Қазақстанда Sinopharm вакцинасы алтыншы болып тіркелді

Sinopharm инактивтендірілген вакцинасы — ҚР-да қолдануға тіркелген алтыншы препарат.

Вакцина Қазақстан Республикасы Үкіметінің №850 қаулысымен бекітілген COVID-19-ға қарсы вакциналарды уақытша мемлекеттік тіркеу қағидаларына сәйкес уақытша мемлекеттік тіркеуден өтті. Препарат 18 жастан асқан адамдарда COVID-19 инфекциясының алдын алу үшін белсенді иммундауға арналған. Вакцинациядан кейін SARS-CoV-2 вирусынан туындаған COVID-19 ауруының алдын алуға көмектесетін антиденелер шығарылады. Препарат бұлшықет ішіне 21-ден 28 күнге дейінгі аралықпен 0,5 мл-ден екі дозамен енгізіледі.

Клиникалық сынақтардың үшінші кезеңінің нәтижелері бойынша Sinopharm вакцинасы клиникалық айқын коронавирустық инфекцияға қарсы 79% тиімділікті көрсетті. Госпитализацияға қарсы вакцинаның тиімділігі де 79%-ды құрады.

Клиникалық зерттеулер елеулі жанама әсерлерді көрсеткен жоқ. Вакцинада стандартты реакциялар бар: инъекция орнындағы ауырсыну, тұмау жағдайы, әлсіздік. Кез-келген компонентке, вакциналарға бұрыннан аллергиясы бар адамдарға және бақыланбайтын эпилепсиямен немесе жүйке жүйесінің басқа прогрессивті ауруларымен ауыратын адамдарға аталған вакцинаны қолдануға қарсы көрсетілімдер бар.

Барлық вакциналар сияқты, бұл өнім 100% профилактикалық тиімділікке ие болмауы мүмкін. Бірақ инфекция болған жағдайда аурудың ауырлығын едәуір төмендетеді.

«Тиісті контингентті вакцинациялау жалғасуда. Бүгінгі күні вакцинаның 12,6 млн дозасы пайдаланылды, оның ішінде бірінші компонентті 6 928 мың адам алса (тиісті халықтың 69,5%), екінші компонентпен 5 755 мың адам қамтылды»,- деді Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов

Айта кетейік, егу пункттерінде бірінші компоненттің шамамен 1 млн 540 мың және екінші компоненттің 880 мың дозасы бар.

«ББ»-Ақпарат

 

Мақаланы әлеуметтік желіге бөлісу
Біздің Бесқарағай