Бесқарағай аудандық орталық кітапханасында кітапхана ісіне жасанды интеллект пен нейрожелілерді енгізу мәселелеріне арналған ақпараттық-тәжірибелік семинар өтті. Ауданның барлық ауылдық округтерінен келген кітапханашылар жаңа технологиялардың кітапхана қызметін дамытудағы мүмкіндіктерімен танысты.
Семинарды ашқан ауданның ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі басшысының орынбасары Жан Әлжанов қазіргі заманғы цифрлық үрдістердің кітапхана саласына әсерін атап өтіп, ақпараттық технологияларды меңгерудің маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, жасанды интеллектті қолдану оқу мәдениетін дамытуға, оқырманға қызмет көрсетудің сапасын арттыруға және жаңа форматтағы жобаларды жүзеге асыруға жол ашады.
Аудандық орталық кітапхана директоры Динара Кабзолдина жасанды интеллектінің практикалық қолдану тәсілдерін таныстырып, кітапханалардың күнделікті жұмысында нейрожелілерді пайдалану мысалдарын ұсынды. Ол автоматтандырылған каталогтау, оқырман сұранысын болжау, сандық қорларды жүйелеу сияқты бағыттарда AI технологияларының тиімділігін атап өтті.
Семинар барысында бірқатар кітапханашылар салалық және облыстық деңгейдегі марапаттарға ие болды. Марапатталғандардың қатарында: «Қазақстанның құрметті кітапханашысы» медалі – Ж.Ахметова (Ерназар), Н.Рамазанова (Қара-Мырза); Қазақстан Ұлттық кітапханасының алғыс хаты – Л.Хамитова (Башкөл); Абай облысы мәдениет басқармасының алғыс хаты – Г.Тасжанова (Қарағайлы); Абай атындағы облыстық әмбебап кітапхана директорының алғыс хаты – К.Батталова (Қоянбай); Кәсіподақ ұйымдарының құрмет грамоталары мен алғыс хаттары – А.Темірғалиева (Беген), А.Михайленко (Глуховка). Бұл марапаттар олардың кәсіби еңбегінің жоғары бағаланғанының айғағы болды.
Шара барысында Канонерка ауылдық кітапханасының кітапханашысы С.Дүйсембина AI технологияларын кітапхана жұмысында пайдаланудың нақты мысалдарын көрсетіп, қатысушылардың қызығушылығын тудырды. Оның баяндамасы кітапхана қызметін жаңғыртуға бағытталған практикалық ұсыныстармен ерекшеленді.
Семинар қорытындысында кітапханашылар цифрлық сауаттылықты арттыру, жаңа технологияларды меңгеру және оқуды насихаттаудың инновациялық тәсілдерін енгізу бағытында өзара тәжірибе алмасып, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Бұл іс-шара аудан кітапханаларының цифрлық трансформация жолындағы маңызды кезеңіне айналып, кітапханашылардың кәсіби дамуына зор серпін берді.’

