«Қалиханұлы» қожалығына 1 млрд теңге несие беріледі

 

 

Ауыл шаруашылығын дамытудың бірден-бір жолы – ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге қолдау көрсету. Елімізде аграрлық секторды дамыту мақсатында бірқатар мемлекеттік бағдарламалар қолға алынған. Жуырда «Агроөнеркәсіптік кешендегі инвестициялық жобаларға несие беру» бағдарламасы шеңберінде Абай облысынағы екі шаруашылыққа екі миллиард теңге жеңілдетілген несие беру мәселесі қаралды. 

 

Агроөнеркәсіп саласындағы жобаларды іріктеу жөніндегі комиссия отырысында инвестициялық жобаларды іріктеуді жүзеге асыратын «Семей» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының өкілі Әсет Тынысбеков «Қалиханұлы» шаруа қожалығы мен «Өрнек» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жобалары таныстырды.

2005 жылдан бері сүтті мал шаруашылығымен айналысатын Марат Қалиханұлы 2011 жылы «Қалиханұлы» қожалығын құрған. Бүгінде шаруашылық 2500 бас ірі қара мал, 1000-ға жуық жылқы мен 12 түйе өсіріп отыр. Кәсіпкердің Бесқарағай ауданында мал ұстайтын базы, Семейде сүт өңдеп, 20 түрлі өнім шығаратын сүт зауыты бар. Көкпекті ауданында «Толағай сүт» шағын кәсіпорыны жұмыс істейді. Шаруашылықтың сүт өнімдері көпшілікке «Айша» деген атпен танымал. Аудандағы, Семейдегі 100-ден астам бюджеттік мекемелердің дені «Қалиханұлы» шаруа қожалығының Семей мен Көкпектідегі сүт зауыттарының өнімдерін пайдаланып келеді. Сүт өнімдерінің табиғылығы жоғары болғандықтан да өнімге деген сұраныс жоғары.

Сүт өндірісіне ден қойған шаруашылықта бүгінде 330 сиыр сауылып отыр. Бір сиырдан шамамен 22 литр, тәулігіне 7 тонна сүт өндіретін кәсіпорын күніне 14 тонна сүт өңдеуге қауқарлы. Соңғы үлгідегі сауын аппаратын алып, өндірісті автоматтандырған шаруашылық қазіргі таңда 150 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Сүтті мал шаруашылығынан бөлек, етті мал шаруашылығымен де айналысатын кәсіпкерлікте ет және шұжық өнімдері де өндіріледі.

Әсет Тынысбеков жобаны таныстырып, шаруашылықтың қуаттылығы жөнінде мағлұмат берген соң шаруашылық басшысы Марат Каликов жоспарымен бөлісті.

-Мемлекет тарапынан 1 млрд. теңге жеңілдетілген несие берілсе, 256 бас «Симментал» сиырларын асыл тұқымды сиыр және 7 ауыл шаруашылығы техникасын, сонымен бірге, сүт өндірісіне қажетті жабдықтарды алмақпыз. Жобамыз жүзеге асса, жаңа 15 жұмыс орны ашылады, өндірілген өнімді өңдеуге қауқарлымыз. Мал бағатын және азық дайындайтын егіндік және шабындық жерлеріміз, қора-қопсыларымыз, техникаларымыз – жалпы шаруашылықтың материалдық-техникалық базасы жоспарлы мақсатқа жетуге мүмкіндік береді, — деді Марат Қалиханұлы.

Екінші жобаны «Өрнек» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұсынды. Бұл серіктестік мал және егін шаруашылығымен айналысады. Іргетасы 1996 жылы қаланған шаруашылық 150-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Бүгінде иеліктерінде 1412 бас ірі қара мал,

75 жылқы, 879 бас ұсақ мал тіркелген.  Қазіргі таңда 530 бас сиыр сауылып, күніне 12 мың тонна сүт өндіріліп,  «Восток Молоко» корорациясына өткізіледі.

-Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, серіктестік құрылғаннан бері бизнесімізді құлдыратып алмау үшін әртүрлі бұралаң жолдардан өттік. Бүгінгі күнге дейін екінші деңгейлі банктерінен пайыздық үстемақысы жоғары несиені де алдық. Басты мақсат – өндірісті өркендету еді. Мемлекеттің бұл қолдауын іс істеуге ниетті шаруалар пайдалануы керек деп ойлаймын. Жобамызды жүзеге асыру арқылы шаруашылығымызды кеңейтіп, 350 бас «Симментал» асыл тұқымды ірі қара, 12 ауыл шаруашылығы техникасын және 469 қондырғы алмақпыз,- деді «Өрнек» ЖШС директоры Ержан Қойгельдин.

Жоба жүзеге асса, қазіргіден 7 мың тонна сүт артық өндіріледі. Ержан Тұрсынханұлының айтуынша, «Восток Молоко» корпорциясымен өнімді сатып алу жөнінде алдын-ала келісім жасалған.

Комиссия отырысында жобаларынан бөлек, шаруашылықтардың қуаты сараланып, несие тарихы, мүмкіндігі талқыланды. Бұл саладағы жылдар бойғы қажырлы еңбектерін ескеріп, комиссия мүшелері бір ауыздан жобаларды мақұлдады.

Айта кестек, әр шаруашылыққа 1 млрд теңге несие 1,38 жылдық пайыздық үстемемен 10 жылға беріледі. Алғашқы уақытта кредиттік демалыс та қарастырылған. Шаруашылықтар асыл тұқымды «Симментал» сиырларын Германиядан, ауыл шаруашылығы техникаларын Щвейцариядан, қондырғыларын Турциядан алуды жоспарлап отыр.

Жиынды қорытындылаған Абай облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Анзор Абаев бұл мемлекеттік қолдау сүт өнімі өндірісіне серпін беретіндігіне сенім білдірді.

Айта кетсек, екі шаруашылықты несиелендіру өткен жылы қолға алынған. Биыл облыстың аграрлық секторын дамыту мақсатында  6 млрд теңгеге өтінім беріліпті. Жыл соңына дейін тағы 3 шаруашылыққа 2 млрд. теңгеден жеңілдетілген несие беріледі деген үміт бар.

Мақаланы әлеуметтік желіге бөлісу
Біздің Бесқарағай