Бесқарағай ауданында өтіп жатқан республикалық «Жаяу жүргінші» жедел алдын алу профилактикалық іс-шарасы аясында жергілікті полицейлер мектеп оқушыларымен түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда.
Осы ретте Бесқарағай ауданының полиция бөлімі Қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік инспекторы, полиция аға лейтенанты Қ.Тақан «Қайрат Рысқұлбеков атындағы орта мектеп» КММ-нің 6-сынып оқушыларымен кездесті.
Кездесу барысында оқушыларға құқық бұзушылықтың алдын алу, жолда жүру ережелерін сақтау, мектептегі тәртіп талаптары, қауіпсіздік шаралары және кәмелетке толмағандардың жауапкершілігі жайлы жан-жақты ақпарат берілді.
Полиция қызметкері балалардың қауіпсіздігі ең алдымен олардың өз саналы әрекетіне байланысты екенін атап өтіп, жол қозғалысы кезіндегі қарапайым ережелерді ескермеу қауіпті жағдайларға әкелуі мүмкін екенін түсіндірді. Сондай-ақ оқушыларға қоғамдық орындардағы тәртіп, интернеттегі қауіпсіздік, бөгде адамдармен қарым-қатынас кезіндегі сақтық шаралары туралы да кеңес берілді.
Кездесу соңында оқушылар полиция қызметкеріне өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, ашық әңгіме түрінде пікір алмасты. Мұндай профилактикалық шаралар жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға да ықпал етеді.

