ӘНУАРБЕК БАЙЖАНБАЙДЫҢ ӨНЕРДЕГІ СЕГІЗ СЕРІЛІГІ

 

Әнуарбек Нығметжанұлы Байжанбаев (26.3.1923, Семей — 27.10.1989, Алматы) — диктор, Қазақстанның халық артисі (1973). Ұлы Отан соғысына қатысқан. 1944 жылы елге оралғаннан кейін, Қазақ радиосына диктор болып орналасады. Алғаш эфирге шағын хабарландыру оқып шыққаннан (24.6. 1944) бастап өмірінің соңына дейін Қазақ радиосында, теледидарында (1958-1962) диктор, аға диктор болып қызмет атқарған. Эфир арқылы берілген республиканың тыныс-тіршілігі жайлы әр түрлі жаңалықтар, саяси хабарлар ұзақ жылдар бойы мыңдаған тыңдаушыларына Байжанбаевтың ашық та әуезді, кең тынысты үнімен жетті. С. Жақанова, З. Бекетова, Ж. Асқарова, М. Сержанов, М. Қуатбеков, Ә. Бөлебаев, т.б. қазақ дикторларына ұстаздық еткен. 1-дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталған. Ол тұрған үйге мемориалдық тақта орнатылған (1991).

Дикторлық өнер туралы Әнуарбек Байжанбаев: «Шебер дикторлықтың бір пернесі, тіпті, түп-төркіні шешендік өнерде жатыр. Маман диктор – дайын текстті оқу мәдениеті ерекше жетілген адам. Ал сөйлеу мәдениетін меңгеру шешендік өнермен тығыз байланысты», – деп баға береді.  Яғни, диктор тек зор дауыстың иесі ғана емес, шешендік өнерді терең меңгерген адам болу керектігі туралы айтады. Шешендік өнерді дұрыс меңгерген диктор қай ортада болмасын саспай, өз міндетін дұрыс атқарады. Диктор тек дауыспен құбылтып, дайын мәтінді оқып беретін адам емес. Ол нағыз журналистік қабілеттерге ие, әлемде, елде болып жатқан оқиғалар мен түрлі жағдайлардан хабардар болып, оларға баға беріп, талқылай алатындай білімді болғаны маңызды. Шынайы ақпарат бере отырып, тыңдарманға жеткізе білу арқылы ғана диктор тыңдармандарын өзіне баурай алады. Осы тұрғыда Әнуарбек Байжанбаев: «Диктордың негізгі құралы – әуезді үн. Әуезді үн арқылы мәнді де терең мағыналы сөзді діттеген жеріне жеткізе білу керек. Сөзді ойнатып оқу өте маңызды. Себебі, жігерсіз сөз жүрекке жетпейді», – дейді. Дәл осы бір тұщымды пікір бүгінгі және болашақ журналистердің, дикторлардың санасында темірқазық секілді жатталып қалуы керек.

    Әнуарбек Байжанбаевтың әкесі Нығыметжан Байжанбайұлы Семей өңірі, Шыңғыс тауының бөктерінде, ұлы ақын Абайдың ауылдасы, досы да болған. Шешесі Фатиха өз заманында «Әнші апа» атанған кісі екен.

Әнуарбек Байжанбаевтың өзі еңбек жолын 1931 жылы Алматыда, мектепте оқып жүрген шағында бастапты. Қалаға көшіп келген ата-анасына қолғабыс ету мақсатында Социалистік Қазақстан газетінің баспаханасында хат тасушы болып жұмыс істеген. С. Сейфуллин, М. Әуезов, С. Мұқанов секілді классик жазушыларымызға хаттар, қолжазбалар, кітаптар жеткізіп отырған. Солардың арасында жүріп бала Әнуарбек көркем шығармаға ден қойып өседі.

1940 жылы Қазақ коммунистiк журналистика институтына оқуға түседі. Соғыс басталғанда алғашқылардың бiрi болып соғысқа аттанған ол, 1943 жылы майданда аяғынан ауыр жараланып, елге оралады.

Сол жылы, кезінде баспаханада бірге істескен, кейін Республикалық Радио тарату комитетінің бастығы болған Омарғазы Оспанов оны радиоға дикторлыққа шақырады. Содан өмiрiнiң соңына дейiн, 50 жылдай радиода қызмет атқарады.

Қазақ радиосының алтын қорында бүгінде әйгілі диктордың оқуында 400-ден астам жазбалар, он мыңдай әдеби, музыкалық хабарлар сақтаулы.

     Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың да радиода қызметке тұруына Әнуарбек Байжанбаевтың септігі тиген екен. Мұқағали 60-жылдары Алматының Көк базарында ұн сатып тұрса керек. Ұн са­тамын…Нарынқолдың ұны…Келіңдер… де­ген зор дауысты ес­тіп, әкеміз солай қарай аяңдайды. Сөйтіп, Мұқаңның ерекше дауысын ұнатып, Қа­зақ радиосына же­те­леп әке­ліп, диктор етіп қабылдатқызады. Екеуі бір-бірін өле-өлгенше құрмет­теп өтті, — деп еске алады Арыс Әнуарбекұлы.

Әнуарбек Байжанбаевтың әсерлі сөз саптауы бөріктілер дауысының эталонына айналды. Әйгілі Левитанға еліктемесе де, шеберлікке деген құрмет пен сүйіспеншілік оны бәрібір «Қазақтың Левитаны» атандырды.

Әнуар Байжанбаев та  сон­дай қарапайым, кішіге аға, үлкенге іні. Керегінде әрқашан қасыңнан табылатын қарапайым, ақжарқын жігіт еді. Өмір оны ерте есейтіпті. Отбасының жағдайына орай мектепте оқып жүрген кезінің өзінде еңбекке араласыпты. Тұрған үйінің жанындағы баспаханаға хат тасушы болып орналасып, жақсы ортаға тап болады. Баспахананың жұмысы қызық екен. Сан қилы кітаптар бірінен соң бірі үсті-үстіне шығып жатады. Арасында өлең, әңгіме жинақтар да аз емес. Авторлары әйгілі жазушылар, ақындар. Беттерін ақтарып оқи қалсаң, еріксіз тартып, баурап алып кетеді.

Дик­тор­лық мамандық сиқырлы сезімнің, сезімтал өнердің ада­мы екеніне, оның негізгі құралы әуезді үн, мағыналы сөз­ді жеріне жеткізе оқи білуі екендігіне көзін жет­кізді.

Соғыс жылдарында радиода қосымша диктор болып қызмет істеген атақты артист Шәкен Айманов Әнуарды өзі­не көмекші етіп алды. Жас өседі, қанат қатаяды. Әнуар да жүре келе қалаған мамандығының шыңына кө­теріліп, тыңдаушылардың жүрегіне жол тапты. Атақты жазушы Сәбит Мұқанов: «Әнуарбек оқыса солғын шығарманың өзі торғын жі­бектей құлпырады» десе, абзал ақын Тайыр Жароков: «Әнуарбек ініме өте ризамын, өлең оқығанда айызыңды қандырып, елді сілтідей тындырады», – деп шын ықылас пен қошамет көрсетіп жүрді.

– Бірде, – деп еске алатын Ән-аға. – Көпке мәлім ардагер азамат, жауынгер жазушы Бауыржан Момышұлы көркем жазылған бір мақаласын маған радиодан оқып беруді ұсынды. Баукеңнің өзі де әдеби дүниені құлпыртып оқитынын білетін едім. Сонда да өзінің орнына мені қалағаны қатты толқытып, тебірентіп жіберді. Батыр ағаның сенімін ақтап шықсам екен, – деп мұқият дайындалдым. Еңбегім еш кетпеді. Мақала радиодан оқылысымен-ақ Баукең телефон соғып: «Жарайсың, Әнуарбек! Өз дүниеме өзімнің сай-сүйе­гім сырқырап кетті. Көп рахмет!» – деді.

Иә, жақсы адам шынында да қай уақытта болса да аспандағы жарқыраған жұлдыз сияқты ғой. Оның нұр сәулесі тек өзіне ғана емес, өзгелерді де нұрландырады. Ән-аға осылай қалтқысыз қызмет атқара жүріп, соңына ерген шәкірттеріне де өнегелі ұстаздық көрсетті. Олар­дың ішінен Мәмбет Сержанов, Сауық Жақанованы, Жәнел Асқарованы, Мырзабек Қуатбековты ерекше атап көрсетуге болар еді. Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, танымал диктор Сауық Жақанованың да Ән-ағамен бірге қызмет істеп, біте қайнасқаны да күні бүгінге дейін есінде жү­реді.

Алыс-жақынды білмейтін миллиондардың қағазсыз га­зеті атанған Қазақ радиосының Алтын қорында әде­биетіміз бен мәдениетіміздің ұлағатты өкілдерінің, қара­пайым еңбек адамдарының, өскелең ұрпақтардың өкіл­дері жайлы сырлы да, сазды хабарлары сақталған.

Міне, сол хабарларды дайындауға, эфирге шығаруға мол еңбек еткен Қазақ­стан­ның халық әртісі Әнуарбек Байжанбаев ағамыздың туғанына 100 жыл.

…Анда-санда радиодан мұрағаттағы бағдарламаларды беріп қалады. Тыңдарман қауым Әнекеңнің магниттей тартып, еріксіз баурайтын дауысын тани кетеді. Радиомен бірге жасап келе жатқан сол дауыстың иесі араларында жүргендей көрінеді.

Осындай халқының жүрегімен бірге дүрсілдеп соққан алтындай тұлға, өкінішке орай өмірден ертеректеу қайтты… Сағыныш сәулеге оранып боялған сыңғыр даусындай күздің соңғы айларында Әнуарбек Байжанбаев 1989 жылы 21 қазанда 66 жасында дүние салды. Бір басының өзінде сегіз қырлы саф өнер тұнған «сегіз сері Әнуарбек» әлі күнге шейін елінің есінде, өнердің көшінде. Сөйтіп, ұлтының руханият әлемінде, мәңгі өшпес мол-мұра қалдырған дара талант иесі — Әнуарбек Байжанбаев темірқазық іспетті шоқжұлдыздай жарқырап тұратыны ақиқат!

 

  1. Дереккөздер:

↑ Абай. Энциклопедия. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, «Атамұра» баспасы, ISBN 5-7667-2949-9

↑ «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, II том;

  1. https://el.kz/amp/
  2. https://turkystan.kz/
  3. https://www.inform.kz/kz/kazakstannyn-halyk-artisi-anuarbek-bayzhanbaev-turaly-uzik-derekter_a2642221
  4. https://imena.pushkinlibrary.kz/kz/kzusstva/kino-i-tv/diktorlar/837-.html
  5. https://qamshy.kz/article/1180-dauylpaz-diktor-anuarbek-baydganbaev

 

Ерік Омарғалиев,

Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейі,

Мақаланы әлеуметтік желіге бөлісу
Біздің Бесқарағай