ДАРЫНДЫ ОҚУШЫ  БІЛІКТІ ЖЕТЕКШІДЕН

Шәкiрттерiн бi­лiм нәрiмен сусындатып, тәлім-тәр­биe беру, жақсы қасиeттерді бо­йы­на дарытып, адамгершілік рухта ба­ғыт-бағдар берудe ұстaздың ең­бе­гi зор. Сондықтан да ол әрдайым құр­метті тұлға ретінде ерекшеленеді. Аудандағы құрметті тұлғалар қатарындағы жандардың бірі  –  Мақсат Қайратұлы.

 

Мақсат Бекеш 2012 жылы Семей педагогикалық институтын тәмамдап, информатика мұғалімі мамандығын алды. Қайрат Рысқұлбеков атындағы орта мектебінде еңбек еткеніне 10 жыл болған білікті маман «Педагог-сарапшы» дәрежесін алған. Ізденгіш, жаңалыққа ұмтылғыш, өз ісіне жауапты ұстаз әрдайым шәкірттеріне сапалы білім әрі жақсы тәрбие беруге барлық күшін салады.

Мақсат Қайратұлының оқушылары көптеген облыстық, аудандық жарыстарға, конкурстарға, олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Атап айтсақ, 2018-2019 оқу жылында «Ұлы өнертапқыштыққа алғашқы қадам» инновациялық идеяларының облыстық байқауында  Әділ Молдабаев 3 орынды иеленді. Сонымен қатар, осы оқу жылында шәкірті Әділ «Digital East – Болашаққа қадам» халықаралық ІТ-форумы аясында өткізілген «Қоғамдық көлік саласында дауыстық басқару жүйесін пайдалану» тақырыбымен «StartUp-жобалар» байқауының жеңімпазы атанып, 720 500 тенгенің сертификатын иеленді.

Осындай дарынды шәкірттерінің бірі – мектеп түлегі Ернар Байдюсенов. 2021-2022 оқу жылында Ернар Өскемен қаласында өткен «3D-Модельдеу әлемі» атты облыстық байқауының жеңімпазы атанды. Сол сияқты «Digital East – Болашаққа қадам» ІТ-форумы аясында өткізілген «StartUp-жобалар» байқауында  «SMART» корсеттің балаға деген тиімділігін көрсетіп, өз жұмысын жақсы қорғады. Байқау нәтижесінде бұл жоба жоғары бағаланып, Ернар 880 000 мың теңге сертификатына ие болды.

Мақсат Қайратұлы мұғалім ретінде  оқушылардың шығармашылығын арттыра отырып, оқушының жан дүниесін түсіне білетін ұстаздардың бірі. Елімнің болашағы деп үміттенетін бүгінгі жас ұрпаққа білім нәрін сеуіп, еңбексүйгіштік пен адамгершілікке тәрбиелейді.

Өз еңбегінің жауапкершілігін түсіну – адам бойындағы ең асыл қасиет екені белгілі. Сондай қасиетті басшылыққа ала отырып еңбек етіп жүрген біздің Мақсат Кайратулы кіріскен әрбір істер, сайыстар мен байқаулар жеңіске жеткізеді.  Оның еңбек жолындағы  жетістіктеріне тоқталатын болсақ, 2016-2017 оқу жылында «Жас ұстаз-2016»  аудандық  байқауында 1 орынды иеленді. Келесі оқу жылында  Өскемен қаласында өткен білім беру ұйымдарындағы ең үздік веб-сайт конкурсында бас жүлдені жеңіп алғаны үшін Қайрат Рысқұлбеков атындағы орта мектебі директорының грамотасымен марапатталып, сертификатқа және бағалы сыйлыққа ( принтер) ие болды.  2018-2019 оқу жылында Мақсат Қайратұлы «Жыл мұғалімі – 2019» аудандық сайысында бас жүлдені жеңіп, 100 000 теңге сыйақыға ие болды.

Мектепте өз бойындағы еңбекқорлығымен, білім беруге деген адалдығымен, жаңашылдығымен, ұйымдастырушылық қабілетімен, жауапкершілігімен ерекшеленеді. Өз ісіне ұқыпты. Оқушылар, ата-аналар, құрбы-құрдастар, ауылдастар арасында беделді.Болашақта еңбегіңіз жанып, шәкірттеріңіз бен әріптестеріңіздің алдында абыройыңыз көтеріле берсін демекпіз.

Мақаланы әлеуметтік желіге бөлісу
Біздің Бесқарағай