Бесқарағай ауданына жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев және Абай облысы әкімінің орынбасары Мейрлан Раханов келді. Делегация аудан тұрғындарымен кездесіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауының мазмұны мен жаңа бағыттарын түсіндірді.
Кең көлемде өткен кездесуде Мәлік Отарбаев Жолдаудың ел болашағына бағытталған стратегиялық маңызын атап өтті. Оның айтуынша, жасанды интеллектті экономиканың барлық саласына енгізу, заманауи технологияларды тиімді пайдалану, цифрлық құзыретті азамат тәрбиелеу – мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін арттыратын басты факторлардың бірі.
Президент кеңесшісі жастардың жаңа технологияларды игерудегі рөліне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, елдің инновациялық дамуы тікелей жас буынның білімділігіне, ізденімпаздығына және цифрлық дағдыларды меңгеру деңгейіне байланысты.
– «Жасанды интеллект пен цифрлық шешімдерді меңгеру – тек мамандық емес, бүгінгі қоғамның негізгі талаптарының бірі. Жастар елдің озық технологиялық болашағын қалыптастыратын күшке айналуы керек», – деді ол.
Кездесу барысында аудан әкімінің міндетін атқарушы Сұңғат Назаров аудан деңгейінде Жолдауда жүктелген тапсырмаларды жүзеге асыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен бөлісті. Цифрлық инфрақұрылымды дамыту, білім беру жүйесін жаңғырту, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру бағытында бірқатар жобалар қолға алынғаны атап өтілді.
Қоғамдық кеңес төрағасы Ерболат Рахметулин да сөз алып, жергілікті тұрғындардың Жолдауда көрсетілген бағыттарды қолдайтынын, цифрлық трансформацияның ауылдық өңірлер үшін де жаңа мүмкіндіктер ашатынын айтты.
Іс-шара соңында «Жасанды интеллект дәуіріндегі Бесқарағай» атты шағын көрме ұйымдастырылды. Көрмеде аудан жастарының IT жобалары, робототехника элементтері, цифрлық бастамалар таныстырылып, қонақтар тарапынан жоғары бағасын алды.
Сапар қорытындысында қатысушылар Жолдау тапсырмаларын тиімді орындау – ауданның дамуына жаңа серпін беретініне тоқталып, цифрлық өзгерістерге бағытталған жұмыстардың жалғасатынын атап өтті.
