ГЕНДЕРЛІК САЯСАТ ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан әйелдердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау саласында гендерлік саясатты жүзеге асыруда бірқатар жетістіктерге жетті.

Бұл саясатты сынап не болмаса қолдаудан бұрын осы саясат туралы не білеміз? Әрі гендерлік саясаттың қазақ халқына тигізер әсері бар ма? Еліміздегі гендерлік саясаттың дамуы үшін жасалған іс-шара мен атқарылған жұмыстар қандай? Осыған қысқаша шолу жасасақ:
Гендерлік саясат дегеніміз – әйел қауымын ерлермен тең дәрежеде билікке тарту, ана мен балаға айрықша әлеуметтік жағдай жасау, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу сияқты мәселелерді шешу болып табылады.
Біздің елдің гендерлік теңдік мәселесіндегі әрекетін 1994 жылы Президент жанындағы Адам құқығы жөніндегі Комиссиясының құрылған кезінен бастап көрсетуге болады. 1995 жылы қазақ елінде Қазақстан әйелдерінің бірінші форумы өтті. Осы жылы Ата Заңымыз қабылданды. Ал, 1998 жылы Қазақстан әйелдерінің екінші форумы өтті. Қазақстан БҰҰ-ның әйелдерге қатысты кемсітушіліктердің барлық түрін жою туралы Конвенциясына қосылды. БҰҰ-ның «Әйелдер саяси құқығы туралы» және «Тұрмыстағы әйелдердің азаматтығы туралы» конвенцияларын ратификациялады. 2005 жылы бекітілген «Қазақстан Республикасындағы 2006-2016 жылдарға арналған гендерлік теңдік стратегиясы» гендерлік саясатты жүргізудің жөн-жобасын көрсеткен маңызды құжатқа айналды. Осы құжатта шешім қабылдау деңгейіндегі әйелдердің үлесін 30 пайызға жеткізу көзделген.
Бүгінгі таңда елімізде гендерлік саясат өріс алып, әйел құқығының қоғамдағы рөлі айқындала бастады. Қыз-келіншектердің құқығы қорғалып, олардың қоғамдағы рөлін көтеру ісі мемлекеттік дегейде айналыса басталды. Әр түрлі қызметтің биік шыңдарында әйелдер ерлермен иық тіресе қызмет етіп жүргені бәрімізе мәлім. Ең бастысы, әйел қоғамның тең құқылы мүшесі екендігінде.
Қазір ғылым, білім, техника дамыған заман. Осының нәтижесінде билік тізгінін ұстаған әйел қауымының саны арытуда, ол жағдайды кім болса да мойындайды. Қазіргі таңда бюджеттерді және әлеуметтік-экономикалық дамудың мемлекеттік бағдарламасын дайындау үрдістерінде гендерлік көзқарасты енгізу қолға алынып жатыр. Әйелдер өздерінің жеке басының әлеуеті мен адами әлеуетін іске асыра отырып, әлеуметтік дамудың барлық процестеріне тең дәрежеде қатысатындығы азаматтық қоғамның одан әрі жетілуіне ықпал ететіні сөзсіз.

М.АЛИМХАНОВА,
Бесқарағай аудандық сотының
кеңсе меңгерушісі

Мақаланы әлеуметтік желіге бөлісу
Біздің Бесқарағай