Күмбірлеген үні батырларға рух, ақындарға шабыт берген домбыра — ұлттық кодымыз. Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениеттің де көш басында жауһар күйлеріміз тұрары сөзсіз. Қазақ халқының дүниетанымында домбыра тарта білген адамның мәртебесі биік. Бұл, ең алдымен, домбыраға деген шексіз құрмет. Әрбір өнерпаз қолындағы домбырасымен қадірлі. Қайталанбас асыл дүниеміз -домбырамызды жан-жақты насихаттап, жас ұрпақтың санасына сіңірудің маңызы зор.
Домбыра – қазақтың қанына біткен, атадан-балаға жеткен. Күймен қуанышты да, қайғыны да жеткізген. М.Әуезов: Қазақтың ұяты күйінде ғана қалды»,- деген. Саф алтындай тұнығы лайланбаған күйімізді, жүректен шыққан өнерді жүрекке жеткізе білген ата-бабаларымыз қандай құдіретті?! Ұлттық өнерімізді мәңгілік ету үшін әр шаңырақтың төрінен домбыра табылуы керек. Әр перзент оның үнін естіп, құлағының құрышы қанып өсуі керек, сонда ғана төл өнеріміз жоғалмайды. Даңғаза музыка, тексіз шоу, арзан эстрада, өлі фонограмма төлтума өнерге төр бермеген тұста қазақтың дәл өзіндей тілге шешен домбыра, үнге көсем домбыра тұғырға қайта орталтудың маңызы зор.
Ернат МОТЫШЕВ,
Республикалық күйшілер одағы қоғамдық бірлестігінің ШҚО бойынша филиал жетекшісі