Бүгін облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев іссапармен Бесқарағай ауданына барды. Жұмыс сапары аясында бірқатар әлеуметтік нысандар мен шаруашылықтарда болып, мәдениет үйінде тұрғындармен жүздесіп, бесқарағайлықтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Облыс басшысы жұмысымен танысқан алғашқы нысан – Борас мектеп-балабақшасы. 2002 жылы балабақша ретінде бой көтерген ғимарат орын тапшылығына байланысты мектеп ретінде 320 орынға лайықталып, қайта жабдықталған. Екі қабатты ғимараттың бірінші қабатында 3-6 жас аралығындағы балаларға арналған 135 орындық балабақша орналастырылса, екінші қабатында өткен жылы 398 оқушы білім алды. Ағымдағы жылы 222 оқушы мектеп табалдырығын аттамақ. Орын тапшылығына байланысты жаңа мектеп салу мәселесі туындап тұр. Сонымен бірге, 20 жыл бұрын салынған ғимараттың төбесінен су ағып, күрделі жөндеуді қажет етуде.
Сапары аясында Нұрлан Ұранхаев пайдалануға берілгеніне 8 жыл ғана болса да апатты жағдайда тұрған «Айналайын» балабақшасына барды. Аудан басшылығының айтуынша, нысан сазды жерге салынғандықтан, су көтеріліп, едендері төмен түсіп, қабырғалары әр жерден жарылған. Қайта қалпына келтіру үшін 72 млн теңге қаржыны қажет етіп тұрған бұл балабақшаның ашылуын 90 бүлдіршін күтіп отыр. Айта кетсек, мердігер мекеменің кепілдік кезеңі 6 жыл бұрын аяқталыпты.
Сонымен бірге, аудандық мәдениет үйінде Бесқарағайдың киелі һәм шипалы жерлері, ақындары мен батырлары, жеңістері мен жетістіктері таныстырылып, жергілікті шаруалардың таза табиғи өнімі ұсынылды.
490 шаруа қожалығы, 24 ЖШС, 8 ауыл шаруашылығы кооперативі жұмыс істеп тұрған астықты өлке ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге қолайлы.
Содан соң облыс әкімінің қатысуымен өткен жиында аудан әкімінің міндетін атқарушы Бауыржан Баталов ағымдағы жылдың 6 айындағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер туралы есеп берді.
Ауылым бағдарламасы аясында
Сөз алған Нұрлан Тельманұлы береке-бірлігі жарасқан, көпұлтты аудан саналатын Бесқарағай ауызбіршілігінің арқасында әлі де жетістікке жететіндігіне сенім білдіріп, «Жаңа Қазақстанды» бірге құруға шақырды.
Жиында тұрғындар сауалы да тыңдалды. Сөз алған ата-ана оқу жылының басталуына екі апта уақыт қалғанда ауылдағы білім ошағы статусының өзгеруі қиыншылық тудырғанын айтты.
Мәселе төңірегінде пікір білдірген облыстық білім басқармасының басшысы Нұржан ев мәселеге оқушы санының азаюы себеп болғанын, мемлекеттік стандарт бойынша орта мектепте 90 оқушы болу керек болса, Башкөлде 65 қана білім алушы бар екендігін айтты.
Оқушы тасымалы немесе аудан орталығында мүмкіндіктері қарастырылатындығы айтылды.
Тұрғындар сауалының дені жол, жарық, мемлекеттік бағдарламалармен несие алу сынды өзекті мәселелерге бағытталды.
Кезекті кездесу Бесқарағай аудандық ауруханасында өтті. Аурухананың бас дәрігері Ерлан Саңқайбаевтың айтуынша, эпидемиологиялық ахуал тұрақты, жыл санап медициналық жабдықтау деңгейі артып, халық денсаулығын сақтауға мүмкіндіктер жасалып отыр. Тек нөсерлі күндері ғимарат төбесінен су ағатынын айтып, шатыр мен терезелерін жаңарту үшін жобалық-сметалық құжат әзірлеуге бюджеттен 6 млн. теңге бөлуді сұрады.
Облыс әкімінің сапары Бесқарағай колледжінде жалғасты. Жеті мамандық бойынша 73 студентке білім беріп жатқан колледж білім сапасы, студенттерінің жетістігі жөнінен алдыңғы қатарды. «Жақсыны көрмекке» демекші, игі бастамаларымен таныстырған колледж директоры Раим Нұрғалиев аспаз даярлау сыныбына құны 29,4 млн болатын жаңа құрылғы алуға қаржы қарастыруды сұрады.
Нұрлан Тельманұлының Бесқарағай ауданына сапары Қарағайлы ауылындағы «BA AgroGrup» ЖШС-нде жалғасты. Егін шаруашылығына негіздеген серіктестік 17,2 мың гектар дәнді және майлы дақылдар егіп, шаруасын шалқытып отыр. Жыл санап техникасын жаңартып жатқан үлкен серіктестік өткен жылы тұқым кептіргіш орнатса, биыл жұмысшылар үшін жатақхана тұрғызып жатыр. Ауданға тартылар инвестицияның жатрысына жуығы осы серіктестікке тиесілі.
Басты мәселелері – жер мәселесі. Егіс алқабын арттыруға ниет болғанымен жер тапшылығы қысып тұрғандығын тілге тиек еткен «BA AgroGrup» басшылығы мәселені шешіп беруді сұрады. Сауалға жауап берген облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Анзор Абаев пайдаланылмаған және мақсатсыз пайдаланылған жерлер анықталып жатқандығын, ол мемлекет меншігіне қайтарылып, конкурстық негізде қайта пайдалануға берілетіндігін мәлімдеді.
Нұрлан Тельманұлы ат басын бұрған соңғы нысан – Жыландыдағы 100 орындық мектеп. Ерте көктемде құрылысы басталған мектептің шатыры жабылып, жөндеу жұмыстары аяқталуға шақ қалған. 1 қыркүйекте пайлалануға берілетін білім ошағын «ЕвроТехСтрой-2003» мердігер мекемесі өз қаражатына салып жатыр. Құрылыс аяқталған соң құны 500 млн. теңге болатын нысан мемлекет меншігіне сатып алынады. Қазіргі таңда электр тоғын тарту мәселесі туындап тұр.
Жұмыс күнін қорытындылаған облыс әкімі Н.Ұранхаев мемлекет басшысының тапсырасын орындау мақсатында, халықтың әл-ауқатын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілетіндігін айтты.