«Мектепке жол»
2022 жылы «Мектепке жол» Республикалық акциясы балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету мақсатында Балалар жылын іске асыру шеңберінде өткізіледі.
Акцияның мақсаты — аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан оқушыларға, жетім балаларға, сондай-ақ ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға оқу жылының басталуына дайындық кезінде материалдық қолдау көрсету және әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке келмеуінің алдын алу. Акция ағымдағы жылдың 1 тамызынан 30 қыркүйегіне дейін жалғасады.
«Мектепке жол» акциясы аясында қайырымдылық шаралары ұйымдастырылуда. Жыл сайын жаңа оқу жылының қарсаңында «Мектепке жол» акциясыын өткізу дәстүрге айналған. Осыған орай сіз болып, біз болып бастаған демеушілік өз жемісін берері сөзсіз. Жалпыға міндетті оқу қорының үкімет тарапынан бөлінген қоры аясында көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға, оқу жылының басталуына дайындық кезінде материалдық қолдау көрсету жоспары бойынша жүзеге асырылып жатыр. Бозтал ауылының көпбалалы, аз қамтылған 4 отбасындағы 8 балаға үкімет тарапынан мектепке қажетті киімдер берілді .
Өскелең ұрпаққа жақсы тәрбие беріп, қолдап, қолпаштауды жөн көрген ауылдастарымыз да өз үлестерін қосуда. «Жадыра »шаруа қожалығының басшысы Боранбай Дюсембаев Асайұлы көп балалы отбасының 2 оқушысына қаржылай көмек көрсетті. Сонымен қатар Бозтал орта мектебінің ұлағатты ұстаздары да қайырымдылық шарадан қалыс қалмады.
Ж.ШУКЕНОВА,
«Біздің Бесқарағай» газетінің штаттан тыс тілшісі,
Бозтал ауылы
Шекарасыз жақсылық
Балалар жылында бұл акция «Мектепке жол – Шекарасыз жақсылық» ұранымен өтіп жатыр. Акция қыркүйек айының соңына дейін жалғасады. Науқанға еріктілер, бизнесмендер, меценаттар, үкіметтік емес ұйымдар сынды кез келген адам қатыса алады.
Қатысушылар мұқтаж отбасылар мен балаларға қолдау көрсете алады. Акция аз қамтылған, көп балалы отбасылардан шыққан мектеп оқушыларына, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қажетті көмек көрсету мақсатында өткізіліп отыр. Осылайша әлеуметтік себептермен балалардың мектепке бармауының алдын аламыз. Білім беру ұйымдарында «жедел желі» үздіксіз жұмысы ұйымдастырылған. Қиын өмірлік жағдайға тап болған барлық бала мен ата-ана көмек сұрай алады.
Қайырымдылық – адамзат баласының ең ізгі, асыл қасиеттерінің бірі. Ал қазақ халқы бұл қасиетті бала бойына ерте жастан сіңіруге талпынады. Бүгінде өзінің жомарт жүрек иесі екенін көрсетіп, көпке сая болып жүрген азаматтар біздің өңірде баршылық. Істері көпке үлгі, ұрпаққа өнеге болған азаматтардың бірі — Амангелді Сагнаев.
мерекелік, қайырымдылық шараларын өткізуде маңызды істерге қолдау көрсетіп, демеушілік танытатын Амангелді Сагнаевтай азаматқа зор денсаулық, отбасына бақыт тілейміз.
Осындай акциялар барысында демеушілік танытып, барынша көмектесіп жүрген жомарт жандарға алғысымызды білдіре отырып, әлі де мектебімізде игі істер жалғасын табады деген сенімдеміз.
Ш.САДЫКОВА,
Н.Баймұратов атындағы орта мектебінің тәрбие ісінің меңгерушісі,
Ж.АЛПЫСОВА, қамқоршы кеңесінің мүшесі
ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ – АСЫЛ ҚАСИЕТ
«Қайырымдылық жасасаң, Қайырын өзің көресің» дейді қазақ xалқы. Қайырымдылық-адамзат бойындағы ерекше бір қасиет болып саналады. Қайырым-дылық ізгіліктің, адамның адамға деген таза ниетін, адамгершілік қарым-қатынасын көрсететін адамдардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі мен көмегі.
Қазіргі таңда елімізде әр түрлі акциялар мен іс-шаралар, қайырымдылық қорлары арқылы қол ұшын созатын ізгі жандар көбейіп келеді. Ерназар ауылдық округінде бей-жай қарамайтын азаматтар, кәсіпкерлер, меценаттар акцияға қосылып, мұқтаж жандарға қол ұшын созып жатыр. Қазіргі таңда «Сматов» жеке кәсіпкер Б.Сматов, ауыл имамы Е.Курманов, ауылдық почта бөлімшесінің басшысы Ж.Б.Кайдарова, қамқоршылық кеңесінің мүшесі М.Баширова, мектеп әкімшілігі, «Акежан» дүкенінің иесі Г.Мухамедиева, мектептің қамқоршылық кеңесінің демеушілігімен 158 000 теңгеге арнайы санаттағы 11 оқушыға мектепке қажетті киім кешек пен құрал жабдықтар, мектеп сөмкелері табысталды. Сонымен қатар Сосновка орта мектебі бойынша жаппай оқыту қорынан атаулы санаттағы 52 оқушыға мектеп формасы мен қысқы аяқ киімге тапсырыс берілді. Осындай ауқымды акцияға қатысып өздерінің қайырымдылықтарын білдіріп жатқан азаматтарға үлкен алғыс білдіре отырып, дендеріне саулық, бастаған істеріне сәттілік тілейміз.
Қайырымдылық акциясы әлі де жалғасын табуда. Ауылымыздың жанашыр азаматтары әлі де қол ұшын созады деген сенімдеміз.
К.ТУРЛЫБАЕВА,
Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары
Жуырда Жетіжар ауылдық округі әкімшілік ғимаратында Семияр орта мектебі, қамқоршылық кеңесі және аналар кеңесімен бірлесіп, «Мектепке жол» жалпыұлттық қайырымдылық акциясын ұйымдастыру және өткізу мақсатында жиналыс өткізілді. Жиында мектепке дайындық мәселелері талқыланды. Округімізде 6 жетім бала, аз қамтылған отбасынан шыққан 23 оқушы бар. Серіктесік, қожалық басшылары мен жеке кәсіпкерлер акциядан қалыс қалмады. Олар аз қамтылған отбасы балалары мен жетім балаларға қайырымдылық көмек көрсетті. Осылайша, балалар мектепке дайын.
«Жылуы жоқ үйден без, қайырымы жоқ биден без», — дегендей қайырымдылық, адамгершілікті биік ұстап, кісілікті ту етіп, көкірегі қаяулы, жаны жаралы жанның жасын сүртіп, жылы лебізін аямай, қолдан келген жәрдемін ұсынып, достық пейілдерін таныта алатын жандардың арамызда әлі де бар екендігі қуантады. Олай болса, мектебіміздегі әлеуметтік жағдайы төмен оқушыларға көмек көрсеткен демеушілерге мектеп ұжымы атынан үлкен ризашылығымызды білдіре отырып, мектебімізде әлі де осындай игі істер жалғасын табады деген сенеміз.
Семияр орта мектебінің ұжымы