Тағылымды тәрбие – бала болашағының іргетасы. Қазақтың қарадомалақ балалары әлемдік деңгейде ел мерейін асыруда. Қарапайым ауылдан шыққан талай баланың жұлдызы жанып, қабілетімен дарындылар қатарына қосылды. Иә, қай кезде де мемлекет баланың үздіксіз дамуына инвестиция құюды тоқтатпайды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Балалар жылы» деп жариялап, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек екенін айтып, тапсырма берген болатын. «Әңгіме жалаң ұран мен мерекелік шаралар туралы емес. Бірінші кезекте билік тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз»,– деп, бұл жылда атқарылатын жұмыс нәтижесін құр даңғыра сөзбен емес, нақты іспен көрсету керектігінде ескертті.
«Бүгінгі күн – кешегінің жемісі, ертеңгінің болмысы», — дейді дана халқымыз. Қай мемлекеттің болсын ертеңi – бiлiмдi жастардың қолында. Президент тапсырмасына орай ауданымыздағы білім ошақтарына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жас ұрпақтың алаңсыз білім алуына жағдай жасалып отыр. Сонымен бірге, бүлдіршіндердің игілігіне ағымдағы жылы бірқатар ауылдарда балалар алаңы ашылып, қуанышымызды еселей түсті.
Бәсекеге қабілетті ұрпақты тәрбиелеу жолында өзіндік үлесін қосып жүрген мектебіміз жайлы айтуды жөн көрдік. Біздің білім ордамыздың ойы озық, шығармашылығы шырқау, ізденісі ілгері ұстаздары білім бәсекелерінде белсенділік танытудан танған емес.
Мектеп партасында отырған әрбір баланы білімді, дарынды, өнерлі, интеллектуалды етіп тәрбиелеу күн тәртібінен түспейді. Қазіргі таңда Семеновка орта мектебіндегі 145 оқушыны 36 білікті ұстаз біліммен қанаттандыруда.
Жас та болса терең танымымен, тынымсыз ізденісімен тың серпіліс танытып үлгерген үлгілі ұстаз, физика пәнінің мұғалімі Г.Жексенаева аяқталған оқу жылында аудандық байқауда І орын, ал республикалық олимпиададан ІІІ орын иегері атанды. Облыстық кезеңде Ж.Сансызбаева, И.Мухамеджанова І дәрежелі дипломмен мадақталса, А.Бердалина ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды.
Тарих және география пәндерінен ұйымдастырылған олимпиаданың аудандық кезеңінде К.Байзакова жүлделі І орын иегері атанды. Республикалық бастауыш сынып мұғалімдері арасында ұйымдастырылған додада мектебіміздің мұғалімі М. Алмас екінші орынды қанжығасына байлады. Республикалық «Үздік информатика пәнінің мұғалімі» сайысында Семеновка орта мектебінің мұғалімі А.Тлеугабылова топ жарып, І орын иегері атанды. Мектебіміздің ұстаздары қолөнер, спорт және басқа да өнердің түрлерін жақсы меңгерген. Халықаралық ретроспективті көрмеде Е.Қаббастың сапалы жұмысы үшін «Графикалық дизайн» жоғары дәрежелі дипломымен марапатталуы сөзімізді қуаттай түседі.
«Жақсы ұстаздан шәкірт озады» демекші, мектеп оқушылары да өткен оқу жылында көптеген жетістіктерге жетті. Қараша айында ұйымдастырылған ғылыми – тәжірибелік конференцияда 10 сынып оқушысы Мөлдір Құрманғалиева гран-при иегері атанып, республикалық кезеңге жолдама алды. Жетекшісі, химия пәнінің мұғалімі Ж.Сансызбаева алғыс хатпен марапатталды.
Аудандық олимпиадаға қатысқан 17 оқушының сегізі жүлделі орын алды. Бұл жақсы көресткіш деп ойлаймыз. Сонымен қоса, «Мың бала» сайтына 23 бала тіркелсе, «Асыл тас» сайысына 19 оқушы қатысты. Барлығы дерлік жүлделі орындарға ие болды.
Біз өмір сүріп жатқан ғасыр – білектілердің емес, білімділердің ғасыры. Білімге қол созғандардың қашан да бүгіні жарық, болашағы жарқын. Болашақтың іргетасын қалайтын білім ордалары шәкірттерін шыңдаудан еш жалыққан емес. Әр оқу жылы сайын дәстүрлі түрде өтетін жалпы білім беретін пәндер бойынша мектеп оқушылары арасындағы олимпиада өткен оқу жылында да оң жалғасын тапты. «Зерде» ғылыми-практикалық конференциясына мектебімізден төрт оқушы қатысты. Айбат Жексенаев пен Ринат Екидин жүлделі орындарға ие болып, областық кезеңге жолдама алды. Республикалық олимпиаданың аудандық деңгейінде математика және жаратылыстану пәндерінен 2 оқушы қатысып, жүлделі І орынды қанжығаларына байлады.
Аудандық дебат турнирінде оқушыларымыз Исатай Дайырбаев пен Нұрай Мұратбекова екінші орын иеленді. Ұстаздарымыз А.Шантемиров пен М.Алмас облыстық дебат турнирында жүлделі екінші орынды иеленіп, «Үздік спикер» атанды. Шәкірттер жетістіктері ұстаздарымыздың біліктілігінің көрсеткіші.
Санаулы күндерден соң жаңа оқы жылына қадам басамыз. Ағымдағы оқу жылы да мектеп ұжымы үшін жетістікке толы жыл болатындығына сенім мол.
С.БАУЕДИМОВ,
Бесқарағай ауданы
Семеновка орта мектебінің директоры