқарбаев депутатты Қара-Мырза ауылына арнайы апарып, жол мәселесін көтерді. Сондай-ақ, осындай мәселенің Бозтал ауылында да бар екенін айтып, оны шешуге қолдау көрсетуді сұрады.

– «Бесқарағай ауданында қордаланған мәселелер аз емес. Біз оларды кезең-кезеңімен шешу жолдарын қарастырудамыз. Бүгінгі сапар барысында Мәжіліс депутаты Нұртай Салихұлы Сабильяновқа осы түйткілді мәселелерді көрсеттік», – деді аудан әкімі.

Айта кетейік, халық қалаулысының сапарына Абай облысы “AMANAT” партиясының төрағасы Айдар Серікқазыұлы Садырбаев та қатысты.

Нұртай Сабильянов Бесқарағай ауданындағы жұмыс сапарын Долон ауылдық округінде жалғастырды.

Аудан әкімі Нұрбек Қошқарбаев халық үшін аса маңызды инфрақұрылымдық мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, ол Долон–Мостик бағытындағы жолдың қазіргі жағдайына тоқталып, бұл бағыттағы қозғалысты қамтамасыз ету үшін қолдау қажеттігін айтты.

Сонымен қатар халық қалаулысы Мостик ауылында салынып жатқан су құбыры желісінің құрылыс барысын көзбен көріп, мердігер ұйым өкілдерімен кездесті. Жобаның сапалы әрі уақытылы аяқталуы тұрғындар үшін өмірлік маңызы бар екенін атап өтті.

Сондай-ақ, депутат пен аудан басшысы Бөдене ауылына қатынайтын паром жұмысының барысын бақылады. Осы ретте Нұрбек Қошқарбаев Долон–Бөдене ауылдарын жалғайтын көпірдің қажеттілігін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, көпірдің салынуы жергілікті халықтың күнделікті тұрмысына зор жеңілдік әкеліп, ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді.

Сапар барысында Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов ауданның туризм саласында жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға назар аударды. Алғашқы нысан ретінде ол Жыланды ауылында салынып жатқан «Zhylandy Eco Village» жобасымен танысып, оның даму барысы мен алдағы жоспарлары туралы ақпарат алды.

Жоба аясында туристік инфрақұрылымды дамыту, ауылға жаңа серпін беру мәселелері қарастырылып отыр. Депутат нысанның даму жоспарын тыңдап, алдағы уақытта оны электр желісі және интернетпен толық қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.

Жаңа жобаның жүзеге асуы аймақта экотуризмді өркендетіп, ауыл халқы үшін қосымша мүмкіндіктер ашпақ.

Бесқарағай ауданы әкімінің баспасөз қызметі.

Мақаланы әлеуметтік желіге бөлісу
Біздің Бесқарағай