Жалынды жастар – мемлекет тірегі

Кез келген елдің, кез келген мемлекеттің өз болашағын байланыстырар бірден бір өкілдері болса, солардың бірі – жастар. Иә, Әл-Фарабидың сан ғасырлар бұрын айтып кеткен сөзі бүгінгі таңда да өз маңызын жоя қойған жоқ. Себебі, жастар – болашақтың тұтқасы. Бүгінгі таңда да «еліңнің, мемлекетіңнің болашағын білгің келсе, жастарыңа қара» — деген стеоротиптің маңызы зор. Қазақ халқының да «болашақ – жастардың қолында» деп жастарға үлкен сенім артуы тегін емес.

Расында да, еліміздің келешегі білімді, парасатты, тұла бойына отансүйгіштік қасиеті дарыған, мемлекет мəселесіне бей-жай қарамайтын ұлтжанды, санасы сергек, жоғарғы технологияларды меңгеруге бейім жастарға байланысты. Қарағайлы өлкеде 14-29 аралығындағы 3 мыңнан астам білімді, өнерлі, жаңашыл, адамгершілігі мол жас ауданның шашбауын көтеріп, шоқтығының биік болуы үшін əлеуметтік-экономикалық əл-ауқатын арттыруға сүбелі үлес қосып жатыр. Əрдайым: «Жастардың ауылда тұрақтап қалуы үшін жағдай жасауымыз керек»,- деген келелі ой білдіретін аудан əкімі Жарқынбек Байсабыров олардың жұмысқа орналасып, алаңсыз еңбек етуіне жол ашуда. Бесқарағай аудандық жастар ресурстық орталығы өскелең ұрпақтың уақытын тиімді ұйымдастыруға ұйытқы болып отыр.

 

Редакциядан

Әр шара – маңызды

Жастар ресуртсық орталығы ұйытқы болған шаралардың бірі — Балалар жылы аясында жəне Халықаралық балалар күні мерекесіне орай өткен  «Бала дауысы» фестивалі.  Мерекелік шараға аудан əкімі Жарқынбек Борашұлы қатысып, барша бүлдіршіндерді мерекемен құттықтап, арнайы алғыс хаттар мен естелік сыйлықтарды табыстады. Сондай-ақ ел рəміздерінің 30-жылдығы мерекелеу барысында Бесқарағай ауданының Жастар ресурстық орталығы «Менің Туым — менің Отаным» республикалық автошеруін ұйымдастырды. Аталмыш мереке асында Нұр-Сұлтан қаласында өткен патриоттар форумына əріптесіміз Ə.Тлектесқызы қатысты.

Аудан жастарының кешкі уақытын тиімді өткізу мақсатында «Green Party»  форматында ашық аспан астында мафия ойыны, Жастар үйінде «Орталықтағы түн» ойыны мен 90-жыл стилінде би кеші ұйымдастырылды.

Патриоттық тәрбиемен қамту мақсатында 4 мамырдан бастап отаншылдық рухты ту еткен әртүрлі шаралар өтті. Жастар халық тыл ардагерлеріне, тұрғындарға сондай-ақ аудан қонақтарына «Жеңіс лентасын» таратып, Бесқарағай ауылының орталық алаңында Ұлы Жеңістің 77 жылдығына орай «Өз алауыңды жақ!» акциясын өткізді.  «Темекіні кəмпитке айырбастап ал!» атауымен темекіге қарсы акция өткізілді. Шара ұйымдастырушылары дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің маңында зиянды əдеттің кері салдарын тұрғындардың есіне салды.

 

Ерікті болу – ерлік

«Мейірімді жүрек» еріктілер тобының яғни қайырымды жастардың жұмысы да мақтауға тұрарлық. Олар «Алем» ЖШС-мен бірлесіп 100-ден астам маска таратты. Елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты еріктілеріміз халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізумен қоса, қайырымдылық іс-шараларына ұйытқы болды.  Ауылдық округтерде, атап айтқанда Глуховка, Баскөл, Долон ауылының волонтерлері қайырымдылық шараларын өткізді. 2021 жылы бастау алған «Ардагер time» қайырымдылық акциясы биыл да жалғасын тапты. Акцияның мақсаты – ардагерлерге, жалғызбасты қарттарға қамқорлық көрсету, туған өлке мен елдің тағдыры үшін жауапкершілік сезімін, азаматтардың белсенді, əлеуметтік, қайырымдылық жəне волонтерлік қызметпен айналасуға ынталандыруға бағыттау.

Аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен қайырымдылық аптасы бастау алды. Акция барысында Басколь, Қарамырза, Қарағайлы ауылының жастары, еріктілер бірқатар жалғызбасты қарттардың аулаларын қардан тазалау, отын тасымалдауға көмектесцмен айналысты. Осыған орай аудандық «Мейірімді жүрек» волонтерлер тобы «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында қайырымдылық акцияларын жалғастырды.

Сонымен қатар, жастардың көмегімен ауданымыздағы жалғыз басты қарт жандарымызға көп балалы отбасыларға азық-түлік қораптары үлестірілді.

 

Спорт – жастар серігі

«Дені сау адам-табиғаттың ең қымбат жемісі» деп тегін айтылмаса керек. Бірінші байлық- денсаулық. Салауатты өмір салтын қалыптастыру, жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында Жастар ресурстық орталығы жас спортшылармен кездесу өткізді. Кездесуге Бесқарағай ауданының Ішкі саясат, мəдениет,тілдерді дамыту жəне спорт бөлімінің əдіскері Л.Нуртазина жəне футбол, волейбол, спортшылары, мектеп оқушылары, NEET cанатындағы жастар қатысты.

Жүздесуде алдағы уақытта ауданымыздың спорт саласын дамыту жолдары талқыланды.

Жастар ресурстық орталығы жанындағы «Олимпиада Жастары» тоғызқұмалақ бойынша спорт секциясына 14 жастан 29 жасқа дейінгі жастарды қабылдау жүргізді.

Тоғызқұмалақ бойынша спорт секциясы аудан жастарымен толыққанды тоғызқұмалақ ойнауға арналған. Секция қызметінің мақсаты: салауатты өмір салтын насихаттау, тоғызқұмалақ ойынын əуесқой деңгейде өткізу, жоғары деңгейдегі аудандық жəне облыстық жарыстарға құрама команданы дайындау.

Жастар ресурстық орталығының жəне «Jas Otan» қанаты мүшелерінің қолдауымен аудан жастары арасында футзалдан біріншілік өткізілді. Бұл чемпионатқа барлығы 11 команда қатысты. Ойын соныңда жүлделі орынға ие болған командалар мен үздік ойыншылар арнайы сыйлықтар мен алғыс хаттармен марапатталды.

Павлодар облысы, Аққулы ауданы, Қарақала ауылында тоғызқұмалақтан Исатай Капаевты еске алуға арналған ашық облыстық турнирде қатысушыларымыз жүлделі орындарға ие болды.

 

Жұмыспен қамту – басты назарда

Жастарды жұмыспен қамту басты назарда. Бесқарағай колледжінде «Əлеуметтік серіктестік – табысты жəне сапалы білім кепілі» атты кездесу өтті. Кездесудің басты мақсаты – студенттермен жұмыс берушілер арасындағы қарым қатынасты нығайту. Сондай-ақ кездесуде дуалды оқыту жүйесі бойынша презентация өткізілді. Үш тарапты меморандумға қол қойылып, келісімшарттың жүзеге асу жолдары пысықталды.

Бесқарағай ауданының Жастар ресурстық орталығының жəне аудандық Халықты жұмыспен қамту орталығының ұйымдастыруымен үш мəрте “Бос жұмыс орындары жəрмеңкесі”өтті. «Жастар тəжірибесі», «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша маусымдық жазғы жұмыс, сонымен қатар «Еңбек» бағдарламасы бойынша кəсіп ашуға арналған мемлекеттік гранттар жайлы ақпараттар берілді. Бос жұмыс орындары жəрмеңкесіне 213-тен астам жұмыссыз жастардың өкілдері қатысты.

Аудандық мəдениет үйінде «Мүмкіндіктер алаңы» бос жұмыс орындар жəрмеңкесі өтті. Шара 2021-2025 жылдарға арналған кəсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы шеңберінде «Əлеуметтік жұмыс орындар», «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісім шарты», «Күміс жас» бағыттарын жүзеге асыру мақсатында өткізілді.

 

 

Қайырымдылық – асыл қасиет

Бесқарағай ауданы жастар ресурстық орталығының қызметкерлері ауылда салынып жатқан жаңа мешіт құрылысының салынуына ат салысып жатқан жерлестерімізге ыстық шəй мен тəттілер таратты.

Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Бесқарағай жастары «Наурыз кəде» атты қайырымдылық акциясын ұйымдастырды. Акцияның мақсаты – осындай мейірімге толы Наурыз мейрамында жастарымызды ұлттық рухта тəрбиелей отырып, адамгершілік, инабаттылық сезімін ояту. Акция барысында аудан тұрғындарына 400-астам ыстық бауырсақтармен ,көже таратылды.

Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен “Мейірімді алақан” акциясы ұйымдастырылып, аудан тұрғындарын тəттілермен қуантты.

Аудандық оңалту орталығымен бірлесіп аутизм диагнозы қойылған балаларға жайлы орта қалыптастыру шаралары, 18 жастан асқан мүмкіндігі шектеулі жастарға «Ашық аспан үшін алғыс айтамыз» атты асфальтта түрлі-түсті бормен суреттер конкурсы өткізілді. Конкурс флешмобпен жалғасты. Соңында аспанға көк шарлар ұшырылып жəне арнайы тəттілер таратылды.

Сонымен бірге, қасиетті айда əлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасыларға мүмкінділігі шектеулі отбасыларға ауызашар есебінде азық-түлік себеттері тарату мақсатында «Рамазан қоржыны» атты қайырымдылық іс-шарасын ұйымдастырды.

 

Рейдтік шаралар

 

Бейуақытта бақылаусыз жүрген жасөспірімдердің санын азайту мақсатында жастар ресурстық орталығының қызметкерлерімен Бесқарағай аудандық полиция бөлімінің кəмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлары бірлесіп, рейдтік шаралар ұйымдастыруда. Рейд барысында кəмелетке толмаған жасөспірімдерге түсіндерме жұмыстары жүргізілді.

Бесқарағай ауданының азық-түлік, сусындар сататын барлық дүкендеріне кəмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдерге темекі жəне алкогольді ішімдіктерді саудалауға тыйым салынғандығын ескертіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізілді. Сатқан жағдайдағы жауапкершілігі мен салынатын айыппұл көлемі туралы хабарланды.

Рейдтік шараның мақсаты аудан жастарын салауатты өмір салтына тəрбиелеу, темекі, спиртті ішімдік, есірткіге тəуелділік сынды зиянды əдеттерден бойларын аулақ ұстауға дағдыландыру.

 

Жалпы, Бесқарағай аудандық жастар орталығы жастардың білім алып, еңбекке араласып, отаншылдық рухта дамуына өз үлесін қосып отыр деп айтуға негіз бар.

 

Ж.ӘЛЖАН,

Аудандық жастар орталығының директоры

Мақаланы әлеуметтік желіге бөлісу
Біздің Бесқарағай