Қазақтың байтақ даласы — 130-дан астам ұлт өкілдерінің ортақ Отаны. Барлық жетістіктеріміз бен жеңістеріміздің мызғымас тұғыры да татулық пен тұтастық. Түсіністік пен тұрақтылық – әрбір азамат атсалысып, әркімнің үлес қосуын талап ететін қастерлі құндылық.
Ерке Ертістің жағасында, сап түзеген қарағайдың ортасында орналасқан, тамаша тамылжыған табиғатымен ерекшеленетін Бесқарағай – көп ұлтты аудан. Жуырда Бесқарағай ауданы Достық үйінің директоры Ирина Калтаевамен сұхбаттасудың сәті түсті.
— Ирина Сергеевна, әңгімемізді әр түрлі ұлт пен ұлыс өкілдеріне мекен болған Бесқарағай өңіріндегі Достық үйінің тыныс-тіршілігінен бастасақ…
— Бесқарағай аудандық Достық үйінің қызметі ауданда тұратын барлық этностар арасында конфессияаралық және ұлтаралық тұрақтылықты, бейбітшілікті, келісім мен өзара түсіністікті сақтау мен нығайтуды насихаттауға бағытталған. Осы мақсаттарды іске асыру үшін ай сайын қоғамдық-саяси, мәдени-бұқаралық шаралар жоспары әзірленген.
Тарихына тоқталсақ, Достық үйі 2011 жылы құрылды. Осы он жыл ішінде татулықты ту етіп, тұғырлы Тәуелсіздігіміздің нығаюына атсалысып келеді. Жыл өткен сайын этномәдени бірлестіктердің саны артуда. 2018 жылы Қазақстан халқы Бірлігі күнін тойлау қарсаңында, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру шеңберінде, қазақ бірлестігінің ішінен «Tumar-ai» вокал тобы құрылған болатын. Қазіргі уақытта аудандық Достық үйінде 4 этномәдени бірлестік бар: қазақ бірлестігі, «Башкуль» татар мәдени орталығы, неміс және славяндық этномәдени бірлестіктер. Олардың құрамында «Асыл әжелер» фольклорлық, «Воскресение» және «Tumar-ai» вокалдық топары, «ДосStar» жастар клубы жұмыс істеп тұр. Осылайша, аудандық Достық үйі мәнді де мағыналы іс-шараларымен қарағайлы өлкедегі 28 ұлт пен ұлыстың арасындағы достық пен өзара түсіністікті нығайтуға сеп болып отыр.
— 2020 жылы әлем елдерін әбігерге салған коронавирус пандемиясы біздің мемлекетімізге де әсерін тигізіп, қалыпты өмірімізге өзгеріс енгізді. Сіз басшылық етіп отырған мекеме жұмысы қалай жүргізілуде?
-Сөзіңіздің жаны бар. Еліміздің бас санитариялық дәрігерінің қаулысын негізге ала отырып, өткен жылдың сәуір айынан бастап коронавирус пандемиясына байланысты Достық үйі карантин режиміне көшті. Барлық мәдени-бұқаралық іс-шаралар, қайырымдылық акциялары, конкурстар, викториналар онлайн — режимде өткізіле бастады.
Аудандық Достық үйінде «Қазақ киіз үйі» және «Славянская изба» стилінде 2 мұражай кабинеті жұмыс істейді, онда әр түрлі көне экспонаттар мен ыдыс-аяқтар жинақталған. Мұражай бөлмелерінде «Қошқар мүйіз», «Құс қанат» қазақ ою-өрнектерінің құпия белгілерінің пайда болу тарихы, тағы да басқа ұлттық салт-дәстүрлерді таныстырып, насихаттау мақсатында бейнетүсірілімдер әзірленді. Сондай-ақ «Этноасхана» онлайн айдары жүргізіледі, онда этномәдени бірлестіктердің мүшелері көне ұлттық тағамдарды дайындау шеберліктерімен бөліседі.
Өткен жылы, Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы аясында, «Асыл әжелер» қазақ вокалдық тобы «Ұлы Дала ұрпақтары» онлайн — байқауына қатысып, «Киіз басу» әнімен марапатқа ие болды. «Башкуль» татар мәдени орталығы І Республикалық «Менің кіші Отаным» онлайн — байқауына қатысып, үшінші орынға ие болып, дипломмен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнін мерекелеу қарсаңында аудандық Достық үйінде Шәмші Қалдаяқов атындағы аудандық ІХ онлайн — фестиваль ұйымдастырылды, оған этномәдени бірлестіктердің мүшелері, ауданның ауылдық округтерінің өкілдері қатысты. Фестиваль жеңімпазы Instagram әлеуметтік желісіндегі «лүпіл» көмегімен анықталды, әрбір қатысушы алғыс хатпен марапатталды және естелік кәдесыйға ие болды.
— Мәні мен мағынасы келіскен тағылымды шаралардың ұйытқысы болып отырсыздар. Тағы қандай шаралар ұйымдастырдыңыздар?
— Негізі, мемлекетіміз үшін маңызды мерекелердің барлығының да ұйымдастырылуына, тойлануына өз үлесімізді қосамыз. Алғыс айту күнін мерекелеу қарсаңында Қазақстан халқы Ассамблеясының еріктілер қозғалысы орталығының белсенділері қайырымдылық акциясын ұйымдастырып, жалғыз басты жандардың ауласын қардан тазартты, сондай-ақ көп рет қолданылатын бетперделер таратты. Ал 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күнін мерекелеуге орай, Аналар кеңесінің бастамасы бойынша ұйымдастырылған қайырымдылық акциясында Кеңес төрағасы Руфия Ноғайшынқызы аудандағы аналарды құттықтады. «Башкуль» татар орталығының мүшелері зейнеткерлерге түрлі түсті орамалдар тарту етті. Масленица күндері славян этномәдени бірлестігінің белсенділері мүмкіндігі шектеулі балалар үшін «Күлкі сыйла» акциясын өткізді, аумақтық орталықта балаларға арналып мерекелік дастарқан жайылды.
Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 32 жыл толуына орай, славян этномәдени бірлестігінің мүшесі Людмила Шахворостова «Эхо Афганской войны» балладасын оқып, оған бейнеролик түсірілді. Айта кетсем, Л.Шахворостова Ауған соғысына қатысқан бесқарағайлық интернационалист жауынгерлер жайлы кітап жазған. Биыл Мемлекет басшысы Наурыз мейрамын кең ауқымда атап өтуді ұсынды. Достықтың дәнекеріне айналған үлкен үйіміз ұлық мейрамды мерекелеуге өз үлесін қосты. Қазақ бірлестігі «Наурыз, сәлем» онлайн — облыстық байқауына «Наурыз — Бейбітшілік пен келісім мерекесі» театрландырылған сюжет» номинациясы бойынша белсене қатысып, Instagram әлеуметтік желісінде онлайн дауыс беру арқылы бірінші орынға ие болды.
«Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, мерекелер легін ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен байланыстырудамыз. «Жүректен жүрекке», «Жақсылық жаса», «Көршіңе көмектес», «30 игі іс» акциялары ұйымдастырылды. Бұл акциялар игілікті істі жалғастыруға, халықтың әлеуметтік осал топтарына көмек көрсетуге бағытталған.
Сондай-ақ қазан айында «Мейірімділік» айлығы аясында Достық үйіне бекітілген зейнеткерлерді құттықтау игі дәстүрге айналған.
— Достық үйінің қарқынды жұмысы – ұжым белсенділігінің көрінісі іспетті…
— Достық үйі ауданның тыныс-тіршілігінен шет қалып көрген емес. Біздің шаңырақ аймақ бойынша өтетін шаралардың бел ортасынан табылады. Қазір белсенділердің негізгі контингенті — 60 жастан асқан адамдар. Олар Қарағайлы өлкені әлеуметтік-экономикалық және мәдени тұрғыда дамытуға, достықты, бірлік пен келісімді нығайтуға елеулі үлес қосқандары үшін Тұңғыш Президентіміздің Құрмет грамоталарымен, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына және 25 жылдығына арналған мерейтойлық медальдарымен марапатталған белсенді азаматтық ұстанымы бар адамдар. Басым көпшілігі — ауданымыздың құрметті азаматтары. Біз әрдайым зейнеткерлерді мерейтойларына орай құттықтап, ізгі тілектерімізді білдіріп, құрмет көрсетеміз.
Бізде «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы ашылған, онда егде жастағы жандар тоқу, кесте тігу үйірмелеріне қатыса алады, тағам дайындау құпиясымен бөліседі, денсаулықты жақсарту үшін скандинавиялық жүріс тарихын зерттейді, шахмат турнирлеріне қатысады. Instagram, Facebook әлеуметтік желілерінде, «Семей таңы» және аудандық «Біздің Бесқарағай» газеттерінде этномәдени бірлестіктер мүшелерінің мақалалары, пікірлері, құттықтаулары жүйелі түрде жарияланып тұрады. Белсенділеріміздің қызметі облыста үлгілі деп танылуы — біз үшін үлкен мәртебе.
— «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға қандай үлес қосып жатырсыздар?
— Достық үйінің басым бағыттарының бірі — «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру. Бұл мақсатта құрылған арнайы жоспар шеңберінде бірқатар жобалар іске асырылды. Атап айтсақ, «Туған жер» жобасы бойынша аудандық «Ақ орамал» шарасы ұйымдастырылды. Қайырымдылық айлығы аясында Аналар кеңесінің бастамасымен ауылдық округтерде «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлеріне құрмет көрсетуге арналған «Ана жүрегі» — «Сердце матери» атты іс-шара өткізілді. Шара барысында әрбір кейіпкер өмір жолы мен жеткен жетістіктері, сондай-ақ балалары, немере мен шөберелері, отбасылық құндылықтары жайлы сыр шертіп, көрермендердің қошеметіне бөленді.
Ал Халықаралық әйелдер күні қарсаңында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында «Beauty MAMA» қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды. Достық үйінің мәжіліс залы қайта жабдықталып, сұлулық студиясына сәйкес безендірілді. Тегін қызмет көрсетуге келіскен сұлулық салонының шеберлері шараға шақырылып, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған аналарға сұлулық сыйлады. Акцияның мақсаты да аналарға сұлулық пен көтеріңкі көңіл-күй, табиғатына сай нәзіктік сыйлау болатын.
— Достық үйі өзге өңірлердегі этномәдени бірлестіктермен байланыс жасай ма?
— Әрине, Семей қаласының «Возрождение» неміс қоғамдық бірлестігімен тығыз қарым-қатынастамыз. Қоғамдық бірлестік бірнеше рет гуманитарлық көмек ретінде мүмкіндігі шектеулі жандарға, көп балалы аналарға және ең төменгі зейнетақы алатын жалғызілікті зейнеткерлерге азық-түлік себетін сыйлады. Биыл алғаш рет пандемияға байланысты жұмыссыз қалған немістерге гуманитарлық көмек көрсетілді. Үйі өртке оранып, баспанасыз қалған жерлесіміз Владимир Гауфқа ақпан айында неміс этномәдени бірлестігінің мүшелері материалдық тұрғыда жәрдем жасады.
Республикаішілік қана емес, шет елдермен де байланыс жолға қойылған. Алтай өлкесінің Михайлов ауданымен және Павлодар облысының Лебяжі ауданымен достық қарым-қатынасты нығайту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды атап өту қажет. Ресей Федерациясындағы Ханты-Мансийск автономиялық округінің, Нижневартовск қаласындағы «DOSTAR» қазақ диаспорасының қатысуымен бірқатар іс-шаралар өткізілді. Соның бірі — Бесқарағай ауданында Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойының басталу салтанатына орайластырылған онлайн — телекөпір. Бесқарағай — Нижневартовск виртуалды байланысы достық пен бейбітшілікті насихаттауды, ынтымақтастықты одан әрі нығайтуды көздейді.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында «DOSTAR» қазақ диаспорасы әр түрлі диаспоралардың өкілдерін мерекелік дастарқанға шақырды. Іс-шарада Skype арқылы Бесқарағай аудандық Достық үйі құттықтау жолдап, «Қазақстан және Ресей» әнін шырқады. Сонымен бірге мереке құрметіне қазақ диаспорасы мұражайына Қазақстан халқы Ассамблеясының нышаны бар естелік сыйлық берілді. Ынтымақтастық пен достықтың көкжиегі мұнымен шектелмейді. Германия және Татарстанмен де онлайн — байланыс орнатылған. Осы байланыстың арқасында неміс және татар этномәдени бірлестіктерінің ұлттық бұрыштары экспонаттармен толықтырылады.
— Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында жерлестеріңізге деген жүрекжарды тілегіңіз…
— Сіздерді бейбітшілік пен өркендеудің символы болып табылатын шоқтығы биік мерекемен құттықтаймын!
30 жылдың ішінде еліміз береке-бірліктің арқасында түрлі қиындықты еңсеріп, бүкіл әлемнің құрметіне бөленді және мемлекет құру ісінде зор жетістікке жетті. Бейбітшілік пен қоғамдық келісім әрдайым елдігімізді бекемдейтін қастерлі құндылығымыз болып қала береді.
Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен құрылған еліміздегі бірегей институт — Қазақстан халқы Ассамблеясы барлық этнос өкілдерін мемлекет құрушы ұлттың төңірегіне топтастырып, тәуелсіздігімізді нығайтуға ықпал етіп келеді. Ассамблеяның арқасында ұлттар мен ұлыстардың өкілдері өз мәдениеттерін дамытып, ана тілі мен салт-дәстүрлерін сақтауға мүкіндік алды. Достық, бірлік, келісім мен тұрақтылық арқылы барлық қиындықтарды жеңіп, жаңа белестерді бағындыратынымызға сенімдімін.
Баршаңызға зор денсаулық, тамаша көңіл-күй, қажырлы еңбектеріңізге табыс, бейбіт өмір, шаңырақтарыңызға бақыт және молшылық тілеймін!
— Сұхбатыңызға рақмет!