Халық қалаулылары іске кірісті

Бесқарағай аудандық мәслихатының VIII шақырылымының бірінші  сессиясы өтті. Сессия жұмысына аудан әкімі Талғат Мұратов, аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары, аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Бауржан Баталов және құқық қорғау органдарының басшылары, жаңадан  сайланған дептутаттар қатысты.

Сессия барысында Бесқарағай ауданы мәслихатының төрағасын сайлау, мәслихаттың тұрақты комиссияларын құру, тұрақты комиссиялардың төрағаларын сайлау және депутаттық фракцияны тіркеу мәселелері қаралды.

Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы сайлау қорытыныларымен таныстырды. Аудандық мәслихатқа 11 депутат сайланса, олардың 11-і «AMANAT» партиясынан ұсынылғандар және 3-еуі өзін-өзі ұсынған кандидаттар. Халық қалаулыларының 7-еуі ер-азамат болса, 4-еуі нәзік жанды. М.Абылгазинова, А.Шамитов, В.Благих, Е.Кожкенов Н. Қалижанова, Т.Сұлтанов сынды VII шақырылым депутаттарына тұрғындар қайта үлкен сенім білдірген.

Жаңадан сайланған депутаттарға куәліктер табысталып, төсбелгілері тағылған соң Талғат Батырұлы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Депутаттар корпусының бір ауыздан қабылдаған шешімімен Бесқарағай аудандық мәслихатының төрайымы болып Мейрамгүл Абылғазинова тағайындалды. Сессия барысында екі тұрақты комиссия құрылды. Бюджет, экономика және аймақтық даму мәселелері бойынша  комиссия төрайымы болып Назымгүл Қалижанова сайланса, депутаттық өкілеттер, этика және заңдылық, әлеуметтік-мәдени даму мәселелері бойынша комиссияның төрағалығы Аслан Шамитовке сеніп тапсырылды.

Отырысқа арнайы шақырылған жетінші шақырылымның депутаттары Люция Хамитова мен Гүлжан Құрманғалиеваға депутаттық қызмет барысында белсенділік танытып, ауданның-әлеуметтік экономикалық дамуына қосқан үлестері үшін алғыс хат тапсырылды.

 

Ерболат Рахметулин

Мақаланы әлеуметтік желіге бөлісу
Біздің Бесқарағай