Абай облысында мемлекеттік және жеке ұйымдар арасында сапалы қызмет көрсетуді дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған «Үздік сапалы қызмет көрсетуші» өңірлік конкурсының жеңімпаздары анықталды. Байқаудың басты мақсаты – аймақта көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру, қызмет көрсетуші ұйымдардың жұмысын ынталандыру және халыққа үлгі ету.
Аталған байқауда «Сервистік қызмет көрсетуші» номинациясы бойынша Бесқарағай ауданының мансап орталығы екінші орынды иеленді. Бұл – аудан көлеміндегі қызмет көрсету сапасының жоғары деңгейде екенін айқындайтын нақты көрсеткіш.
Мансап орталығының ұжымы жұмыссыздықпен күрес, халықты жұмыспен қамту, кәсіби бағдар беру мен кеңес қызметтерін сапалы ұйымдастыру бағытында жүйелі түрде жұмыс атқарып келеді. Аталған байқауда орталықтың нәтижелі жұмысы әділқазылар тарапынан жоғары бағаланды.
– Бұл жетістік – ұжымымыздың күнделікті тынымсыз еңбегінің жемісі. Біз үшін басты міндет – тұрғындарға сапалы әрі қолжетімді қызмет көрсету, – дейді орталық басшысы.
Айта кетейік, «Үздік сапалы қызмет көрсетуші» байқауы Абай облысы бойынша жыл сайын өткізіліп, үздік деп танылған мекемелердің тәжірибесі басқа ұйымдарға үлгі ретінде ұсынылады.
Барша аудан тұрғындары атынан Мансап орталығының қызметкерлерін шын жүректен құттықтаймыз!