Елімізде коронавирус инфекциясына шалдығу жағдайы жиілеп кетті. 3 тамыз күнгі мәлімет бойынша Қазақстанда өткен тәулікте 7519 адамда коронавирус індеті ПТР арқылы расталған. Жалпы ел бойынша ауырғандар саны 602952 адам. Бұл біз қуанатын көрсеткіш емес.
Бесқарағай аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының дерегіне сүйенсек, 2021 жылдың басынан бастап бүгінгі күнге дейін Бесқарағай ауданында COVID-19 індеті расталған 96 науқас тіркелген. Оның 68-і клиникалық симптомды болса, 28-і вирус тасымалдаушы.
Індет жұқтырған адамдардың саны күрт өсуіне байланысты жуырда президент Қасым-Жомарт Тоқаев эпидемиологиялық ахуал жөнінде кеңес өткізді.
– Ең бастысы – аса ауыр науқастардың көбеюін болдырмау, адам өмірін сақтау. Сондықтан, оның бір ғана жолы бар. Бұл – жаппай вакцинация, екпе салу. Қалыптасқан ахуалдың өте күрделі екенін ашық айту керек,- деді мемлекет басшысы.
Расында да, алғашқы сәтте вакцинаға үреймен қарағанымызбен, індетке шалдықпас үшін қазіргі таңда отандастарымыз ерікті түрде екпе алып жатыр.
-Ата-анамыз балаларын аралаймыз деп, өзге облысқа сапар шекті. Оралған соң екеуі де қатты ауырды. Анам әлі ауруханада жатыр. Індет үйдегі жарым мен балаларымды да алқымынан алып, әбігерге салды. Бір үйде тұрып, бір ауамен тыныстаған отбасында мен ғана COVID-19-ға шалықпадым. Иммунитетімнің мықтылығынан гөрі бұл вакцина алғандығымның әсері ме деп ойлаймын,- дейді Жарас Серікұлы.
Бүгінгі күні ауданға Спутник V вакциналарының 14290 дозасы жеткізілді. 13966 адам екі компонентпен вакцинацияланса, 8220 адамға бірінші компонент, 5746 адамға екінші компонент салынған.
Айта кетсек, ауданда 10 екпе егу пункті жұмыс істеп тұр. Медицина мамандары екпе алу жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
«Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын тап» деген халық даналығынына сүйенсек, екпе алудың және санитарлық талаптардық сақтап, той-жиындардан бас тартып, індеттен қорғанудың маңызы зор.
— COVID-19 инфекциясына алғашында сенбедік. Көзіміз жетсе де қаперге алмадық. Соңында не болды? Індет мені де айналып өтпеді. Қатты ауырдым. Жаным қиналған сәтте антына адал ақ халаттылардың көмегіне жүгіндім. Қазір оңалып келе жатырмын. Бірақ, қалыпты өмір сүруіміз үшін барлық санитарлық талаптарды ұстанып, денсаулығымызды қорғауымыз керек,- деді аудандық ауруханада короновирус инфекциясымен емделіп жатқан аудан тұрғыны Анна Панченко
Әйгерім СӘРСЕНҚАЛИ