АУДАНДА ҚЫСҚЫ ТАЗАЛЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ КҮШЕЙТІЛДІ

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы Бесқарағай ауданында жүйелі түрде жалғасып келеді. Қыс мезгілінің қытымыр аязы мен қарлы ауа райына қарамастан, аудан аумағында тазалық пен абаттандыру жұмыстары бір сәтке де тоқтаған емес. Әр ауылда қар тазалау, қоғамдық орындарды ретке келтіру, тұрғындарға көмек көрсету бағытындағы шаралар қарқынды жүргізілуде.

Қыс басталысымен-ақ Бесқарағай ауданының коммуналдық қызметтері күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Қазіргі таңда аудан бойынша қар тазалау жұмыстарына 14 арнайы техника жұмылдырылып, 100-ге жуық маман күнделікті негізде еңбек етуде. Нәтижесінде ауылішілік жолдар, әлеуметтік нысандардың аумақтары, жаяу жүргіншілер жолдары уақытылы тазартылып, тұрғындардың қауіпсіз әрі ыңғайлы қозғалысына жағдай жасалуда.

Акция аясында тек коммуналдық қызмет өкілдері ғана емес, аудан жастары мен мектеп оқушылары да белсенділік танытып отыр. Олар 21 жалғызбасты қарияға қолдау көрсетіп, ауласы мен үй маңын қардан тазалауға көмектесті. Бұл – тазалықпен қатар, адамгершілік пен қамқорлықты насихаттайтын игі іс.

Аудан әкімінің міндетін атқарушы Сұңғат Назаров «Таза Қазақстан» акциясының маңыздылығына тоқталып, оның қоғамды бірлікке үндейтін бастама екенін атап өтті.

– Ел көлемінде жүзеге асып жатқан бұл акцияға бесқарағайлықтар алғашқы күннен бастап белсенді қатысып келеді. Жаз айларында көшет отырғызу, абаттандыру, қоқыс шығару жұмыстарын жүргізсек, қыс мезгілінде қар тазалау ісін жалғастырып отырмыз. Бұл – ортақ жауапкершілік. Әр тұрғын туған жерінің тазалығына бейжай қарамай, өз үлесін қосса, ауданымыз одан әрі көркейе түседі, – деді ол.

«Таза Қазақстан» акциясы Бесқарағай ауданында тек экологиялық шара ғана емес, қоғамның әлеуметтік бірлігін нығайтатын маңызды бастамаға айналып отыр. Бірі – техникамен, бірі – еңбегімен, енді бірі – жанашырлығымен атсалысып, ортақ мақсат жолында жұмылуда.

Мұндай жүйелі жұмыстар ауданның санитарлық жағдайын жақсартумен қатар, тұрғындар арасында тазалық мәдениетін қалыптастырып, туған өлкені аялауға деген жауапкершілікті арттыра түседі. «Таза Қазақстан» – бүгінгі күннің талабы ғана емес, келер ұрпаққа қалдырар игі үлгі.

Мақаланы әлеуметтік желіге бөлісу
Біздің Бесқарағай