Отбасы – ұлттың тірегі, алтын діңгегі

Отбасы күні – бұл еліміздегі басты мерекелердің бірі. Халқымыз «Отан отбасынан басталады» деп бекер айтпаған. Мемлекетіміздің мықты болуы – отбасылардағы береке-бірлікке, татулыққа, өзара түсіністікке тығыз байланысты. Себебі отбасы құндылығы берекемен, махаббатпен, сеніммен өлшенеді. Елбасымыз «Отбасы – Қазақстан қоғамының діңгегі, экономикадағы, мәдениеттегі, әлеуметтік саясаттағы барлық жаңа жетістіктерінің негізі» деп қоғам үшін отбасының қаншалықты маңызды екендігін көрсетіп берді.

Бесқарағай ауданында Отбасы күні қарсаңында «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті.  Ел Тәуелсіздігің 30 жылдығы және Отбасы күні аясында аудан әкімі Жарқынбек Байсабыров  аудандағы үздік отбасыларды алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапаттады.

 Бұл байқау еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2013 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Байқаудың негізгі мақсаты – отбасылық құндылықтарды дәріптеу.

Отбасы — кез келген адам өмірінің ең маңызды бір бөлігі. Отбасы құндылығы ешқашан қажеттілігін жоғалтпайды. Өйткені ол — белгілі бір әлеуметтік институт. Тәрбиенің негізі жанұядан бастау алатындықтан, оған немқұрайлылық таныту мүмкін емес. Қазақта «Ұяда не көрсең ұшқанда, соны ілерсің», «Ата көрген, оқ жонар, Шеше көрген тон пішер»,  «Атаға не қылсаң, алдыңа сол келеді», «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» деген көптеген өлшемдер бар. Осы нақылдарға қарап бар мәселе отбасынан басталатынын ұғуға болады. Ұлт болашағында отбасы ең басты тұғырды иеленеді. Әр жылы тұрақты түрде өткізіліп тұратын «Мерейлі Отбасы» байқауында еліміздегі ең үлгілі саналатын отбасылардың тағылымға толы өмірлері насихатталып, түрлі айтулы марапатқа ие болуы елімізде дәстүрге айналып кетті. Отбасы құндылықтарына негізделген салт-дәстүрлерді ұлықтау — әр шаңыраққа артылған жауапкершілік. Кез келген жанұяның өзгелерден ерекшеленетін құндылықтары болады. Отбасыдағы құндылықтардың негізі махаббаттан, сенімнен, өзара түсіністіктен, береке-бірліктен бастау алады десем, жаңылысқандық болмас. Өйткені, олар ғасырлар бойына маңызын жоймайтын құндылықтар. Осы бір құндылықтарды әрбір отбасы көздерінің қарашығындай сақтап, қастерлеуі керек. Себебі бала ата-анасынан, тума-туыстарынан және жақын адамдарынан үлгі алып, кейінгі өміріне азық етеді. Отбасылық құндылықтарды қастерлеп, оларға кір келтірмеу — барша халықтың басты парызы,- деген аудан әкімі Жарқынбек Байсабыров аудандық байқаудың жеңімпаздарын құттықтап, алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар тарту етті.

Мухаметдиновтар отбасы Баскөл ауылдық округіндегі көпбалалы отбасыларының бірі. Отағасы Руслан — жеке кәсіпкер. Баскөл ауылында «Кибет у татарина» деген шағын дүкені бар. Жеке кәсіпкер ретінде округтің барлық іс-шараларына демеушілік көрсетіп отыратын қайырымды жан. Ауылдың қоғамдық жұмыстарына да белсенді қатысады. Башкөл ауылында өтетін «Сабантуй» мейрамының ұйымдастырушысы әрі демеушісі. Бірнеше рет аудан, округ әкімдерінің алғыс хаттарымен марапатталған. «Біз біргеміз», «Мектепке жол», «Қарттарым-асыл қазынам», «Риддерге көмек» және басқа да іс-шараларға үнемі көмек қолын созады.

Руслан мен Заринаның отау құрғанына 13 жылдан асты. Зарина Мухаметдинова үй шаруасымен және бала тәрбиесімен айналысады. Бақытты ата -ана 5 қыз тәрбиелеп отыр. Мадина мен Алина Башқұл орта мектебінің 7 сыныбында оқыса, Алсу мен Руслана биыл мектеп табалдырығын аттап, мектепке дейінгі дайындық тобының оқушылары атанды.

Ал кіші қыздары Амилина небәрі 2 жаста. Ауылдастары бұл отбасының қыздарды өте ақылды, тәрбиелі, көпшіл, білімді, өнерлі деп тамсана қарайды. .

— «Отан отбасынан басталады» демекші, біз үшін отбасы — сыйластық пен келісімнің ордасы. Бала тәрбиесінің алғашқы және маңызды қадамы, адамның тұлғалық қасиеттері, адамгершілігі отбасында қалыптасады. Сондықтан отбасының жылуы адамның жанында ұзақ жылдар бойы сақталып, есінде мәңгі қалады. Биыл аудандық «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы атанғанымызға өте қуаныштымыз. Енді облыстық, республикалық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болғымыз келеді. Елімізде біз сияқты көпбалалы бақытты отбасылардың саны артып келе жатқаны мені қуантады, — дейді Зарина Мұхаметдинова.

Мухаметдиновтар отбасы округ тұрғындары арасында беделді, сыйлы отбасылардың бірі. Жанұя мүшелері ақжарқын, кішіпейіл мінездерімен, еңбекқорлығымен көпке үлгі. Алға қойған мақсаттары айқын,салауатты өмір салтын ұстанатын тәрбиелі отбасы.

Жетіжар ауылындағы Кабзолдиндер отбасы — интернационалды жанұя. Отағасы қазақ, отанасы татар ұлтынан. Темірболат Аспаниярұлы Семияр орта мектебінде күзетші болса, Ирина Николаевна көркем сурет пәні мұғалімі. 19 жыл еңбек өтілі бар жоғары санатты педагог-зерттеуші. Екінші жоғары білімі педагог- психолог мамандығы бойынша жұмыс өтілі 3 жыл. Ирина Николаевна сонымен қатар Акварель сурет үйірмесіне жетекшілік етеді. Өнерлі, үлгілі отбасы 3 бала тәрбиелеп отыр. Оқуда озат, алғыр мектеп оқушылары аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық жарыстардың жүлдегерлері атанып, грамоталар мен алғыс хаттармен марапатталған.

9 сыныпта оқитын тұңғыштары Асылжан атқа мінуді, әкесімен балық аулауға барғанды ұнатса, 7 сыныпта оқитын үлкен қыздары Карина анасы секілді сурет салудың шебері. Халықаралық және республикалық байқаулардың сан мәрте жүлдегері атанған. Ал кенже қыздары Арина 4 сыныпта оқиды. Ол кішкентай болса да тамақ дайындауды жақсы көреді екен.

— Отбасы — өмірдегі ең маңызды құндылық. Отбасының орнын ешкім де, ештеңе де алмастыра алмайды. Біз осы байқауға қатысқанымызға өте қуаныштымыз. Себебі бұл байқау біздің өмірімізді жақсы жаққа өзгертті, көптеген адамдар біз туралы біле бастады. Күйеуім екеуміз балаларымызға жақсы тәрбиеле беруге тырысамыз. Олар болашақта отбасымыздағы жарасымдылықты еске алып, өз балаларына айтып отырса екен дейміз.

Балаларымыздың кейінгі өміріне бізден алған тәлім-тәрбиесі азық болып, салт-дәстүрлеріміз мен әдет -ғұрыптарымызды жалғастырады деп сенемін, — дейді Ирина Кабзолдина.

Ұстаздар әулеті Амриндер отбасында Сержан Ақанұлы мен Самал Абдрахманқызы 1 қыз, 2 ұл тәрбиелеп отыр. Сержан Ақанұлы мен Самал Абдрахманқызы қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі болған. Казіргі уақытта екеуі де зейнеткер.

Сержан Ақанұлы — Бесқарағай ауданына қазақтың ұлттық ойыны тоғызқұмалақты әкеліп, дамытқан адам. 10 жылдан астам уақыт бойы ауылдың, ауданның балаларын тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы ойындарына үйретіп, шәкірттері еліміздің 8 қаласында өткен жарыстардан жүлделі орындарға ие болыпты.

Самал Абдрахманқызы округтің өміріне әлі де белсенді қатысады. Қазіргі уақытта «Аналар кеңесінің» төрайымы. Сонымен қатар ТВК-6 телеарнасындағы қазақша хабарлар редакциясының редакторы қызметін атқарып, мектеп өмірі, білім, ғылым, өнер тақырыптарындағы пікір-сайыс пен дөңгелек үстелдердің көркін қыздырған.

Қыздары Марал Еуразия ұлттық университетінің аға оқытушысы болса, ұлдары Нұржан Сержанұлы Нұр-Сұлтан қаласында І санатты тіс дәрігері. Кенже ұлдары Нұрлан Павлодар қаласында темір жолда инженер-электроншы болып жұмыс істейді.

— Отбасы – қоғамның тірегі. Менің ойымша, біздің отбасы жастарға үлгі-өнеге. Әрбір адам үшін отбасы — өмірдегі ең құнды нәрсе. Және әрқашан осылай болып қалуы керек, — деді Самал Абдрахманқызы.

Жанұя адамзаттың алтын діңгегі іспеттес. Оның адам өміріне деген ықпалы ерекше. Жастарды ұлттық құндылықтарымызды бағалауға, оларды сақтай отырып, келер ұрпаққа жеткізуге тәрбиелеу — бүгінгі таңның өзекті мәселесі. Отбасы – тұлғалық қасиеттерді қалыптастырудың қайнар көзі, тәрбиенің бастауы. Балалардың санасына ұлттық құндылықтарға деген көзқарастарды, салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды, даналық сөздерді, тәрбиенің жоғарғы үлгілерін сіңіретін де — отбасы. Ендеше, отбасы құндылығының маңызын естен шығармайық!

Айта кетейік, «Мерейлі отбасы» байқауының облыстық кезеңінде І орынды семейлік Темірхановтар отбасы жеңіп алып, Мемлекет басшысының дипломы мен ақшалай сертификатына ие болды. Алтай мен Марина 7 бала тәрбиелеп отырған отбасы. Жеті баланың үшеуі өз балалары, ал төрт баланы асырап алған. Отбасының барлық мүшелері спортпен айналысып, салауатты өмір салтын ұстанады. Ерлі-зайыптылар бес миллион теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықты үй салуға жұмсайтындарын айтады. ІІ орынды Риддер қаласында тұратын Дидархановтар отбасы жеңіп алса, ІІІ орынды Зайсан ауданындағы меценат Мамырбектер отбасы иеленді.

Жадыра ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ

 

Мақаланы әлеуметтік желіге бөлісу
Біздің Бесқарағай