Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Балалар жылы» деп бекітті. Президентіміз: «Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық – бұл біздің жалпыұлттық міндетіміз. Мен Мемлекет басшысы ретінде өскелең ұрпақтың болашағына баса мән беремін. Жастарға зор үміт артамын. Жастарымыз атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар мен реформалардың игілігін міндетті түрде көреді. Біз өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасауымыз керек», – деген болатын.
Б а л а л а р жылында атқарылатын игі шаралардың бірі – сауықтыру мәселесі. Елімізде ем-дом қажет ететін балалар өте көп. Сонымен қатар үнемі күтімді емді қажет ететін балалар бар. Ерекше балаларды қолдау, сауықтыру, қоғамға бейімдеу бағытында аудандағы «Бесқарағай аумақтық мүгедек балаларға, психоневрологиялық патологиясы бар 18 жастан асқан мүгедектерге және Семей ядролық сынақ полигонынан зардап шеккен азаматтарға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» жұмыс істеп тұр.
2012 жылы құрылған Аумақтық орталық бүгінгі күні 328 тұрғынға қызмет көрсетеді. Оның 24-і 18 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі бала болса, 83-і 1 және 2 топтағы психоневрологиялық патологиясы бар мүгедек, 221-і жалғызбасты қарт. Мұқтаж жандардың үйіне әлеуметтік қызметкерлер аптасына екі мәрте барады. Су тасып, отын дайындап,ас-ауқатын алуға жәрдемдеседі. Ауырған жағдайда ем-дом жасап, емханаға жеткізеді.
15 бала орталықтың күндізгі бөлімшесіне келсе, мекеме қызметкерлері 9 баланың үйіне барып қызмет көрсетеді. Балалар үшін көлік те қарастырылған. Беген, Қарабас, Канонерка ауылдық округтерінедегі балалар сол көлікпен тасымалданады.
Мүмкіндігі шектеулі жандардың алғысын алып жүрген орталықтың директоры – Ғалия Байқадамова.
-Біздің мекемеге балалар ауыр хәлде, әртүрлі диагнозбен түседі. Көпшілігіне орталыққа бірден үйренісіп кету қиынға соғады. Күнделікті келетін 15 баланың төртеуі ғана үйде оқиды. Ал, қалғаны оқымайды. Орталықтағы ең кішкентай бала 6 жаста,- деген Ғ.Байқадамова әлеуметтік орталық қолдауды қажет ететін бала мен ана мүддесі үшін нәтижелі жұмыс істеп отырғандығын тілге тиек етті.
Директордың айтуынша, мұнда күндізгі бөлімшедегі балалардың жеке ерекшеліктерін, мүмкіндіктерінің шектелу дәрежесін, физикалық және психикалық жай-күйін ескере отырып, жан-жақты дамуы үшін іс-шаралар жүргізіледі. Балаларға арнайы әлеуметтік қызмет көрсете отырып, гигиеналық сипаттағы жеке қызмет көрсетуде, қозғалыста, тамақ қабылдауда, мінез-құлқындағы және айналасындағы адамдармен қарым-қатынасындағы өзгерістерде, психологиялық және эмоционалды жағдайды нығайтуда, балаларды оқытуда оң өзгерістер байқалады.
-Науқастарды қарауда сұрауы бойынша күнделікті үздіксіз қызмет атқарамыз. тұрмыстық бағдар және қол шеберлігі, еңбек дағдыларын қалыптастыру, қол шеберлігі жұмыстарын орындау кезінде табандылықты қалыптастыру, қолдың ұсақ моторикасын дамытудың жалпы көрсеткіштері бойынша және шығармашылық қиял мен ойлауды дамытуға арналған жұмыстарды орындап, қызмет алушылардың шығармашылық белсенділіктерін арттыруға тырысамыз,- дейді орталықтың әлеуметтік қызметкері Әлия Серікпаева.
Дертпен күрескен ана мен бала үшін 10 жылға жуық уақыт қызмет етіп келе жатқан орталықтың қоғам өмірінде рөлі орасан.
— Отбасылық жағдайым бойынша, баламды осы мекемеге әкелуіме тура келді. Артынша, маған да осы жерден жұмыс табылды. 2019 жылдан бері мұнда қызмет етемін. Ана ретінде айтсам, бұл орталық біз сияқты ана мен балаға өте қолайлы. Медбике ретінде бұл орталықтың тамақ мәзіріне жоғарғы баға беремін. Себебі, балаларды барлық талапқа сай тамақтандырады. Мекемемізге педагогтар мен психологтар келіп тұрады. Балалармен біріге отырып, жұмыс жасайды.
Орталықта қызметкерлер жуыну, киіну деген қызметтердің бәрін үйретеді. Бұл орталыққа баласын алаңдамай алып келген ата-аналар жұмыс істеуге мүмкіндік алып отыр,- деді орталықтың медбикесі Зарина Калтаева. Орталықта балалар уақыт өткізіп, тамақтанып қана қоймай, педагог, психолог, логопед мамандардың көмегін алып, медбикенің қарауында болады. Баланың дамуына ерекше көңіл бөлетін орталықта болғанымызда әлеуметтік қызметкерлердің жауапты жұмысына сәттілік, балаларға денсаулық тіледік. Әрбір бала бақытты болуға лайықты…
Әйгерім СӘРСЕНҚАЛИ