ЖАҢҒЫРҒАН КОНСТИТУЦИЯ – ЖАҢА ДӘУІРДІҢ БАСТАУЫ

Кез келген мемлекеттің, елдің тәуелсіздігін, демократиялық құндылықтарын айқындайтын негізгі құжаты — Конституциясы. Онда мемлекеттің барлық құрылымдарының, жеке азаматтардың, ұлт пен ұлыстардың, әлеуметтік топтардың мақсаттары, міндеттері, құқықтары көрсетіледі.

Қазақстанның Ата заңы әлемдегі ең жас Конституциялардың бірі болып саналады. Бүкіл мемлекеттік құрылымды айғақтайтын, елдіктің бастауы болып табылатын — құжат. Ата Заң – еліміздің өтпелі және одан әрі алға даму кезеңіндегі маңызды тарихи құжат. Сондықтан республиканың әрбір азаматы оның мазмұнын жете біліп, талаптары мен қағидаларын мүлтіксіз орындап, құрметтеуге міндетті.

Аудандық кітапхана кітапханашылары Конституция  күніне орай құқықтық — сауаттылық байланыс жасау мақсатымен аудан тұрғындарымен іс-шара өткізді. Тұрғындар түрлі сұрақтарға жауап бере отырып, мақал-мәтелдерді жалғастыру,  жұмбақтар шешу, «Адасқан әріптер», «Тәртіп орнат» сынды викториналық ойындарға  белсене қатысып, құқықтық білімдерін шыңдады. Ауыл тұрғындарына мағұлмат беру мақсатында жаңартылған Конституциядағы өзгерістер мен толықтырулар  жазылған жадынама таратылды.

Біздің  алдымызда тұрған басты міндет – мемлекет Конституциясына ұқыптылықпен қарау. Өзіміздің елімізді, өзіміздің тарихымызды, өзіміздің жетістіктерімізді қалай құрметтесек, Ата Заңымызды да солай құрметтеуіміз керек.  Ата Заңымызды сыйлай білсек, оның талаптарын мүлтіксіз орындайтын болсақ, қоғамдық келісімге, тәртіпке, бейбітшілікке және тыныштыққа үнемі қолымыз жетіп, бейбіт заманымыздың  іргесі мықты болмақ.

 

Салтанат МЕҢДІБАЕВА,

Аудандық кітапхананың кітапханашысы

Мақаланы әлеуметтік желіге бөлісу
Біздің Бесқарағай