Халықтың өмір сүру ұзақтығы қысқарды

Биыл Ел Тәуелсіздігімен бірге Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына да 30 жыл толып отыр. 1991 жылдың 29 тамызында әлемдегі алып сынақ алаңының үні мәңгілікке өшті. Ядролық соғыс қаупін сейілткен бұл тарихи оқиға тек қазақ елі үшін емес, барша адамзат үшін айрықша мәнге ие.

Алғаш рет 1949 жылдың 29 тамызында Семей облысында таңғы сағат 7-де жерден 38 метр биіктікте қуаты 20 килотондық алғашқы атом бомбасы жарылып, сынақтан сәтті өтті. Осы жарылыстан бес ай бұрын, 1949 жылы 18 наурызда, Бесқарағай ауданы  Елубай ауылында дүниеге келген Бексұлтан Ошақбайұлы Жексенаев бала кезінде атом сынақ жарылысын көріп өскендердің бірі.

– Мен туғаннан кейін бес айдан соң, 1949 жылы 29 тамызда, Семейде атам бомбасын сынау басталды. Есімді біліп, ақ пен қараны ажырата бастағанда аяғымыздың астында жер сілкініп, дірілдеп жататын. Жарылыстың дүңкілін естіп, не екенін білмей аң-таң болатынбыз. Біздің ауыл сынақ полигонынан 20-25 шақырым жерде орналасты. Атом бомбасы жарылған кезде үйдегі ыдыс-аяқтар дірілдеп, сылдырлап, терезелер шытанып, мұржадан кірген ауа қысымымен пештің ішінде жанып жатқан күл шашылатын. Қызық көріп, дүрсіл шыққан жаққа барып көретінбіз. Жоғары қарай тура саңырауқұлаққа ұқсақ қып-қызыл түтін көтерілетін. Аң-таң болып тұратынбыз,- деп күрсіне еске алады зейнеткер.

Бексұлтан Ошақбайұлы отбасында жеті ағайынды болған. Бірақ қазір екеуі ғана жер басып жүр. Кейіпкеріміз бауырларының мезгілсіз өмірден озуын атом жарылысының әсерімен тікелей байланыстырады.

– Анам жеті құрсақ көтерген. Қазір қарындасым екеуміз ғана қалдық. Полигонның зардабынан ғой. Бауырларым 40-50 жас аралығында ауруға шалдығып қайтыс болды. Сынақ зардабын шегіп отырған бізге мемлекет аз-мұз қарайласады, бірақ жеткіліксіз. 1948 жылға дейін туғандар ғана жәрдемақы алады. 1948 жылы және одан кейін туғандар сынақ полигоны аумағында тұрғаны үшін жәрдемақы алмайды. Бізден туған балалар да зардап шекті ғой. Сондықтан бұл мәселені қайта қарастыру керек,- дейді Бейсұлтан Ошақбайұлы.

Елубай ауылы 1961 жылы Николаевка ауылына қосылыпты. Қазір мұнда мыңға тарта адам тұрады. Зейнеткердің айтуынша, ауылда қатерлі ісік, туберкулез, қант диабеті сырқаттары кең таралған.

– Өмір бойы мал дәрігері болып еңбек еттім. Денсаулық сақтау саласынан аз да болса хабарым бар. Жерлестерім қант диабеті, қатерлі ісік, туберкулезбен көп ауырады. Тұрғындардың өмір сүру ұзақтығы орта есеппен 60-63 жас аралығы. Көбі зейнеткерлікке де жетпейді. Өзім 1988 жылдан жүректен ауырамын. 2016 жылы қатерлі дертке шалдықтым, бір өкпемді алып тастады. Мұның бәрі полигон зардабы екені анық. Бесқарағай ауданы ең көп соққы алған ауданның бірі ғой. Сондықтан мемлекет бізге қарайласса екен. Кезінде Семей облысының І хатшысы болған, сынақ полигонын жабуға көп күш салған Кешірім Бозтаевпен кездескен едім. Олжас Сүлейменов екеуі полигонды жабу үшін көп еңбек етті,- дейді Б.Жексенаев.

Бүгінде 3 баланың әкесі, жеті немеренің атасы Бексұлтан Ошақбайұлы ендігі әрі мұндай зұлмат қайталанбаса екен деп тілейді.

– Қазір полигон аумағына ешкім де аяқ баспайды, қорқады. Ол жерге шөп те шықпайды. Кезінде әскерде жүргенде орыс офицерлері Семей сынақ полигоны туралы түк білмейтін, айтсақ сенбейтін. Зардабын халқымыз көрді, түрлі ауруға шалдықты. Енді қайталанбасын. Халқымыз аман, бауырымыз бүтін, ұрпақтарымыздың дені сау болса екен. Бейбітшілікте өмір сүрейік,- деп сөзін аяқтады кейіпкеріміз.

Жадыра ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ

Мақаланы әлеуметтік желіге бөлісу
Біздің Бесқарағай