Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында біртұтас ұлт болу үшін қоғамдық сананы жаңғырту, ол үшін халық санасына жалпыұлттық құндылықтарды тереңдету қажеттігін көрсеткен болатын. Осы мақсатта елімізде «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы жасалды, өңірімізде де айтарлықтай жұмыстар қолға алынды.
Әйгерім СӘРСЕНҚАЛИ,
«Семей таңы»
Өткен аптада Бесқарағай ауданында «ZOOM» қосымшасы арқылы «Ұлы дала мұрасы» тақырыбында С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті археологиялық зерттеулер орталығының директоры, археолог Виктор Мерцпен кездесу өтті.
Онлайн кездесуге дербес бөлім басшылары мен мамандары, ауылдық округтердің әкімдері, кітапханашылар, мектеп директорлары және мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, тарих мұғалімдері мен оқушылар, Бесқарағай колледжінің студенттері, аудан жастары қатысты.
Кездесу барысында ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Назира Идрисова «Бесқарағай ауданының тарихи-мәдени мұра ескерткіштері» тақырыбында баяндама жасады.
Кездесу барысында Виктор Мерц зерттеуші ретінде қасиетті қарағайлы өлкенің тарихы жайлы толыққанды ақпарат беріп, Жетіжар ауылдық округі аумағынан, жалпы өлкеден табылған жәдігерлерді слайд арқылы көрсетіп, шолу жасады.
Бұл өлкені 2000 жылдан бері зерттеп жүрген Виктор Карловичтің айтуынша, Бесқарағай ауданы археологиялық мұраға бай. Жетіжар ауылының маңынан табылған, қола дәуірі мен ерте темір дәуіріне, Беғазы-Дәндібай мәдениетіне жататын Қараоба қорымы сөзіміздің дәлелі.
– Бесқарағай аймағында 100-ден астам археологиялық нысан бар. Ертістің оң жағалауы мен Кривинка ауылынан Грачи ауылына дейін созылып жатқан Кривинка-Семьяр археологиялық шағын ауданынан тастан жасалған құралдар, керамика және басқа да көне заттар табылған. Мұнда тас дәуірінен бастап орта ғасырларға дейінгі ғылым үшін ең ірі, ең әйгілі және маңызды археологиялық құндылықтар шоғырланған. Атап айтсақ, жекелеген жәдігерлер Долон ауылының маңынан табылса, 70-ші жылдары Канонерка ауылының аумағынан қола дәуірі ескертікші балта табылған. Сонымен қоса, бірер жыл бұрын Грачи ауылынан тұлпардың суреті бейнеленген қола пышақ табылғандығын айта кетуге болады. Мұндай бейнелі жәдігер Ресейдің Омбы аумағында және Бесқарағай аймағында ғана табылған ғылымдағы бесінші нысан,- деді В.Мерц.
Айта кетсек, В.Мерц бұған дейін тек Жетіжар қонысының өзінен 500-ден астам қыш, тас, сүйек және қола бұйымдарды тапқан. Ал Жетіжар ауылына жақын Қараоба кешенінен 50 мыңға жуық қыш сынықтарын кездестіріпті. Бесқарағай жерінен табылған құнды жәдігерлердің барлығы қазір Павлодардағы С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті орнының археологиялық зерттеулер орталығында сақтаулы тұр.
Осылайша, біз археологиялық зерттеулер орталығы директорының аузынан Жетіжар тек зерттеуге арналған бірегей нысан ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасы, қасиетті жер екенін білдік. Қойнауы тарихи жәдігерге толы бұл өлке әрі қарай зерттеуді қажет етеді.
Тарихи тағлымы мол кездесу соңында қатысушылар тақырып төңірегінде толғандырған сауалдарын жолдап, оралымды жауаптар алды.
Бесқарағай аудандық Тілдерді оқыту орталығы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай санитарлық нормаларды сақтай отырып, мекеме қызметкерлері арасында «Ойлы болсаң, озып көр!» зияткерлік ойынын өткізді.
Оған аудан әкімінің м.а Бауыржан Баталов пен ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Назира Идрисова, тілдерді оқыту орталығының директоры Айнаш Әменова төрелік етті.
Ойынға аға буын өкілдері және жастар қатысып, сайысқа түсті. «Сұрақ-жауап», «Ол не? Бұл кім?»,»Тауып көр», «Мақалдап сөйле» сынды төрт кезең бойынша ұйымдастырылған сайыс қызықты әрі тартысты өтті. Өз шеберлігі мен шешендігін, белсенділігін байқатқан аға буын өкілдері жеңіске жетіп, жастарға үлгі, жол көрсетер шамшырақ екендіктерін тағы бір дәлелдеді. Ойын қорытындысында қатысушыларға бағалы сыйлықтар мен дипломдар табыс етілді.