Семейде алғаш рет Абай облысы әкімінің жүлдесіне арналған ауыл спорт ойындары өтті. Өңірдің 10 ауданынан келген спортшылар ұлттық спорт түрлері, командалық ойындар бойынша сынға түсті.
Шараның ашылу салтанатына облыс әкімі Берік Уәли қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі. Өңірде бұқаралық спортты дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыты екенін атап өтті.
-Қазіргі таңда Абай облысында тұрғындар игілігі үшін 610 спорт нысаны жұмыс жасайды. Жыл сайын спортпен шұғылданатын азаматтардың саны артып келеді. Біздің мақсат – азаматтарға спортпен шұғылдануда қолжетімділікті қамтамасыз ету, жаңа спорт нысандарын салу. Тиісті қолдау арқасында облыста спорт қарқынды дамып келеді. 2023 жылы ұлттық құрама сапына 286 спортшымыз енсе, бұл көрсеткіш 2024 жылы 453-ке, ал 2025 жылы 474 спортшыға дейін ұлғайды. Бұл – үлкен жетістік, зор мақтаныш. Өңірімізде бұқаралық спортқа да баса назар аударылып отыр. Бүгінде 244 мың адам, яғни халықтың 40%-ы спортпен жүйелі түрде айналысады. Соңғы 3 жылда 11 жаңа спорт кешені пайдалануға берілді. Қазірдің өзінде тағы 6 спорт нысанының құрылысы жүріп жатыр. 2025-2028 жылдары облыста мұз айдыны, заманауи стадиондар, теннис орталықтары және ауылдық жерлерде спорттық модульдер мен дене шынықтыру залдарын салуды жоспарлап отырмыз,- деді аймақ басшысы.
Спорт ойындары үстел теннисі, тоғызқұмалақ және Президенттік көпсайыс, қазақ күресі, волейбол, шағын футбол, асық ату, гір көтеру, қол күресі, арқан тарту, көкпар, аударыспақ және теңге ілу секілді спорт түрлерінен өтті.
Жарысқа Бесқарағай ауданы атынан 75 ойыншы қатысып, өз шеберліктерін көрсетті.
Жерлестеріміз командалық есепте жоғары нәтиже көрсетіп, жүлделі орындарға ие болды. Қыздар құрамасы волейболдан – ІІ орын, көкпар сайысында – ІІІ орын, асық атудан – ІІІ орын алды.
Аудан абыройын арттырған жеңімпаз спортшыларымызды құттықтай отырып, алғысымызды білдіреміз!
Өз тілшіміз