Тәрбиеші – бала бағбаны, бүлдіршіндерге бағыт – бағдар, тәлім-тәрбие беретін отбасынан кейінгі екінші анасы. Балалардың жүрегіне жол тауып, ата-ана алғысына бөленіп, өз еңбегі арқылы ел болашағының жарқын болуына үлес қосып жүрген жандардың бірі — Милана Табухтинова.
Милана Викторовна 2002 жылы Жарма ауданы, Қалбатау ауылы, Шуақ кентінде дүниеге келген. Әкесі Хлебко Виктор Николаевич – украин, анасы Балжан Кенжетайқызы – қазақ ұлтының өкілі.
Қазақ сыныбында білім алған Милана қазақ тілін еркін меңгерген. Оқуда үздік, қимылы ширақ Милана жастайынан аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі спорттық жарыстардың жүлдегері атанған. Семей қаласындағы Шәкәрім университетін Мектепке дейінгі оқыту және білім беру мамандығы бойынша қызыл дипломға бітірген. Үздік студент университет қабырғасында да белсенділік танытып, волейболдан облыстық жарыстардың жүлдегері атаныпты.
Еңбек жолын 2020 жылы Семей қаласының мамандырылған балалар үйінде тәрбиешінің көмекшісі болып бастаған ол 2023 жылы “Айналайын” бөбекжайына орналасты. Қазіргі таңда Милана Викторовна “Балапан” ерте жас тобының тәрбиешісі. «Бұлақ көрсең, көзін аш» демекші, тәрбиеші ретінде балалардың бойындағы талантын ашып, дарынын дамытуға көңіл бөледі. Топта танымдық шаралар ұйымдастырады, балаларды әр түрлі сайыстарға қатыстырады. Бүлдіршіндері “Білім Айнасы” ұйымдастырған республикалық сурет байқауының, “Зейінді бала” балалар журналы өткізген сурет байқауының жүлдегерлері.
Өзі де үнемі ізденіс үстінде жүретін тәрбиеші «Мемлекеттік тіл-Тәуелсіздік символы» атты облыстық байқауда Бесқарағай ауданының намысын қорғап, жүлделі 3 орынға ие болды. 2024 жылы Бесқарағай ауданы әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Жас ұрпақ тәрбиесіне үлес қосып жүрген тәрбиешінің еңбегі жемісті болуын тілейміз