Еліміздегі мерзімді басылымдардың ішінде өзіндік ерекше орны бар басылымның бірі «Абай» журналы. Биыл қоғамдық-саяси және әдеби журналдың жарық көргеніне 105 жыл толды.
1914 жылы журналды шығару туралы алғаш ұсыныс жасаған қазақ зиялылары болған. Сол жылы ақын Абай Құнанбаевтың қайтыс болуының 10 жылдығына байланысты Семейде өткізілген үлкен жиылыс үстінде журнал шығару туралы шешім шығарылған. Содан, 1918 жылы 4 ақпанда «Абай» журналы жарық көреді. Ағартушылық бағытты ұстаған «Абай» журналының алғашқы саны 1918 жылдың 4 ақпанында Алаш (қазіргі Семей) қаласында «Ярдам» баспасында басылған. Алғашқы саны 900 данамен шығып, шамамен 16-21 беттен тұратын төте жазумен жазылған.
Журналдың негізін салған редакторлары– Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезов болған. Олар жазған мақалаларын «Екеу» деген бүркеншік атпен қол қойып, жариялап отырған. Сонымен қатар журналда Шәкәрім Құдайбердіұлы, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәбит Дөнентаев, Ғұмар Қарашев, Смағұл Сәдуақасов, Халел Досмұхамедовтардың өлеңдері мен публицистикалық мақалалары жиі шығып тұрған. Журнал Алаш Орда үкіметі құлағаннан кейін 1918 жылдың қараша айында жабылып қалады. 10 айдың ішінде небәрі 12 саны ғана жарық көріп үлгерген екен. Тәуелсіздік алғаннан кейін 1992 жылдан бастап, 74 жылдан кейін «Абай» журналы оқырманымен қайта қауышты. 1994 жылы 13 мамырда журналға республикалық мәртебесі берілді.
Аудандық кітапханада Қ.Рысқұлбеков орта метебінің 10 сынып оқушыларымен өткен іс-шара қазақ баспасөзінің алғашқы қарлығаштарының бірі саналған «Абай» журналының жарық көргеніне 105 жыл толуына арналды. Кітапханашылар С. Мендібаева мен А.Серікова слайд презентация, бейнефильм көрсете отырып, журналдың тарихы туралы әңгімеледі.
Өмір жолы – тар соқпақ, бір иген жақ,
Иілтіп, екі басын ұстаған Хақ.
Имек жолда тиянақ, тегістік жоқ,
Құлап кетпе, тура шық, көзіңе бақ.
-деп журналдың алғаш шыққан сандарында Абайдың сөзінен эпиграф беріліп, шығарылған. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі шыққан журналда «Біріңді қазақ, бірің дос, Көрмесең, істің бәрі бос» деген ақынның өсиет сөздерінен бастау алады.
«Абай»журналының өз меценаты болған. Ол Семей қаласындағы ет және тері өнеркәсібінің негізін салушы, Мәскеуден алған бірінші гильдияды көпес құжаты бар бай – Қаражан Үкібаев. Оқушылар осындай қызықты , қазақ журналистикасында өзіндік орны бар басылым «Абай» журналы туралы мазмұнды мағлұмат алды. Шара соңында «Абай журналы туралы 10 дерек» жадынамасы таратылды.
Қазақтың ақыны, педагог, қоғам қайраткері А.Байтұрсынов: «Абай-қазақ мәдениеті тарихындағы аса ірі құбылыс, қайталанбас тұлға, халқымыздың маңдайына бітен «бас ақыны»,-деп айтып кеткен. Абай мұрасы дүниежүзілік руханиятқа қосылған асыл қазына деп білеміз. Абайдың сөзі мен ойы біздің күнбе-күнгі тірлігімізге, өркенді өмірімізге кірпіш болып қаланып, бүгінгі өркениет пен алдағы болашақ талабына лайық ұмтылыстарымыздан және игі істерімізден нақты көрініс табатынына кәміл сенеміз. Ендеше, «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы» демекпіз!
Ж. АЛПЫСПАЕВА,
Аудандық кітапхана директоры