2019 жылы қолға алынған «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы өз нәтижесін беруде. Оны жүзеге асыру арқылы сырттан келетін тауарлар ағымын барынша азайтуға болады. Отандық өнім өндіретін кәсіпкерлерге серпін беріп, бәскеге қабілетті, сапалы тауар өндіріп, ел экономикасын жандандыру үшін бұл бағдарламаға артылған үміт зор.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: «Біздің сауда саясатымызда селқостық болмауға тиіс. Оған біздің тауарларымызды өңірлік және әлемдік нарықта ілгерілететін белсенді сипат дарыту керек. Сонымен бірге, халық тұтынатын тауарлардың ауқымды номенклатурасын игеріп, «Қарапайым заттар экономикасын» дамыту үшін кәсіпорындарымызға көмектесу қажет. Бұл экспорттық әлеуетімізді жүзеге асыру тұрғысынан ғана емес, сондай-ақ ішкі нарықты отандық тауарлармен толтыру үшін де маңызды»,- деп атап өткен болатын.
Мемлекеттің негізгі өзегі саналатын экономика саласын дамыту бағытында жасалып жатқан жұмыстар мен атқарылып жатқан істер баршылық. Қасым-Жомарт Кемелұлы да бұл бағыттағы жұмыстарға басымдық берілуі керектігін тілге тиек етуде.
Басылымның өткен санында аталған бағдарлама шеңберінде агронесие корпорациясы арқылы Бесқарағай ауданында 2020 жылы 134.2 млн.теңге сомасына 6 жоба қаржыландырылғандығын, ауыл шаруашылығы саласында мал шаруашылығы бағыты бойынша жобалардың көпшілігі мақұлданғандығын хабарлаған болатынбыз.
Бағдарлама қаржыландырған 6 жобаның бірі – Долон ауылдық округіндегі «Сайран» шаруа қожалығының басшысы Сайран Қасенов ұсынған мал шаурашылығына бағытталған жоба.
2007 жылы құрылған бұл шаруа қожалығының иелігінде 1399.6 гектар жері бар. Бағдарлама көмегімен 6 млн.800 мың теңгеге 17 аналық ірі қара мал сатып алған С.Қасенов:
-Таныстарым арқылы бұл бағдарлама жайлы білген соң оның жеңілдігін алып, шаруашылығымды кеңейткім келді. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы ауыл шаруашылығын дамыту үшін түрлі мақсаттарға несие алуға мүмкіндік беретіні қуантады. Бағдарлама көмегімен несие алып, мал басы санын арттырдым. Ертеңгі күнге сеніммен қарап отырмыз,- деді қожалық басшысы.
Айта кетсек, «Қарапайым заттар экономикасын» дамытудың мақсаты — халықтың қажеттіліктерін қанағаттандыру және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының импортын алмастыру үшін бәсекеге қабілетті өндіріс орындарын құру.
Ерболат РАХМЕТУЛИН