Ерлікке тағзым

Биыл Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 36 жыл толды. Ауған жерінен кеткеніне ширек ғасырдан астам уақыт өтсе де, бұл соғыс майданегерлердің мәңгілік жан-жарасына айналды. Жалындап тұрған жас шағында мыңдаған азаматтар жат елде жан тапсырып, тірі қалғандар майданнан түрлі жарақатпен оралды.

Бесқарағай ауданынан Ауған асуына 81 жауынгер аттанып, олардың 4-еуі майдан даласында көз жұмды. Қаншама жауынгер мүгедек болып оралды. Азаматтық борышын өтеуге аттанған жауынгерлер ел мен жерді қорғауды бірінші орынға қойып, қайсарлықтың, төзімділіктің биік үлгісін көрсетті. Бұл — тек тарих қана емес, батырлық пен патриотизмнің айқын үлгісі.

15 ақпан күні Бесқарағай ауданындағы Батырлар аллеясында Ауған соғысы ардагерлеріне құрмет көрсетілді. Шараға аудан әкімі Нұрбек Қошқарбаев, аудандық мәслихат төрағасы Мейрамгүл Абылгазинова, Ауған соғысы ардагерлері кеңесінің төрағасы Қайрат Асылханов және интернационалист жауынгерлер, әскерилер, аудан тұрғындары қатысты. Олар интернационалист-жауынгерлердің ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, бақилық болған жауынгерлерді 1 минут үнсіздікпен еске алды.  Іс-шараның маңыздылығына тоқталған  Нұрбек Тұрсынқанұлы Отан алдындағы парызын абыроймен өтеген азаматтардың ерлігі ешқашан ұмытылмайтынын, кейінгі ұрпаққа үлгі  екенін атап өтті.

-Ауған соғысының тарихи мағыналық ақиқатын ашу, тәуелсіздік жолында күрескен ағаларымыздың ерлігін кейінгі ұрпаққа үлгі ету, бүгін өзімізбен бірге елінің көсегесін көгертуге атсалысып жүрген ардагер жауынгерлерді қадірлеп, құрметтеу — біздің қасиетті борышымыз!» — деді Нұрбек Қошқарбаев.

Ауған соғысы ардагерлері кеңесінің төрағасы  Қайрат Асылханов ауған соғысы мен оған теңестірілген басқа да соғыс ардагерлерінің басынан кешкен қиындықтары туралы айтып өтіп, ержүрек ағалардың батырлығы кейінгі ұрпаққа үлгі екенін айтты.

Бұдан бөлек, Бесқарағай ауданында Ауған соғысына қатысқан ағаларымыздың көзсіз ерліктерін дәріптеу, соғыс қасіретін бүгінгі жас ұрпаққа ұғындыру және отан қорғаудағы ержігіттердің міндетін асқақтату мақсатында бірқатар шаралар ұйымдастырылған. Ауылдық округтердегі мектептер мен кітапханаларда интернационалист жауынгерлермен кездесулер ұйымдастырылып, тарихқа шолу жасалған. Сонымен қоса, аудан орталығында аудан әкімі Нұрбек Қошқарбаевтың қатысуымен «Ерлікке тағзым» тақырыбында  кездесу өтті. Кездесуге ардагерлер мен жастар қатысты.

Кездесуде аудан әкімі Нұрбек Қошқарбаев ауған соғысы ардагерлерін мерекемен құттықтап, алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыстады.

Шара барысында ардагерлер қиындығы мен қасіреті мол ауған соғысы кезіндегі жауынгерлік тапсырмаларын қалай орындағандары, әртүрлі ұлттан құралған әскер қатарының мызғымас достығы мен көрсеткен ерліктері туралы, олардың әрқайсы интернационалдық борыштарын қаншалықты адал орындап шыққаны жайлы айтып берді. Аудандық Мәдениет үйі ұжымы шағын концерттік бағдарлама ұсынды. Әуелеткен әндер, әсерлі әңгімелер жанды тебірентіп, сонау жылдардағы отты майданда айнымас дос таба білген ардагерлердің әңгімелері оқушылардың естерінде көпке дейін сақталары сөзсіз.

 

Мақаланы әлеуметтік желіге бөлісу
Біздің Бесқарағай