Мектеп қабырғасында оқып жүргенде «Стандарттау және сертификаттау» мамандығына аса қызығушылық танытқан болатынмын. Сол себепті, төрт жыл бұрын физика-техникалық факультетінің «Стандарттау және сертификаттау» мамандығына мемлекеттік грантпен оқуға түстім. Қазіргі таңда осы мамандығымды магистратурада жалғастырып жатырмын. Төрт жыл бұрынғы студенттік білімімді қазіргі кездегі біліміммен салыстырсам, өте үлкен айырмашылықтар бар. Ол кезде маған не жетіспеді? Маған көптеген сұрақтарға жауап табуға көмектескен тәжірибелі оқытушылар деп ойлаймын. Білікті оқытушылардың берген білімінің арқасында мамандығымның Қазақстанда және тек қана елімізде емес әлем бойынша өте маңызды екенін түсіндім. Сонымен қатар, оқу барысында маңызды шешімдерді қабылдауда кеңестерін айтып, бағыт-бағдар берген де осы университеттің оқытушылары болды. Осы төрт жыл бұрынғы студенттік шағымда «әттеген-ай» дейтін жерлері көп болды. Сондықтан, мен өзімнің студенттік тәжірибеммен бөлісіп, студенттер мен талапкерлерге менің қателіктерімді қайталамауы үшін бірнеше кеңестер бергім келеді.
Біріншіден, қарым-қатынас жасауды үйреніңіз, әрқашан оқытушылар мен және студенттермен байланыс орнатуды біліңіз. Сіздің болашақ өміріңізде сіз бір жерде жиналған алуан түрлі және қызықты жастардың, білікті тұлғалардың осындай шоғырына түсе алмайсыз. Мұнда сіз қарым-қатынас дағдыларын жетілдіре аласыз. Бұл сізге бірнеше рет көмектесетін өте маңызды дағды болуы мүмкін.
Екіншіден, назарыңызды маңызды нәрсеге аударыңыз. Студент ретінде өзіңізге мақсат қойыңыз, оларға қол жеткізіңіз және кішкентай жеңістеріңізге қуаныңыз, олардан ләззат алыңыз. Университеттегі ең маңызды оқу курстарына, сіз үшін ең маңызды істерге назар аударуды үйреніңіз. Мысалы, мен 3-курс кезінде, пандемияға байланысты онлайн форматта оқу барысында кейбір мүмкіндіктерді жіберіп алдым. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің алғашқы жаппай ашық онлайн курсы – Coursera халықаралық білім беру платформасында-онлайн білім беру саласындағы әлемдік көшбасшы болып жарияланған болатын. Бұл курстарды аты аңызға айналған Гарвард Стэнфорд, Принстон, Мичиган, Пенсильвания және Йельден бастап Иерусалимдегі Еврей университетіне дейінгі әлемнің түкпір-түкпірінен келген университеттер дайындайды. Осы кезде ҚазҰУ студенттеріне осы платформадан тегін онлайн курстарды оқу мүмкіндігі берілген болатын. Сол кезде кейбір студенттер, осы мүмкіндікті пайдаланып өздерінің қызығушылықтарына байланысты бірнеше онлайн курстарды тегін оқып алған болатын. Яғни, жалқаулыққа салынбай , осындай мүмкіндіктерді пайдаланып, жаңа нәрсені үйренуге, басқа мамандықты игеруге немесе өз мамандығыңызды жетілдіруге талпыныңыз.
Және де ҚазҰУ бірлескен халықаралық оқу бағдарламаларын іске асыру бойынша, студенттермен алмасу және тағылымдамалар өткізу бойынша әлемнің 418 ірі халықаралық ЖОО-мен ынтымақтасады. Мысалы, Стандарттау және сертификаттау мамандығының студенттеріне академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Санк-Петербург қаласындағы ИTMO университетіне баруға мүмкіндік жасалған. Яғни, бұл студентттерге ресейлік білім беру жүйесімен танысып, білімдерін шыңдап, көкжиегін кеңейтуге көмектеседі. Сондықтан да, осындай мүмкіншіліктерді жіберіп алмаған дұрыс.
Үшіншіден, оқу өзіңізбен үнемі жұмыс жасаңыз. Тек үнемі жетілдіріліп, жаңа ақпарат көздерін іздеу керек. Өзіңізді дәлелдеуден қорықпаңыз, қызықты деп санайтын барлық нәрселерге қатысыңыз: олимпиадалар, конкурстар, жарыстар, гранттар, саяхаттар. Осы нәрселерді қадағалаңыз және өзіңіз үшін маңызды және қызықты нәрселерді табыңыз. Сабақта алған барлық білімдерді игеріп, қанағаттануды сезінбеңіз.. Әрбір студент жетістікке жете бермейді, сондықтан сіз әрқашан басқалардан бір қадам алда болуыңыз керек. Сіздің біліміңіз ешкімге қажет болмайды деп қорықпаңыз.
Яғни, ойымды түйіндей келе, студенттер мен талапкерлерге осындай кеңестер айтар едім. Егер төрт жыл бұрын маған қазір айқын нәрселерді айтатын адам болса, мен университетте оқуымды және адамдармен қарым-қатынасымды басқаша құрар едім деп ойлаймын. Айтылғандардың бәріне менің жеке тәжірибем ретінде қарауыңызды сұраймын. Мен өз пікірімді таңуға тырыспаймын және оны мүлдем дұрыс деп санамаймын, бірақ бұл біреуге пайдалы және қызықты болады деп үміттенемін.
Әл-Фараби таындағы ҚазҰУ, физика-техникалық факультеті,
«стандарттау және сертификаттау мамандығының 1-курс магистранты
Советова Алуа Саянқызы
Ғылыми жетекшісі: Бектібай Біржан Жапсарбекұлы